Жаңалықтар

Жауынгерлер әскери форманы ұлттық киімге алмастырды

Жауынгерлер әскери форманы ұлттық киімге алмастырды
Фото: Қорғаныс министрлігі 19.03.2024 05:40 1224

Әскери қызметшілердің бешпент, шапан, қамзол сынды киімдерді күн сайын киіп жүруге мүмкіндігі бола бермейді. Әйтсе де олар бүгін әскери форманы ұлттық киімге алмастырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Гвардейск гарнизонының әскери қызметшілері Наурызнама аясында әр дәуірдегі қазақ хандары мен батырларын сахналады. Ерекше жағдайда өткен бұл құрылтайға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының мерзімді қызмет сарбаздары қатысты.

Он сегіз жасар Отан қорғаушылары Керей-Жәнібек хандар, Абылай хан, Тәуке хан, Қарасай, Бөгенбай, Қабанбай батыр сынды көптеген тарихи тұлғалардың кейпіне енді.

Жаяу әскер жауынгерлік машинасының көздеуші операторы қатардағы жауынгер Мақсат Бақтұрсынов Наурызбай батырдың рөліне ие болды.

Дулыға, найза, қылыштар... Мұның бәрі біздің рухымызды оятқандай әсерде болдық. Өзімізді күшті сезіне түстік, – деп өз әсерімен бөлісті қатардағы жауынгер Ринат Жұмамұратов.

Жетісу облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде атаулы күнге орай Ұлттық киім көрсетілімі ұйымдастырылды. Жеке құрам ұлттық киімнің тарихымен және негізгі ерекшеліктерімен таныстырылды.

Ұлттық киім тек сыртқы сұлулығымызды ғана емес, халқымыздың рухани бай әлемін, қолөнері мен шеберлігін бейнелейді. Сол себепті ұлттық болмысымызды ұмытпай, оны насихаттау өзіміздің қолымызда, – деп өз ойын ортаға салды іс-шараны қорытындылаған Департамент бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Рүстем Рахымбаев.

Түркістан облысында орналасқан Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бөлімшелері отбасы мүшелерінің қатысуымен Ұлттық киім күнін атап өтті.

Іс-шараға қатысқан 10216 әскери бөлімінің командирі майор Ақылбек Жұмагелдинов жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Ұлттық киім ғасырлар бойы өзінің қарапайымдылығымен әрі әдемілігімен ерекшеленіп келді. Ұлттық киімге арналған бұл күнді ата-бабамызға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарымызға деген құрметіміз деп білуіміз керек, – деді ол.

Мереке концерттік бағдарламаға ұласып, ұлттық ойындармен жалғасын тапты. Онда жеке құрам арасында көкпар, қыз қуу, аударыспақ, арқан тартыс, асық ойнау, сондай-ақ тоғыз құмалақтан сайыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға