Жаңалықтар

Жау жоқ деме – жарда ілулі

Қабырғадан құлақ, жеңнен көз шығару – түк те емес... Адам әлімсақтан бері адамның аңдуында. Замандар өте келе, олар бірін бірі жасырын тыңдауды, барлауды шығарды. Оның жолында дүниеге қаншама айла-тәсіл мен техника келді. АҚШ CIA (Орталық Барлау Басқармасы) және NSA (Ұлттық Қауіпсіздік Агенттігі) соңғы жылдарда әлеуметтік желіде белсенді. Тіпті желі арқылы ашықтан ашық рекрутинг жүргізіп келеді екен. Сонымен бірге, CIA ұйымының Facebook парақшасында «Апта жәдігері» деген айдармен (Artifact of the Week) барлау тарихында бұрын-соңды қолданылған жабдықтар туралы жазба жарияланып тұрады. El.kz сол жазбалар арқылы барлаудың кешегісін бір сүзіп шықты.
Жау жоқ деме – жарда ілулі
11.01.2018 14:47 10634

Ұшқыштың арнайы комбинезоны ©facebook-cia.gov

Ұшқыштың арнайы комбинезоны.  Қырғи-қабақ соғыстың жәдігері. 1960 жылдары АҚШ Советтер Одағын барлаудың қарапайым әдісін тапты. Советтік радарлардың технологиялық артта қалғанынан хабардар америкалықтар, 19-20 шақырымнан астам  биіктікте ұша алатын U-2 барлау ұшағын жасап шығарды. Мұндай биіктіктегі ұшақты советтік радарлар тіркей алмайды деп есептелді.

Бірақ биік ұшатын ұшақпен бірге жаңа проблема шықты. Мұндай биіктікте атмосфералық қысымның аздығынан қан көпіршіктеніп кетеді. Ендеше бұл комбинезон – адамның денесіне жасанды қысым түсіріп тұратын баллон.


Қозғалыс детекторлары ©facebook-cia.gov

Қозғалыс детекторлары. Бұл да қырғи-қабақ соғыс кезінде қолданылған жабдық. Мақсаты – айналадағы  адамдардың, жануарлардың қозғалысын тіркеп, хабар беру. 300 метр радиустағы қозғалысты байқай алады.

Айтпақшы, жабдықтардың кескіні ұнамай тұрған шығар. Ендеше бұл жабдықтар расымен, әдейі иттердің нәжісіне ұқсатып жасалған. Ешкім тимес үшін.


CIA ауласындағы белгі ©facebook-cia.gov

CIA ауласындағы белгі. О баста CIA офисінде тақтайша не басқа белгі болмаған екен. Бірде президент Эйзенхауэр шіркеуге бара жатып, жолай өзінің ағасы Милтонды CIA директоры Аллен Даллеспен кездесуге тастап кетуді ұйғарады. Офиске нұсқайтын ешқандай тақтайша-сілтеме болмағандықтан, Ақ Үйдің жүргізушісі есікті әрең табады. Бұған ашуланған президент ертеңіне Даллеске қоңырау шалып, офисіне белгі қоюды талап етеді. Эйзенхауэр,  барлаушылар белгі қоймаса да, мұның не қылған мекеме екенін бүкіл жұрт білетінін де айтыпты. Осылайша Даллес шарбаққа фотодағыдай қаңылтыр тақтайша ілуге мәжбүр болыпты.

Бұл әңгімені Аллен Даллес өзінің «Барлау өнері» атты мемуарында растайды. Жұмысқа баруға көшеден такси ұстап, «типографияға апар» деп, мекен-жайды айтса, таксистер «е, шпион ба едіңіз!» дейтін көрінеді.


«Арго» «фильмінің» постері ©facebook-cia.gov

«Арго» фильмінің постері. Бұл постер – 1979 жылы Ирандағы ислам революциясы күндері болған драманың куәсі.

1979 жылдың 4 қарашасында Иран революционерлері АҚШ елшілігіне басып кірді. Елшіліктің елуден астам қызметкері тұтқындалып, алтауы қашып кетті. АҚШ үкіметі дереу құтқару операциясын ұйымдастырды. Құтқарудың түрлі әдістерін қарастырған үкімет, ақыры  алты қызметкерді – фильм түсіруге Иранда қажетті пейзаж іздеп жүрген канадалық кино түсіру тобы ретінде алып шығуды ұйғарады: ирандықтардың канадалықтарға көзқарасы әлі жақсы еді. Үкімет Голливудпен байланысып, тартпада жатып қалған фильм сценарийін беруді сұрайды. Голливудтан «Арго» деген фантастикалық фильмнің сценарийі табылады. Ендеше, ирандықтар тексерген кезде шынайы көріну үшін, тіпті осындай постер де жасалған екен.

«Аргоның» сценарийі бекер таңдалмаған. Онда ислам діні мен жалпы, шығыс мәдениеті мадақталады. Яғни, ирандықтар мазмұнына үңіле қалған жағдайдың өзінде жақсы әсер алар еді.

Айтпақшы, 2012 жылы осы оқиғаның желісімен түсірілген режиссер Бен Аффлектің «Арго» операциясы» деген триллері шықты.

«Чарли» робот-балығы. CIA қарасты Озық технологиялар мен бағдарламалар Басқармасының - суға арналған роботтар құрастыруды зерттеуге жасаған «балығы». Жүзеді, нұсқаған жерге барады, қажетті мәлімет алып келеді. Радиотелефония жүйесімен сымсыз басқарылады. Ендеше кездейсоқ – аузы жабылмайтын, сойсаң қаны да, еті де жоқ осындай балық ұстап алсаңыз – дереу Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне хабарласыңыз!


«Minox» камерасы ©facebook-cia.gov

«Minox» камерасы.  Латыш инженері Уолтер Запп сонау 1936 жылы(!) жасап шығарған 35 мм-лік микрокамера. Алақанға сыйып кетеді. Ол шыққан кезде техниканың ғажайыбы боп есептелді. Алғаш рет Латвия астанасы Рига қаласында болаттан жасалды. Камера АҚШ-та КГБ тыңшысы кіші Джон Уолкер тұтқындалғанда қолға тиді. Тыңшы бұл камерамен NSA(Ұлттық Қауіпсіздік Агенттігі) құжаттарын түсіріп жүрген.


Ұшу мәліметтері жазылатын дәптер ©facebook-cia.gov

Ұшу мәліметтері жазылатын дәптер. Советтердің реактивті ұшақтарының технологиялары батыс барлау қызметтері үшін алтынға пара-пар еді. Ендеше, 1976 жылы олардың айы оңынан туды. Сол жылдың 6 қыркүйегінде Чугуевка маңындағы әуе базасынан МиГ-25 ұшағымен ұшып шыққан аға лейтенант Виктор Беленко сол кеткеннен мол кетті. Радардан жоғалып кеткен оны дереу іздестіре бастаған советтер Беленконың ... Жапонияның Хоккайдо аралына барып бір-ақ қонғанын естіді. Беленконың ойы да сол еді: өзін аударылып қалды екен деп ойласын деп, радарға түспеу үшін жер бауырлап ұшқан. Дегенмен, батыс барлау қызметтері ұшақты толық зерттей алмады. Себебі Жапония советтермен дипломатиялық қатынасын бүлдіріп алудан қаймықты. Сөйтіп, ұшақты советтерге кері қарай шашылған күйінде, 30 жәшікпен қайтарды. Ал Беленко АҚШ-қа барып бас сауғалады. Қашқынның тағдыры сәтті болды деуге болады. Әрі, жау жақтың кәсіби ұшқышы ретінде жергілікті әскерилерге өте-мөте құнды мәлімет берді. Осылайша, бұл дәптер де қырғи-қабақ соғыстың қызған шағының куәсі.


Ықшам бұрғы ©facebook-cia.gov

Ықшам бұрғы. Мәселе мынадай: тыңшы тез арада қабырғаны бұрғылап, ішіне тыңдау жабдығын орналастырып кетуі керек. Әрине, кәнігі құрылысшылар сияқты, бұрғы мен асай-мүсейіңді арқалап жүре алмайсың. 1950-60 жылдары пайдаланылған бұл комплект жең ұшынан шығара қойып,айтадан ішіңе тыға қоюға арналған. Жеңің томпайып, қарның қампайып тұрмайды. Әдемі келіп, әдемі кетесің.

Сауатсыздардың санағышы ©facebook-cia.gov

Сауатсыздардың санағышы. Бұл жабдық 1960 жылдары жасалған. АҚШ үшін – Солтүстік Вьетнамнан Оңтүстік Вьетнамға қанша адам, техника, т.б. өтетінін біліп отыру керек болды. Ол үшін АҚШ әскерлері жергілікті лаостықтарды жалдаған болатын. Амал не, олар сауатсыз еді. Қарапайым жазуды да білмейтін. Сол кезде оларға осы санағыш жасап берілді.

Санағышта машинаның, адамның, танкінің, зеңбіректің, тіпті есек пен пілдің суреті салынған  пиктограммалар бар. Лаостық тыңшы сәйкесінше, жолдан машина өтсе – машинаның, піл өтсе – пілдің суретінің жанындағы түймені басып отырады. Ол мәліметтер арнайы тумбер арқылы ұшақтарға жіберіледі.


Конверттен хат суыратын жабдық ©facebook-cia.gov

Конверттен хат суырғыш жабдық. Екінші дүниежүзілік кезінде хаттарды «ашпай оқудың» маңызы қандай болғанын білсеңіздер ғой. Ендеше, сол кездерде бір қу оның амалын тапқанға ұқсайды. Айлакер осындай жабдық жасап алыпты. Ол мына білікшені конверттің әдетте ашық қалатын - бүгілген тұсындағы саңылауға сүңгітіп, хатты орап шығарып алатын болған. Ендеше конверттің мөрі еш бұзылмайды. Хатты өзіне дейін неше барлаушының оқығаны хат алушының қаперіне де кірмейді.

Айтпақшы, кейін кассирлердің бума ақшадан бір-екі купюраны қарындашпен осылай орап шығарып алатын жағдайлар да кездесті (еш қалжыңсыз).

Қабырғадағы «құлақ» ©facebook-NSA

Ал енді, мақаланың тақырыбына арқау болған – қабырғадағы «құлақ»!  АҚШ-тың Советтер Одағындағы елшілігінде бұл «құлақ» аттай 7 жыл тұрды. Ал оның хикаясы былай еді.

Соғыс басталғаннан кейін АҚШ-тың Советтер Одағындағы елшілігі уақытша Самараға (ол кезде – Куйбышев) көшірілді. Неміс әскерлері Мәскеуден ығыстырылғаннан кейін, елшілерге қайтып келуге рұқсат берді. Елшілер осал емес: өздері жоқта бөлмелеріне жасырылған микрофондарды бірден тауып алды. Алайда соғыс уақыты болған соң ба, қатты өкпелескен жоқ.

Сөйтіп жүргенде, жеңіске жететін күн де жақындады. 1945 жылдың 9 ақпанында АҚШ елшісі «Артек» пионер лагерінің ашылуына шақырылды. Салтанатты шарада пионерлер АҚШ елшісі Гарриманға фотода көрсетілген ағаштан жасалған сыйлықты табыстады. Оның сыры бар-тын. Гарриман сирек кездесетін ағаштардан жасалған бұйымдарды жинайтын. Ендеше бұл сыйлықты алғанда, оның қуанышында шек болған жоқ. Сыйлықты әкеліп, кабинетіне іліп қойды. Ол 1952 жылға дейін сол күйі ілініп тұрды.

Ал 1952 жылы америкалықтар бірдеңеден сезіктене бастады. Оның үстіне, советтер тарапынан АҚШ-қа сатылған біреу елшілікте тың тыңдайтын жабдық бар екенін айтты. Елшілікті тәптіштеп тексеру барысында бөлмеден күдікті радиосигнал тіркелді. Детекторлар арқылы сигнал көзін анықтау қиынға соқпады: ол – баяғы пионерлердің сыйлығы боп шықты!

Сыйлық сол кездерде ашылған терменвокс құбылысына негізделген. Яғни, ешқандай электр абдығы жоқ, бар болғаны – резонатор мембрана ғана. Адам сөйлеген кезде мембрана жыбырлап, арнайы қуыста резонанс туғызады. Ал елшілікке қарсы бетте орналасқан үйдегі тыңшыға оны тіркеу ғана қалады.

Америкалықтар бұл жабдыққа «thing» («бір бәле», «әлдене») деген ат қойыпты.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Генри Кабот сыйлықты әшкерелеп жатыр ©spymuseum.org

Қазірде осы және басқа да жәдігерлер Вашингтондағы Халықаралық Барлау Музейінде сақтаулы. Айтпақшы, билетті ресми сайтынан алдын ала онлайн алуға болады.

Дереккөздер:

1. CIA ұйымының ресми Facebook-парағы

2. NSA ұйымының ресми Facebook-парағы

3. Аллен Даллес, «Барлау өнері»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға