Жаңалықтар

Жер сілкінісіне қалай дайындалу керек? Мамандар кеңесі

Жер сілкінісіне қалай дайындалу керек? Мамандар кеңесі
Фото: © Reuters 23.01.2024 12:49 1586

Сейсмикалық аймақтар туралы көпшілік біледі, бірақ жер сілкінісінің нақты қай уақытта болатынын дөп басып айту қиын. Есесіне ондай жағдайға алдын ала дайындалуға болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Егер сіз жер сілкінісі жиі болатын аймақта өмір сүрсеңіз, үйіңізде «қауіпсіздік чемоданынын» сақтағаныңыз жөн, - дейді Лондондағы Империялық колледж сейсмологы доктор Стивен Хикс.

Ол өзіңмен бірге су қоры, қолшам, алғашқы көмек жинағы мен аздаған тамақ қоры болуы керектігін алға тартады. Қызыл жырты ай мамандары бұл чемонданда құжаттарыңыздың көшірмелерін және қолма-қол ақшаны сақтауға кеңес береді.

Егер ғимарат құламаса, соның ішінде қалған жөн

АҚШ-тың Геологиялық қызмет өкілдері жер сілкінісі кезінде құламаған ғимараттың ішінде қалу өміріңізді сақтауға әсер етуі мүмкіндігін айтады.

Америкалық сейсмологтардың жиі қолданатын ұраны да бар: жатыңыз, жамылыңыз және қимылдамаңыз. Дәл атыс кезінде сақталуы керек талаптар секілді.  

Тізерлеп жатып, қолыңызбен еденге тірелу арқылы өз-өзіңізді құлаған қирандылардан сақтауға мүмкіндік аласыз, одан қалды әрі-бері қозғалуға да кедергі келмейді.

Үстел не кереует астында қалу арқылы да басыңызға төнетін қауіптен сақтануыңыз мүмкін.

Көпшілік арасында есіктің жақтауы да қорғаныс болады деген пікір бар, бірақ бұл тек ескі үйлерге қатысты екенін ұмытпаңыз, қазіргі есіктердің жақтаулары да көбіне әлсіз келеді, сондықтан орнында нық тұрған үстелдің астына тығылу қауіпсіздеу болады.

Ал терезелер мен үйдің сыртқы жағы бірінші болып қирайды, олардан аулақ тұрыңыз.

Сыртқа шығу

Бастапқыда айтылған кеңеске қарама-қарсы пікір секілді көрінгенімен, зілзала тоқтаған соң сыртқа шыққан жөн, себебі үйіңізге зақым келген болса, оның қирап қалу қаупі зор.

Жер сілкінісінің аяқталғанын қалай білуге болады? Өкінішке қарай, зілзала кезінде бұл сауалға нақты жауап беру қиын.

Егер далада жүргенде жір сілкінісі басталса, онда ешқайда жүгірмеңіз, орныңызда қалыңыз, - дейді сарапшылар.

Дегенмен ғимараттың, электр жарығы өтетін желілердің, кәріз люгінің, газ құбырларының, жанармай құю бекеті немесе өзге де қауіп тудыруы мүмкін нысандардың қасында тұрсаңыз, тәуекелді азайту үшін ашық жерге кетуге тырысыңыз.

Зілзала сіз көшеде жүргенде басталса, басыңызға құлап кететін заттардың болмауын қадағалаңыз.

Қауіпті заттардан алыс тұрыңыз

Статистика бойынша, зілзала кезінде адам өлімі үйдегі күнделікті қолданыстағы: теледидар, жарықшамдар, терезе немесе айна, кітап шкафтары секілді қарапайым заттардың басқа түсуінен де жиі болады екен.

Сондықтан жер сілкінісі қаупі бар аймақтарда тұратын адамдар мұндай заттарды қабырғаға немесе еденге бекітіп қойғаны дұрыс.

Одан қалды жарылған газ құбырларынан сақтануды ұмытпаңыз. 1906 жылы Сан-Францискода болған жер сілкінісі кезінде көз жұмғандар саны 3 мыңнан асқан еді.

Солардың көпшілігі ғимараттардың қирауынан емес, газ жарылысынан қайтыс болды, - дейді Лондон колледжінің докторы Хикс.

Оқу-жаттығу жиындары

Доктор Хикстің айтуынша, жер сілкінісіне арналған оқу-жаттығудың маңызы зор.

Көптеген елде тұрғындар түгелдей қатысатын оқу-жаттығу жиындары өтеді. Мұның маңызы зор. Өкінішке қарай, Түркияда бұл мәселе ескерілмеген, соның салдары қайғылы жағдайға ұласты, - деді ол.

Өкінішке қарай, Алматыдағы жер сілкінісі де халықтың мұндай жағдайға дайын еместігін көрсетті. Сондықтан құзырлы органдар осы мәселені ескереді деп үміттенеміз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға