Жаңалықтар

Жауыр болған сұрақтың терең деңгейін білетіндер депутаттыққа келсе, елдің жағдайы түзелер

Жауыр болған сұрақтың терең деңгейін білетіндер депутаттыққа келсе, елдің жағдайы түзелер
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 14.01.2023 13:58 3507
Бүгін еліміздің барлық облысы мен қалаларында Парламент Сенатының депутаттарына дауыс беру басталды. Бұл өзгеріске қатысты саясаттанушы Қайрат Айтбай өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Сенат депутаттарын сайлау басталып кетті. Бір-екі үш айдың ішінде мәжіліс депутаттарының да сайлауын күтіп отырмыз. Оның арасында Үкіметтің кейбір жаңа мүшелері жаңа құрам құрып жатқанын да біліп жүрміз. Сондықтан да елімізде болып жатқан өзгерістерді байқамай қалуымыз мүмкін емес», - дейді.

Саясаткер бұл өзгерістерден кейін енді министрлер кабинеті, прьемерлер де ауысатын шығар деген ойда.

«Қазір Үкіметтің жаңа құрамы толық жасақталды деп айтуға әлі ерте. Үкіметке тағайындалып жатқан қазіргі жаңа министрлерге қатысты қоғамда әр түрлі пікір бар. Біреулері тәжірибесі аз десе, енді бірі жас дейді. Яғни, бір жағынан халықаралық аренада өздерін қалай ұстай алады, Қазақстанның абыройы мен атағын белгілі деңгейде қорғай ала ма, жоқ па деген қорқыныш бар. Бұған да көңіл бөлуіміз керек», - деді ол.

Яғни, қандай да бір Үкімет мүшесі тағайындалған уақытта елімізге және халыққа, экономикаға қосқан үлесі мен жүріп өткен тәжірибесі қарапайым халықты да ойландырады деген пікірде.

«Сол себепті, елдің арасында жүріп, оларды халық танып беделі көрініп жатқандар сайланатын болса, жұрт та оны қолдап, оң көзқараспен қарайтыны анық. Олардың деңгейі мен ісінің қандай екендігін уақыт көрсете жатар», - дейді саясаткер.

Жаңадан сайланып жатқан жаңа депутаттар елімізге бір өзгеріс әкелетінінен үміттеміз. Елімізге өзгеріс әкелетін де осы жаңа адамдар дейді саясаттанушы.

«Халықтың ішінен жаңа тұлғалар билікке келетін болса, онда көп өзгеріс болатыны сөзсіз. Сондықтан да халық жаңа адамдарды күтеді. Елдің санасында қалып қойған кешегі Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Амангелді Айталы деген тұлғалар бар. Неге осындай адамдар қазір жоқ?! Бұл адамдар оларға үлгі болу қажет. Шындығында қазіргі депутаттарды ел-жұрт танымайды және кім екенін білмейді. Оларды қарапайым халық білмесе, қандай өзгеріс күтуге болады? Неғұрлым көп өзгерісті күту үшін бірінші сайлау әділ және адал, ашық өту қажет», - деді.

Сондай-ақ, сарапшы жауыр болған мәселенің терең деңгейін білетіндер депутаттыққа келетін болса, елдің жағдайы түзелер деген ойда.

«Президент өзгерістерге бастама болатын бірқатар мүмкіндіктерді жасап берді деп ойлаймын. Оны жүзеге асыратын осы жаңа құрам. Үмітіміз өте зор. Депутаттар халықтың мүддесін қорғау керек», - деді саясаттанушы.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға