Жеңіс Қасымбек Астананы жылыту жұмысы қалай жүріп жатқанын айтты

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданы жылумен қамтамасыз ету жұмысы туралы мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әкімнің сөзіне қарағанда, құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3-ті іске қосу үшін үлкен жұмыс атқарылған.
Аталмыш жылу электр орталығындағы төрт қазандықтың бәрі іске қосылды. Бұл қаланы 440 Гкал/сағатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. ЖЭО-3-тің бірінші кезеңінің құрылысы қазан айында аяқталды. Нысан осы кезден бастап қалаға жылу беруді бастады. ЖЭО-3 сол жағалаудың бір бөлігін және құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жаңа аудандарды жылумен қамтиды, - делінген мәліметте.
Сонымен қатар жаңа нысандарда жаңа қуатт іске қосылған.
Мәселен, жаңа «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясын алайық. Бұл газ жылу станциясы «Бағыстан», «Мыңжылдық аллеясы» тұрғын үй кешендері аудандарын, қаланың сол жағалауын жылумен сенімді қамтамасыз етеді. Осы жылдың соңына дейін станцияны 350 Гкал/сағ максималды қуаттылыққа дейін жеткізу бойынша іске қосу жұмысы жалғасады, - деді Қасымбек.
Ал желтоқсан айында қуаттылығы 350 Гкал/сағ болатын «Тұран» газ жылу станциясының 1-кезеңі іске қосылмақ. Әкім осы арқылы үш нысанның күші 1140 Гкал/сағ құрайтынын алға тартты.
