Жаңалықтар

Жер сілкінісі: Ерболат Досаев Алматыдағы ғимараттарға зақым келмегенін айтты

Жер сілкінісі: Ерболат Досаев Алматыдағы ғимараттарға зақым келмегенін айтты
Фото: t.me/KZgovernment 05.03.2024 10:37 778

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жер сілкінісі кезінде тұрғындарға қандай көмек көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2024 жылы 4 наурызда сағат 11:22-де Алматы қаласында жер сілкінісі тіркелді.

Сағат 11:30-да менің басшылығыммен Алматы қаласы төтенше жағдайларды жою жөніндегі жедел штабы жұмысын бастады. Барлық инфрақұрылым және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін кешенді штаттық режимде жұмыс істеді және бүгін де жұмысын жалғастырып жатыр. Жедел штабтың шешімі бойынша сағат 11:40-тан бастап қалада бекітілген 384 қабылдау пункті орны орналастырылды, - деді Алматы қаласының әкімі.

Ерболат Досаевтың сөзінше, Алматыдағы 384 қабылдау пунктінде сағат 15:00-ге дейін 1962 адам, оның ішінде 714 бала келді. Сағат 16:00-ден бастап жедел штабтың хабарламасынан кейін қабылдаудағы адамдар үйлеріне орала бастады. Сағат 23:00-дегі жағдай бойынша қаладағы 242 тұрғын, оның ішінде 93 бала түнеп қалды. Ал бүгін таңертең сағат 08:00-де барлық тұрғын қабылдау пункттерінен шығып кетті.

Қазіргі таңда қаладағы мектептер, балабақшалар және ЖОО штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

Азаматтарды жинау пункттерінің жұмысын қамтамасыз етуге аудан әкімдері мен құтқару қызметі болжалды. Қабылдау пункттеріне келген қала тұрғындарына ұйықтайтын керек-жарақпен, сусынмен және тамақпен қамтамасыз етілді. Барлық қабылдау пункттерінде полиция және төтенше жағдайлар қызметкерлерімен кезекшілік ұйымдастырылды, - деді Досаев.

Сондай-ақ 4 наурыз сағат 11:24-те қаладағы метрополитен станцияларында барлық жылжымалы құрамдар тоқтатылған. Мамандар туннельдерді тексеру бойынша жұмыстар жүргізді. Оның барысында метро аймағында зақым тіркелмеді. Сағат 16:30-да Алматы метрополитен өз жұмысын штаттық режимде қайта бастаған.

2024 жылы 4 наурызда сағат 12:30-дан бастап зардап шеккен бір адам қалалық стационарға жеткізілген.

Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаменті, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу институты және қала құрылысын бақылау басқармасының мамандары қаладағы барлық қоғамдық ғимараттарды және өтініштер бойынша басқа да объектілерді тексерді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға