Жаңалықтар

«Жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң» жобасы Мәжілістің қарауына енгізілді

Халыққа пайдасы тиетін, ауыртпашылық түсірмейтін оң тұстары ескерілген
«Жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң» жобасы Мәжілістің қарауына енгізілді
Фото: naryk.kz 01.12.2022 14:01 1464

Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысы қаңтарда жеке тұлғаларды банкрот деп тануды көздейтін заң жобасын әзірлеу туралы үкіметке тапсырма берді. Қазіргі кезде Қаржы министрлігінің бастамасымен заңнама әзірленді. Ведомство басшысы аталған заң жобасын әзірлеуге себеп болған – халықтың шамадан тыс кредиттік ауыртпалықтары мен жалпы азаматтардың едәуір бөлігі өздерінің қаржылық жағдайларының нашарлауымен бетпе-бет келгендігі деді.

«Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 1,4 млн адамның жалпы сомасы 1 450 млрд теңгені құрайтын 90 күннен астам мерзімі өткен несиесі бар. Осы санаттағы азаматтардың жағдайын жақсарту үшін заңнама әзірленді. Бес жылдан астам қарыздарына қызмет көрсете алмайтын тұлғалардың саны 504 млрд теңге сомасында 365 мың адамды (бұл 28%) құрайды. Жоғарыда келтірілген статистикалық мәліметтер халықтың проблемалық қарыздарын заңнамалық реттеу қажеттілігін көрсетті. Заңнама мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс тобын құру арқылы жасалды. Оны әзірлеу барысында өзге елдердің тәжірибесі қаралып, халыққа пайдасы тиетін, ауыртпашылық түсірмейтін оң тұстары ескерілді. Қазіргі кезде құжат Мәжілістің қарауына жіберілді», - деді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Брифингте 4,9 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алатындығы айтылды. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі аукционда сатылуға жатады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады.

Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға