Жазушы Герольд Бельгер дүниеден озды
Бүгін танымал жазушы, әдебиеттанушы, аудармашы, публицист және қазақ елінің патриоты Герольд Бельгер 81 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың 21 қаңтарында Герольд Бельгер алтыншы инфарктан кейін комаға түсіп, осы уақытқа дейін Алматыда Президент істері басқармасы медициналық орталығының клиникалық ауруханасы дәрігерлерінің бақылауында болған еді.
Герольд Бельгер 1934 жылы қазанда Ресейдің Саратов облысында, Волга бойындағы неміс АССР-інде этникалық неміс отбасында дүниеге келген. 1941 жылы Сталиннің жарлығымен барлық немістермен бірге Солтүстік Қазақстандағы қазақ ауылына жер аударылған. Қазақ тілінде мектепте білім алып шыққан Герольд Бельгер Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы универститет) филология факультетін тәмамдаған.
Саналы ғұмырын әдебиетке арнаған ол 60 кітап пен қазақ, орыс, неміс тілдерінде 2 мыңға жуық еңбек жазған.
Б.Майлин, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов және тағы да басқа қазақ жазушыларының, немістің А.Раймген, Э.Кончак, Н.Ваккер сынды қаламгерлерінің туындыларын аударған.
Герольд Бельгер - Б.Майлин атындағы сыйлықтың, Президенттің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының иегері.
Марқұмның жақын туыстарына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы жазушының дүние салғаны туралы хабарды күйзеле қабылдағанын, бүкіл Қазақстан мәдениетінің ауыр қазаға душар болғанын айта отырып ««Герольд Карловичтің Қазақстанға деген шексіз сүйіспеншілікпен өрілген өмірі шынайы патриотизмнің үлгісі болып саналады. Оның шығармашылық мұрасы біздің мәдениетіміздің баға жетпес игілігіне, ал өмір жолындағы рухани ар-намыс қағидаттары әр кезеңнің ұрпақтарына жігер беретін бағыт-бағдарға айналды», – деп атап өтті.
Герольд Бельгердің зиялы қауым арасында да беделі мен абыройы өте жоғары еді. Мәселен, ақын Аманхан Әлімұлы өмірдің қиыншылықтарын молынан көргеніне тоқталап кетіп, соның бәріне төзе білген азамат ретінде бағалайды. Еңбектерінің қай-қайсында болмасын ауыл адамдары, қазақ тағдыры сөз етіледі. «Алыс жолдың алдында» («Перед далю») деген хикаясында туған жерінен Қазақстанға қалай көшкені туралы баяндалады.
Гер ағаны құрметтемейтін, сыйламайтын қазақ жоқ. Бар ғұмырын қазақ тілі мен әдебиетіне арнаған жазушы ағамызды көбіне қаны неміс, жүрегі қазақ деп бағалап жатады. Ол шығармашылық өмірінен бөлек қоғамымыздың саналық дамуына да үлкен үлес қосты. Оның қазақ тілі туралы, ұлттық бірлік туралы, бөлінбеушілік туралы айтқан ойлары бүкіл қазақтың көңілінен шығып, ұлттық рухымызды біршама деңгейге көтеріп тастады.
Гер ағаның көзі тірісінде қазақ тілі туралы айтқан сөздері
Дәурен Омаров