Жаңалықтар

"Желге ұшқан 53 млн теңге". Павлодарда миллиондарға салынған мұз қалашық еріп кетті

"Желге ұшқан 53 млн теңге". Павлодарда миллиондарға салынған мұз қалашық еріп кетті
Фото: Видеодан кадр 27.12.2023 09:31 1626

Құрылысына 53 млн теңге бөлінген Павлодар қаласындағы мұз қалашығы тұтастай еріп кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева qazaqstan.tv тілшісіне берген сұхбатта Ертіс жағасында мұздан қалашық құйылатынын айтқан.

Оның құны 53 млн теңге. Сырғанақ, ертегілер кейіпкері бәрі сол жерде болады. Одан басқа қаланы безендіру үшін 80,5 млн теңге қаржы жұмсалады. Бүркіт пен шаңырақ бейнесіндегі әсем фигураларды қойып самаладай жарқыраған шамдармен безендіреміз, - деген әкім орынбасары.

Алайда толассыз жауған жаңбыр мен ауа райының күрт жылынуынан мұз қалашықтың ізі де қалмады. Ал, ауа райын болжау орталығы өңірде қыс қарсыз, жылы, жаңбырлы болатынын екі ай бұрын хабарлап, ескерту жасаған.

Мәселен, күн райы +3 градусқа дейін жылып кетті. Алдағы күндері тіпті, қаңтар айында да, күн жылы болатындығы көрсетілген.

Сондықтан дәл биылғыдай жылымыққа қарамастан жаңа жылды мерекелеуге 185 млн теңге бөлген жергілікті әкімдіктің әрекеті көпшілік тарапынан сынға ілікті. Ал құқық қорғау органдары қаржылық талдау жасалып, тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға