Жазда Алакөл мен Балқашқа қарай қосымша пойыздар жүреді
Көлік министрі Марат Қарабаев жаз мезгілінде Алакөл мен Балқашқа қарай қосымша пойыздар іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәжіліс кулуарында БАҚ өкілдері министрден «Туристік маусым әлі басталған жоқ. Қазақстандықтар желіде Балқаш, Алакөл сияқты танымал бағыттарға билет жоқ деп шағымданып жатыр. Танымал бағыттар бойынша қосымша билеттер бола ма?» деп сұрады.
Министр Алакөл бағытына 12 пойыз қосылатынын және қосымша 3 тальго пойызы барын айтты.
Балқаш бойынша Астана мен Алматыдан арзандатылған әуе құралы болады, - деп түсіндірді Қарабаев.
Көлік министрі жаз мезгіліндегі билет тапшылығы мәселесі шешіліп жатқанын атап өтті.
Іске қосылатын қосымша пойыздарға билеттер сату әлі басталған жоқ. Сатылым ашылған кезде билеттер қолжетімді болады. Екіншіден, мәселені түбегейлі шешу үшін қосымша жолаушылар вагоны сатып алынып жатыр. Егер былтыр 118 вагон сатып алсақ, биыл тағы 140 вагон сатып алынды. Қосымша 350 отандық вагонды сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл – Петропавл қаласындағы зауыттан шығатын вагондар, - деді министр.