Жаңалықтар

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 2,6 трлн теңге бөлінеді

Бұл сома Ұлттық жобаны іске асыру үшін алдағы үш жылға есептеліп отыр
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 2,6 трлн теңге бөлінеді
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі 11.11.2022 02:20 1025

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру үшін алдағы үш жылда шамамен 2,6 трлн теңге бөлінеді, деп хабарлайды El.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Соның нәтижесінде жаңа оқушы орындарының саны 820 мыңнан асуға тиіс. Сол арқылы еліміздегі үш ауысымды мектеп проблемасы және бір сыныптағы балалар санының шамадан тыс көп болуы негізінен шешіледі деп сенеміз. Сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді индекстеуге, педагогтар мен дәрігерлердің және азаматтық қызметкерлердің жалақысын 25 пайызға арттыруға тиісті қаражат қарастырылды. Жергілікті бюджеттерге жалпы трансферттерді ескерсек, келесі жылы әлеуметтік шығыстар 2 трлн теңгеге, яғни шамамен 20 пайызға өседі. Ұлттық қордан трансферттер көлемін кезең-кезеңімен қысқарту да жоспарланып отыр», – деді Мәулен Әшімбаев.

Мемлекет басшысының шешіміне сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы балалардың жинақтау шоттарына аударылатыны белгілі. Аталған төлемдер 2023 жылдың қорытындысы бойынша жүргізіле бастайды. Сенат Төрағасы атап өткендей, бұл Ұлттық қор болашақ ұрпақтың қорына айналады деген сөз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға