Жаңалықтар

Жайық өңірінде 21 ұлттың өкілдері ынтымақ бірлігі жараса тірлік кешуде

Жайық өңірінде 21 ұлттың өкілдері ынтымақ бірлігі жараса тірлік кешуде
30.01.2019 12:19 3192

Қазақта «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел – озады», деген нақыл сөзге ой жүгіртсек, бұл – бүгінгі тәуелсіз мемлекеттің тыныштығы, елдің гүлденуі, бұлжымас қағида.

Елбасы бір сөзінде «Қиындық атаулыны жеңетін бір амал бар, ол – бірлік. Ел мен жердің тыныштығы – ұлттар достығының бірлігінде» – деп көпті жігерлендірген болатын. Елдің бірлігі, тұтастығы, оны баянды ету Қазақстан халқы Ассамблеясына (ҚХА) артылған жүк. Ал түпкі мақсаты: қоғамдық сананы жаңғыртып, ел ішінде келісім орнату. Жайықтың қос қапталын мекен еткен Ақжайық ауданында 21 ұлттың өкілдері ынтымақ бірлігі жарасып тірлік кешуде. Мен де сол жердің азаматымын. Алғашқыда «Қоғамдық келісім» кеңесі бұл қандай ұйым, не береді деген таңданыста болғаным да рас. Бүгінде осы қоғамның мүшесі, азаматтық қоғамның өкілі ретінде көп нәрсеге қанықтым.

Бұл ұйым татулықтың тамырынан нәр алып, билік пен халықты жақындастыра алса, ұлттық келісімнің бәсі биіктеп, әр салада ілгерілеушілік болатынына көзім жетті.

Екіншіден ауылдың қоңыр төбел күйбең тірлігін, халықтың көңіліндегі мұңына оң көзбен қарай білсе, жастардың өнер-біліміне, салт-дәстүрге ат салысып, қоғамдағы маңызды істердің қозғаушы күші бола білсе, тірлігі де түзеліп, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңдеріне көтерілуі бек мүмкін. Бұл ретте «Қоғамдық келісім» кеңесі бой түзеп келеді.

Салмағы ауыр, күрмеуі қиын мәселелерді жұртшылықпен келісе отырып шешкен де дұрыс. Сонда Елбасының Жолдауынан туындаған мәселелер, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының салмағы артып, шешілу жолдары жеңілдене түседі. Қоғамдық келісім мүшелері ең маңызды мәселені анықтап, оларды мемлекеттік атқарушы органдар алдына қоя білсе, оңтайлы шешімге ықпал етсе, сонда ғана қоғам келісті.

Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов өңірді аралап, тұрғындармен жүздесіп, жергілікті қоғамдық ұйымдармен кездесулер ұйымдастырып отырады. Аудандық қоғамдық келісім мүшелерімен, зиялы қауым, белсенді жастар, әкімдермен, Үкіметтік емес ұйымдарының (ҮЕҰ) өкілдерімен әртүрлі форматтағы кездесулерде көп нәрсенің түйінін тарқатуға себеп болды. Бір сөзбен айтқанда, кездесуде Елбасының «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын мәселелерді талқылау мақсатында жалпы ұлттық бірлікті нығайту, қоғамдық ұйымдардың ашықтығын жетілдіру керектігі сөз болды.

Осындай қоғамдық кеңестер олқылықтардың жолын кесіп, тіпті жойылуына себеп болса, бұқара халық пен билік арасындағы мызғымас көпір орнатса, онда таптырмайтын орталық болары сөзсіз. Бір кезде өздерінше әрекет еткен ардагерлер, аналар кеңесі, мүгедектер қоғамы ҮЕҮ мүшелерінің мақсаты бір арнаға тоғысып, бар істі жұмыла көтеріп, қоғамдық келісімнің айналасына топтаса білді. Осындай кеңестің арқасында татулықты көреміз, атына заты сай әрекет етіп жүргеніне қуанамыз. Түптің түбінде осы жалпы ұлттық құндылықтарды жастар бойына сіңіре білген бастамашыл топ – осы ҚХА.

Осы орайда ауданның белсенді мүшелері ұлтаралық татулық пен бірлікті, достықты нығайтуда, жас ұрпаққа Отансүйгіштікті арттыруда, өздерінің мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптеуде славян өкілдерінің басын қосқан «Радуга» мәдени орталығы аудан асып облыс, республика көлемінде өнер көрсетіп жүр.

Қазақы салт-дәстүрлерімізді насихаттау, ұлы даланың дәстүрлеріне негізделген  ҚХА-ның жоспарына сәйкес, ауданымызда Ішкі саясат бөлімі, «Таным» деструктивтік діни ағымдардан қорғау және көмек қоғамдық бірлестігінің бастамасымен аудан жастары арасында көлемді шараларымыз өткізіліп отырады. Бюджет есебінен бөлінген әлеуметтік тапсырыс шеңберінде  «Қоғам және дәстүр» жобасын сәтті қорғап, 18 ауылдық округте әртүрлі дәстүрімізден іс-шаралар өткіздік. Ол белсенді азаматтарының, ерікті жастардың қатысуымен аудан орталығында қорытындыланды.

Ауылдық жерде шараларды өткізудегі мақсат: бүгінде бірі ұмытылып, бірі өз дәрежесінде орындалмай жүрген ұлттық құндылықтарды еш қоспасыз өз деңгейінде ұрпақ бойына сіңіру жолындағы үгіт-насихат. Ұрпақтан-ұрпаққа аманат болған халық қазыналарының үлгісін көпке көрсету. Қазақ қашанда салтымен қазақ болып қалатынын көптің есіне салу. Қазақи ортада сақталып қалған салт-дәстүрдің, қазақы болмысымыздың өзегі екенін ұғындыру.

Осындай бір шара аудан орталығына іргелес қоныс тепкен бір үйдің баласындай жарасымды тірлігі бар қазақы ауыл адамдарының көңілдері жәй, бір-біріне құрметпен қарайтын, шетінен шаруақор жандар тұратын елді-мекенде өтті. Осы жайттарды ескерген «Таным» ҚБ Жаңабұлақ ауылында «Қыз жасауын 6 жаста жасасаң асады, 7 жаста жинасаң жетеді» деген тақырыпта шара өткізуді міндеттеген болатын. Ата-бабадан мирас болып қалған осындай бір дәстүрді жаңабұлақтықтар жарқырата көрсетті. Қазіргі қоғамда сұранып тұрған тақырып. Ауылдың ата–әжелері, тайлы тұяғымен жүгіре жүріп осы шараны қазақы тұрмыстың күйбеңінен арылып, ұлттық болмыс дәрежесінде бір көтеріп тастады.

Бұл жерде сахналық қойылым қою арқылы емес, шын рольде ертең шаңырағынан өзге әулетке келін деп ұшқалы отырған қыздарымыздың қатынасуымен ерекшеленді. Олар Таржмановтар және Чукетаевтар жанұясы болатын. Қыз жанынан жеңгелері отырып, қайын сіңілісінің болашағы үшін жасау-жабдықтарымен таныстырып, жасалу жолдарын түсіндірді, нені салу керектігі ескерілді. Осы іске мұрындық болып, әдемі кестеленген көрпе жастықтың, сандыққа салынған қыз жасауына үлес қосу міндетіміз деді.

Енбек ардагерлері, үлгілі жандар Балхашев Бауыржан, Құбаева Жұмағаным, Қойшекенова Рысқаным сынды ата-әжелеріміз өмірден түйген білгендерін ортаға салып, отбасы туралы құнды ақыл кеңестері жастарды бей жай қалдырмады. Кейбір ата-ананың қыз жасауын қамдануда артық әбігерге баратындары айтылмай қалған жоқ. «Ақша бар ғой, ана дүниені берейік, мыныны салайық» деушілер де табылар, бірақ бүгінгі барымен қыз жасауын берсек нағыз керекті жастар өздері маңдай терімен тапқандары дұрыс дегендері де болды. Қыз жасауына қосымша Құран Кәрімді, Абайдың кітаптарын салған дұрыс деп ақыл қосқандары да болды.

Осындай кезекті әдемі шара аудандық ішкі саясат бөлімінің «Таным» қоғамдық бірлестігінің жоспарына сай Бударин жұртшылығымен өтті. Көпшілікпен бас қосқан шара тақырыбы «Меймандостық – тектіліктің нышаны» деп аталды. Оған облыс орталығынан, ауданның көрші ауылдарынан ел алдында жүрген азаматтардың шақырылуы – шара мақсатын салмақтандырып, бәсін биіктетті.

Ауданда салт-дәстүрге негізделген ауқымды шаралар «Болашаққа бағдар: Рухани жаңгыру» бағдармаласы аясында өткізілді.

Сөз соңында қазақтың бас ақыны Абайдың 6-шы қара сөзінде «Бірлік –  ақылға бірлік, малға бірлік емес» деген екен. Осыдан шығатын ой: ақылға сай бірлік те, күн көріс үшін мал да, жанның амандығы да бәрі керек. Ең бастысы Отанымыздың бірлігі мықты болсын.

Құрман Бисеғалиев,

БҚО Ақжайық ауданы

қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі,

қоғамдық медиатор

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға