Желтоқсан көтерілісі туралы біз көріп жүрген видеолар қалай түсірілді
Тәуелсіздік күнінде еліміздегі ақпарат құралдары кеңінен қолданатын Желтоқсан көтерілісі түсірілген видеолар үшін сол кездегі телевизия мамандары өз басын тәуекелге тіккенін білесіз бе? Өйткені ол уақытта «наркомандар мен алқаштар ұйымдастырды» деп айыпталған көтерілістің шынайы видеоларын түсіру ауыр қылмыс болып саналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Видеоның қалай түсірілгені туралы ақпаратты әлеуметтік желідегі парақшасында жазған Ләззат Ахатова бұл ерлікті Сағат Әшімбаев, Рубикжан Яхин, Рабат Жәнібеков жасағанын айтты.
1986 жылдың 17 желтоқсанында сол кездегі телевизия басшысы Сағат Әшімбаев режиссер Рубикжан Яхинге телефон соғып, «Алаңда не боп жатқанын көрдің бе, соны түсіру керек, ертеңгі күні құнды тарихи материал болады,» - деп тапсырма береді. Алаңдағы қырғынды түсіріп жатқанда, Рубикжан Яхинды комитеттің адамдары байқап, ұстап әкетеді. Телеарнаға әкеліп, бүкіл түсірілген лентаны тапсыруын талап етеді. Комитет қызметкерлері соны айтып, кабинеттен шығып кеткенде, Рубикжан Яхин лентаның жартысын тез қырқып алып, қалтасына жасырып, салып алады. Қалған жартысын комитетке береді.
Онысын Сағат Әшімбаевқа айтқанда, «тез маған әкеліп бере ғой», - депті.
Сол кезде ол кісінің өзі де қудалана бастап, лентаны Рабат Жәнібеков деген қызметкеріне аманаттайды. Ол кісі ауылды жерде тұратын түрік танысының үйіндегі есік алдындағы топыраққа көміп тастаған. Ол таспа сол көмілген күйі бес жыл жатыпты. Бес жылдан соң Сағат Әшімбаевтың жұбайына табыстайды.
Міне, нағыз ерлік пен биік адамдықтың, патриоттықтың үлгісі. Бағаланса, марапатталса, тәуелсіздікке қатысы бар осындай тұлғалар құрметтелу керек еді. Мұндай ерлік ұмытылмау керек еді,- деп жазды ол.
Сағат Әшімбаевтың жары Шәрбану Бейсенова архивінде бес жыл сақтап, желтоқсанға байланысты деректі фильм түсіріп бастағанда берген екен. Біздің қазіргі көріп жүрген кадрларымыз осындай жанкештілікпен сақталған.