"Жеңісті бермеді": Нұрлыхан Шархан Линц Гран Приінде жүлдесіз қалды

Аустрияның Линц қаласында өтіп жатқан Гран При турнирінде қазақстандық дзюдошы Нұрлыхан Шархан ширек финалда есе жіберді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Шешуші белдесуде Нұрлыхан Шархан венгриялық Кристиан Тотпен кездескен еді. Алайда отандасымыз қарсыласын таза жеңгеніне қарамастан, төреші оның нәтижелі әдісін есепке алған жоқ.
Осылайша қазақстандық дзюдошы жұбаныш белдесуінде Израиль өкілі Иосиф Симинмен күш сынасуға мәжбүр болды. Өкінішке қарай, қызылордалық дзюдошы соңғы мүмкіндігінде жүлде үшін күресу мүмкіндігін жіберіп алды.
Бұдан бөлек, қазақстандық дзюдошылар арасында жарыстың үшінді күнінде -90 келіде Мейірлан Максим 1/8 финалда жапониялық Рику Окададан жеңілсе, +100 келіде Жантілек Нұртілепұлы алғашқы белдесуінде грузин дзюдошысы Шалва Гурешидзеге жол берді.
Ал әйелдер арасында +78 келіде Ақерке Рамазанқызы да алғашқы белдесуде франциялық Грейс-Эстер Миенанди Лахуден айласын асыра алмады.
Аустриядағы дәстүрлі турнирге елімізден 14 дзюдошы барған болатын. Бірақ, 48 келіде Абиба Әбужақынова (48 кг) ғана өз салмағында топ жарып, жарыс жеңімпазы атанды.
