Жаңалықтар

Жайық өзені қауіпті деңгейден асып кетті – Олжас Бектенов

Жайық өзені қауіпті деңгейден асып кетті – Олжас Бектенов
Фото: t.me/KZgovernment 14.05.2024 10:28 774

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Атырау облысындағы су тасқынына қатысты тиісті құрылымдарға тапсырма берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы Атырау облысында елді мекендерді су басып қалу қаупі әлі сақталып отырғанын айтты. Тиісті құрылымдар тасқынға қарсы жұмыстарды жалғастыру қажет екенін атап өтті.

Әсіресе Индербор, Махамбет елді мекендеріндегі жағдайды ерекше бақылауға алу керек. Онда Жайық өзені қауіпті деңгейден асып кетті. Эвакуациялық бекеттер кез келген уақытта адамдарды қабылдауға дайын болуы тиіс. Күштер мен құралдар сақадай сай тұру қажет. Су ресурстары министрлігі мен Атырау облысының әкімдігі Жайық өзенінің су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін, – деді Бектенов.

Бұдан өзге премьер-министр Ақтөбе облысында екі елді мекенде әлі күнге дейін көлік қатынасы жоқ екенін тілге тиек етті.

Онда азық-түлік пен дәрі-дәрмектердің болуын мұқият қадағалауға алу керек. Электр жарығынсыз отырған ауылдар да бар. Жөндеу жұмыстарын тездету қажет. Сондай-ақ су тасқыны тұрақталған өңірлерде әкімдіктер бағалау және жобалау жұмыстарын күшейтуге тиіс. Келтірілген залалды өтеу, оның ішінде үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі барлық шаралар белгіленген мерзімде іске асырылуы қажет. Біз зардап шеккен тұрғындарды мүмкіндігінше қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз етуіміз керек, – деді Олжас Бектенов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға