Жаңалықтар

Жемқорлық туралы хабарлағандарға сыйақы берілді

Жемқорлық жағдайлары туралы хабарлаған адам ақшалай қаражатпен марапатталады және мемлекеттің қорғауында болады
Жемқорлық туралы хабарлағандарға сыйақы берілді
Фото: baq.kz 01.12.2022 14:40 1784

Маңғыстауда жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған төрт азамат 800 мың теңге көлемінде сыйақы алды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Биыл сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған төрт азамат сыйақы алды. Олардың берген ақпараты негізінде қылмыс ашылып, сот үкімі күшіне енген соң комиссия шешімімен сыйақы тағайындалды. Осы азаматтар хабарлаған деректер ауырлығы орташа және ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істердің санатына жатады», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Зульфия Абишаева.

Сыбайлас жемқорлық жағдайлары туралы хабарлаған адам ақшалай қаражатпен марапатталады және мемлекеттің қорғауында болады.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарға біржолғы ақшалай сыйақы мөлшері былай есептеледі:

- сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК;

- онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК;

- ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК;

- ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК;

- аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК.

Пара немесе келтірілген залал сомасы 1000 АЕК-тен асатын болса, біржолғы ақшалай сыйақы көрсетілген соманың 10 % құрайды, бірақ 4000 АЕК-тен аспайды.

Сыйақы сот үкімі шыққаннан кейін төленеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға