Жеңілдікпен дәрі-дәрмек алудың жолы қандай?

Еліміздегі емханаларда биометриялық жүйе енгізіліп жатыр. Басты идея - биометриялық деректер науқастардың тегін дәрі-дәрмек алуға құқығын растауға көмектеседі. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі елімізде жеңілдікпен берілетін дәрілерді алудың ережелері жайлы зерттеп, биометрия мен QR-код туралы ақпарат ұсынып отыр.
Жыл басынан бері Қазақстан емханаларында жаңа ережелер күшіне енді. Мәселен, биометриялық деректер жүйесі енгізіліп жатыр. Пилоттық режимде өткен жылдан бастап Астанадағы 48 медициналық мекемеде Face ID жүйесі қолданылады. 2025 жылы бұл жүйе Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты барлық мекемелерде енгізілуі тиіс. Ведомство өкілдерінің айтуынша, «бет-әлпет бойынша» пациентті тану жүйесі ыңғайлылықты арттырып, сыбайлас жемқорлықты азайтады.
Тағы бір жаңалық – дәрі-дәрмектерді QR-код арқылы беруді қарастыратын «Әлеуметтік әмиян» жобасы. Бұл жобаға еліміз бойынша 700-ден астам медицина ұйымы қатысады және 1,7 миллионнан астам рецепт бойынша дәрі берілген.
Тегін дәрі-дәрмектерді қалай алуға болады?
Емханада биометриялық жүйе енгізілмесе, сондай-ақ ол мекеме «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі беру жобасына қатыспаса, бұрынғы алгоритм сақталады:
- Ең алдымен, тіркелген емханаңыздағы учаскелік дәрігерге бару керек;
- Дәрігер қажет дәрінің атауы көрсетілген рецепт жазып береді;
- Рецепт және жеке куәлікпен тіркелген емханадағы дәріханаға барып, дәріні алады.
«Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі алу жолы қандай?
«Әлеуметтік әмиян» қызметін пайдалану үшін eGov Mobile қосымшасын App Store немесе Play Market-тен жүктеп алу қажет.
Ол үшін:
- Қосымшада «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» бөліміне кіріп, өз рецептіңізді табыңыз;
- Рецепттің QR-кодын дәріханада көрсетіңіз;
- Медбике QR-кодты сканерлейді де, дәріні қолыңызға береді.
Қағаз рецепті сақтаудың қажеті жоқ. QR-код әрқашан телефоныңызда болады. Денсаулық сақтау министрлігі бұл жүйе дәрілік қамтудың қолжетімділігін және ашықтығын қамтамасыз етіп, заңсыз айналым мен бұрмалаушылықты болдырмауға көмектесетінін айтады.
Жүйенің артық тұстары:
- Алынған дәрілердің толық тарихына қолжетімділік;
- Қызмет сапасына баға беру мүмкіндігі;
- Пікір қалдырып, фото/видео қоса аласыз;
- Төмен баға берілген жағдайда автоматты түрде мемлекеттік органға шағым жолданады.
Face ID қалай жұмыс істейді?
Face ID – пациенттің бет-әлпеті арқылы жеке басын сәйкестендіретін жүйе. Бұл қызмет әсіресе «Әлеуметтік әмиянды» пайдалану қиынға соғатын қарт адамдарға арналып жасалған-тын.
Ол үшін:
- Емханаға келгенде медбике орнатқан веб-камера көмегімен Face ID арқылы сәйкестенуден өтесіз;
- Жүйе таныса, қажетті дәрі-дәрмек қолыңызға беріледі.
Егер жүйе сізді танымаса, eGov қосымшасына кіріп 6 таңбалы кодты айтуға немесе жеке куәлікті көрсетуге болады. Сонда қағаз рецепт негізінде дәрі аласыз.
Барлық емханада цифрлық қызметтерді пайдалану жөніндегі нұсқаулықтар ілінеді.
Қажетті дәрілер болмаса қайда хабарласу керек?
Тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселелері бойынша «СК-Фармация» байланыс орталығына 1439 қысқа нөміріне қоңырау шалуға болады. Қоңырау шалу ұялы және қалалық нөмірлерден - тегін.
Орталықтан дәрі-дәрмек қоры, жеткізу мерзімдері мен көлемдері туралы барлық ақпаратты алуға болады. Байланыс орталығы дүйсенбі-жұма күндері 9:00–18:30 аралығында жұмыс істейді.
Қандай дәрі-дәрмектерді тегін алуға болады?
Бүгінгі таңда амбулаториялық деңгейде тегін дәрілермен қамтамасыз етілетін ауру-сырқаулар саны:
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (ОСМС) аясында – 127;
- Мемлекеттік кепілдік берілген тегін медициналық көмек (ГОБМП) шеңберінде – 54.
Тегін берілетін дәрі-дәрмектерге жүректің ишемиялық ауруы, гипертония, COVID-19, қант диабеті, эпилепсия, туберкулез, ВИЧ, онкологиялық аурулар және т.б. жатады.
Тегін және жеңілдікпен берілетін дәрілер мен медициналық бұйымдардың толық тізімімен sk-pharmacy.kz сайтында танысуға болады.
