Жаңалықтар

Жедел жәрдем уақытында жетіп жүр ме? Жауапты мамандардың бір күні

Жедел жәрдем уақытында жетіп жүр ме? Жауапты мамандардың бір күні
Фото: El.kz/Арман МҰХАТОВ 28.09.2023 11:00 2341

Түрлі себептермен тынымсыз қоңырауларға сапалы әрі нақты жауап беріп, мекенжайын анықтай отырып, жедел жәрдем тобын жөнелту үшін асқан сабыр мен төзім қажет екендігі белгілі. Ал ондайға тек жүйкесі мықты қызмет иелері ғана шыдайды. El.kz ақпараттық агенттігінің  тілшісі Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының ақпараттық шұғыл диспетчерлік бөлімінің меңгерушісінің м.а. Сабыр Нарқұловты сөзге тартып, ақпараттық шұғыл диспетчерлік бөлімінің бір күндік жұмысымен танысып қайтты. 

Бұл бөлім түрлі шақыртуларды қабылдай отырып, жедел жәрдем бригадаларын сол жерге жіберуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жедел жәрдемнің шақыртуға уақытылы баруын бақылайды. Ақпараттық шұғыл диспетчерлік бөлімде барлығы 84 қызметкер жұмыс істейді.

Жедел жәрдем уақытында жетіп жүр ме? Жауапты мамандардың бір күні

Ақпараттық шұғыл диспетчерлік бөлімінің меңгерушісінің м.а. Сабыр Нарқұловтың сөзінше аталған қызметке сұраныс әсіресе, демалыс күндері артады. Кешкі уақытта шақыртуды қабылдау кезінде диспетчерлердің саны артады. Себебі қоңыраулар кешкі 18.00-ден бастап түнгі 00-ге дейін көп болады. Бұл өз кезегінде науқастардың күту уақыты ұзармас үшін жасалынған жағдай.

Ал сенбі және жексенбі күндері кешкі 17.00-18.00-де жұмыс қыза бастайды. Түнгі 00-ге дейін біз дамылсыз жұмыс істейміз. Сол кезде шақыртулардың саны әдеттегіден көп болады. Жедел жәрдем бригадасына келіп түсетін шақыртулар саны күніне 4500 мыңға жуық. Оларға барып көмек көрсетулердің саны 1800-ден 2500 мыңға дейін. Қалған шақыртулар кеңес алу және тағы басқа сұрақтар бойынша, – деді ол.

Ең көп келіп түсетін шақыртулар қандай екенін сұрадық. Айтуынша қазіргі таңда күз мезгілі болғасын күннің суытуына байланысты адамдар арасында тымау көп жүреді. Жаз мезгілінде қан қысымға байланысты қоңыраулар саны күрт жоғарлайды. Қыркүйек айында сабақ уақытында мектеп ішінде балаларға байланысты түрлі жарақаттар да орын алатын көрінеді.

Жедел жәрдем уақытында жетіп жүр ме? Жауапты мамандардың бір күні

Жедел жәрдем уақытында жетіп жүр ме? Жауапты мамандардың бір күні

Бүгінде қоғамда түрлі пікір бар. Бұл – жедел жәрдемнің діттеген жерге уақытында келмеуіне байланысты. Диспетчерлік бөлімнің хабарласуымен жедел жәрдем қызметкерлері қаншалықты жиі жетеді?

Бұйрыққа сәйкес жедел жәрдем қызметі төрт санатқа бөлінеді. Бізде санатына байланысты фельдшерлер қабылдау бөлімінде шақыртуды алу барысында науқастың қай санатқа жататынын анықтайды. Өміріне қауіп төнетін аурулар бірінші және екінші санатқа және дене қызуының көтерілуі, іштің ауруы сынды белгілер болса онда үшінші, төртінші санатқа жатқызылады. Бірінші санаттағы ауруларға ең алдымен жол апаты немесе өрт болған кезде науқастардың ессіз күйінде жатуы, төбеден құлау, суға бату сияқты шақыртулар кіреді. Бұл жағдайлар әсіресе, жаз айында көбейеді, – дейді ақпараттық шұғыл диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі.

Маман науқастарға жету барысында қандай қиындықтар барын айтып берді.

Жедел жәрдем уақытында жетіп жүр ме? Жауапты мамандардың бір күні

Біздің бригадалар шақыртуға барған кезде кейбір кісілер үйінде жалғыз болады. Олар бізді алдымыздан шығып күтіп ала алмайды. Егер күндізгі уақыт болған жағдайда көршілеріне немесе сол жерде жүрген адамдардан жедел жәрдем қызметкерлеріне қолұшын беруін сұраймыз. Мұндай жағдайларда уақытты жоғалтып алуымыз мүмкін. Бұдан өзге «шлагбауындармен» өте көп мәселелер бар. Себебі көп жерде жедел жәрдемнің кіруі өте қиындық туғызып жатыр, – дейді маман.

Шақыртуларға жедел жәрдем қызметкерлері науқастың санатына байланысты жетеді. Ол жол апаты немесе өмірге қауіп төнетін ауруларға 10-15 минут  ішінде жетуге болатынын айтады. Оларға тек жедел сатыны ашуға карточкалар берілген екен. Бірақ бұл «біздің мәселемізді шешіп жатқан жоқ», дейді кейіпкеріміз.

Жедел жәрдем уақытында жетіп жүр ме? Жауапты мамандардың бір күні

Бірінші және екінші, үшінші категория арасындағы шақыртуларды бізде қалалық жедел жәрдем станциясы яғни, біз көмек көрсетеміз. Ал төртінші санаттағыларға денсаулық сақтау министрлігінің бұйырығы бойынша емханаларда ашылған жедел жәрдем бригадасы жауапты. Егер төртінші санаттағы шақыртуларға емханалар үлгермесе, оларға біз жәрдемдесеміз, – деді.

Жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмысы өте ауыр. Олардың уақытында жетуі немесе жетпеуі адам өмірін сақтап қалуға өз әсерін тигізеді. Белгілі бір тәртіппен және талаппен жұмыс істейді. Мәселен шақырту түскен сәттен әр бригадада және санитарлық автокөліктің әрқайсысында GPS орнатылған.

Жедел жәрдем уақытында жетіп жүр ме? Жауапты мамандардың бір күні

Біз бригаданы және олардың сол шақыртуға уақытылы баруын бақылауда ұстаймыз. Жұмыс уақытында сол программа арқылы ал жұмыстан тыс кезде қашықтықтан телеграмм боттар арқылы есептері көрініп отырады. Өкінішке қарай Астана қаласында тұрғындардың көбеюіне байланысты кейбір шақыртуларға кешігу болуы мүмкін. Бұған түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Себебі қоңыраулар саны тәулігіне 4 мыңнан асып жығылады, – дейді Сабыр Нарқұлов.

Аталған бөлімде диспетчерге арналған 25 орын қосымша дайындалған. Бұл эпидахуал немесе қандайда бір ситуацияға байланысты алдын алу үшін  жоспарланған. Жауапты қызметке мемлекеттен қолдау аз көрінеді. Кейіпкеріміз бірінші кезекте қызметкерлер арасында баспана мәселесі өзекті екенін жеткізді.

Жедел жәрдем уақытында жетіп жүр ме? Жауапты мамандардың бір күні

Өкінішке қарай қазіргі уақытта медицина қызметкерлеріне үй беру мәселесі мемлекет тарапынан әлі күнге дейін қарастырылмай отыр. Бұл өз кезегінде жоғары санаттағы дәрігерлердің жұмыстан кетуіне әкеліп соғады. Өздеріңіз білетіндей, Астана қаласында өмір сүру оңай емес. Жалпы қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында 1400 қызметкер жұмыс істейді. Соның 800-900-ге жуығы медициналық қызметкерлер. Олардың 85 пайызы тұрғын үй жалдап тұрады. Осының салдарынан ЖОО бітірген мамандар бізге жұмысқа тұрғысы келмейді. Мамандар тапшы. Өйткені әлеуметтік көмек қарастырылмаған. Бұл мәселе бір шешімін тапса, жақсы болар еді, – дейді ақпараттық шұғыл диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі.

Жедел жәрдем қызметінде 2017 жылдан бері жұмыс істеп, мамандығының қыр-сырын меңгерген Сабыр Нарқұлов өз қызметін жетік білетін мамандардың қатарында. Медициналық көмек көрсету барысында халыққа қолдан келгенше көмек көрсетеміз деп отыр.

Жедел жәрдем уақытында жетіп жүр ме? Жауапты мамандардың бір күні

Иә, шынында да бұл қызмет иелері таңнан кешке дейін тамыл таппай жұмыс істейді. Кейде жедел жәрдем қызметкерлерін сынап жатамыз. Бір қарағанда бізге олардың жұмысы жеңіл сияқты көрінгенімен әсте ондай емес. Мыңдаған қоңырауға тапжылмай отырып жауап беретін олардың қызметін біріміз білсек, енді біріміз білмейміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға