Жаңалықтар

Желідегі кибербуллингтен қалай қорғанған дұрыс?

Желідегі кибербуллингтен қалай қорғанған дұрыс?
10.01.2022 12:44 7213

2022 жылды Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» - деді өз сөзінде. Алайда, ғаламторды қолдану аясы кеңейген сайын ақпараттық кеңістікте адамның қауіпсіздігіне де қатер тудыратын терминдер пайда болды. Мәселен, интернеттегі кибербуллинг баланы өз-өзіне қол жұмсауға дейінгі жағдайға жеткізген мысалдар бар. Елімізде осы қорқынышты қарудың құрбандары күн сайын көбейіп барады. Кибершабуылға тап болған жасөспірім не істеуі керек? Ата-аналар балаларының қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеді? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде жауап іздеп көрген едік.

Кибербуллинг дегеніміз не?

Ресми дерек көздеріне сүйенсек еліміздегі 11-15 жастағы жасөспірімдердің 12%-ға жуығы – осы кибербуллингтің құрбандары. Кибербуллингті қарапайым тілмен айтқанда ғаламторда әлеуметтік желі мен мессенджерде электронды құралдар арқылы қорлау немесе қудалау. Жеке басына тиісу, қорқыту, кекету, бөлектеу немесе адамның түр тұлғасын кемсіту. Бұл қасақана агрессияға толы әрекеттердің бір түрі. Салдары қорқынышты, өйткені өзгелердің өзіне қарсы күнде жазған қорлық сөздері, тәртіпсіз тіркестерді оқыған балалар ішінде суицидке барғандары да аз емес. Себебі, әлеуметтік желідегі қудалауға көбіне психологиясы әлі қалыптаса қоймаған жас буын ұшырайды.

Желідегі кибербуллингтен қалай қорғанған дұрыс?

Күресу жолдары қандай?

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі тренері, әлеуметтанушы Халида Әжіғұлованың айтуынша, әлемнің жиырма бір елінде балаларды ғаламторлық қысымнан қорғайтын заң бар. Ал біздің елде 2020 жылы 1 маусымда бекітілген «Балаларды кибербуллинг және өзге зорлық түрлерінен қорғау» туралы бағдарлама ғана бар. Дегенмен, бұл жағдайды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді. Балалар құқығын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту керек», деп атап көрсеткен. Демек, қазір балалар арасындағы буллингке қарсы тұратын заң жоқ десек те болады.

Мамандар кеңесі

Жалпы, «Жасөспірімдерді әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуге болады?» -деген сауалымызға ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы, Мақұлбекова Ақмарал Ерғазықызы негізгі бес пунктті атап, былай деп жауап берді.

Желідегі кибербуллингтен қалай қорғанған дұрыс?

1. Ата-ана балаларға кибербуллингті қалай анықтауға болатынын және не істеу керектігін, қауіпсіз интернет ережелерін үйрету керек. Олар мыналар:

• Интернетте танымайтын адамдармен жеке ақпаратты бөліспеу.

• «Онлайн» достардың кім екенін білу. Егер сенің онлайн досың шынайы өмірде кездесу туралы ұсыныс жасаса, ата-анаңа хабарлау керек.

• Танымайтын адамдардан құжаттар, фотосуреттер мен бейнелерді қабылдамау.

• Кибербуллердің онлайн хабарламаларына жауап бермеу. Оны блокқа қой немесе сайт әкімшілігіне оны блокқа қоюды сұрап, хабарлама жазып жібер (скриншотты қоса тіркеп).

• Басқа балалардың кибербуллингіне қатыспа. Оффлайн немесе онлайн буллинг жасама. Буллингке буллингпен жауап берме.

• Егер саған қатысты буллинг әрекеттерін байқасаң, міндетті түрде өз ата-анаңа хабарла.

2. Балаға онлайн режимде өткізетін уақытты шектеулердің маңыздылығын түсіндіріңіз.

3. «Ата-аналық бақылау» функцияларын орнатыңыз.

4. Балаларыңыздың немен айналысатына, көңіл-күйіне қызығушылық танытыңыз, олармен жақын қарым-қатынас орнатыңыз.

5. Интернеттегі ойындар мен бағдарламаларға арналған PEGI рейтингтеріне назар аударыңыз.

Нұр-Сұлтан қаласындағы №75 мектеп-гимназиясының мектеп психологы, Виктория Сергеевнаның ата аналарға кеңесі.

Бірінші кезекте кез-келген ата-ана баласымен ашық әңгіме жүргізіп, жиі контактіде болуы керек. Біз мектеп психологы ретінде балалармен үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Бірақ, ата-ана баласының мінез-құлқының өзгергенін, оғаш қылықтарын бірден байқайды. Сондықтан құрметті ата-аналар, егер балаңыз мектепке барғысы келмесе, үнемі уайымға түсіп оқшауланса, үйден қашып кетуге тырысса, жиі ақша сұраса немесе ұрлық жасаса ғаламторды немесе гаджеттерді қолдануға үрейленсе балаңызды бірден әңгімеге тарту керек. Балаңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұмытпаған жөн. Себебі қорғансыз жасөспірім қорыққаннан өзіне қысым жасалып жатқаны жайлы ешкімге тіс жармауы мүмкін.

Мен кибершабуылдың құрбанымын...

Иә, барлық достар бір бірімен қалжыңдасады. Бірақ, кейде шектен тыс шығып жататын жағдайлар да орын алады. Әсіресе интернетте біреу көңіл көтеріп жатыр ма? Әлде жанынды жаралауға тырысып жатқанын нақты дөп басып айту қиын. Осындай кибербуллингтің құрбаны болған аты-жөнің жарияламауымызды сұраған елорда тұрғыны 1 жыл бойы өз сыныптастарының мазағына айналып, мектепте де әлеуметтік желіде де қысым көргенін айтты. (Кейіпкер есімін атамауымызды өтінді).

Мен былтыр бұл мектепке отбасылық жағдайларға байланысты ауысып келген болатынмын. Сыныптағы балалармен араласып кету маған үлкен қиындық тудырды. Жалпы өзім табиғатымнан ұяңдаумын, бірден барып танысып араласып кете алмаймын. Содан болар мені сыныптағылар бөлектей бастады. Басында уақытша деп ойладым, алайда арада біраз уақыт өтсе де олар бұл әрекетін доғарған жоқ. Сабақта жауап берсем, келеке етіп, қате іздеп отыратын. Әлеуметтік желілелердегі ортақ чатта үнемі мазақ қылатын. Осындай әрекеттердің әсерінен оқуға деген ынтам жоғалды, мектепке өзімді қинап баратын болдым. Одан сайын тұйықталып, ешкіммен араласпайтын жағдайға жеттім. Алайда анам бойымдағы өзгерісті дер кезінде байқап, оқиғаның мән-жайын сұрады. Кейін мектеп психологы балалардың ата-аналарына хабарлап, мәселе ушықпай оң шешімін тапты. Отбасым байқамағанында қандай жағдайға тап болатынымды ойлаудың өзі қорқынышты.

Түйін

Кибербуллинг кімнің қандай тәрбие алғаның айғақтайтын барометр. Желіде желігіп жеке адамның түріне, киімінен мін іздеп отыратындар өзгені мұқаттым деп ойлайтын шығар. Алайда, бұл келте ойлайтын адамның ойы. Өйткені дәлелсіз айыптау, мұқату, түр тұлғасын келемеж ету, ақылды адамның әрекеті емес.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға