Жаңалықтар

Жатақханада орын жоқ, пәтер ақысы қымбат. Студенттерге қашан жағдай жасалады?

Жатақханада орын жоқ, пәтер ақысы қымбат. Студенттерге қашан жағдай жасалады?
Фото: gov.kz 30.09.2023 12:07 11685

Мегаполистерде білім алатын студенттерді жатақхана мәселесі тығырыққа тіреп, әлі де өзекті болып отыр. Жатақхана мәселесі – әлеуметтік желіде қызу талқыланып жүрген өзекті тақырыптардың бірі. Президенттің өзі бұл мәселені өз назарына алып, 2025 жылға дейін 90 мың жатақхана салуды тапсырды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматы мен Астанадағы жатақханаларды жөндеп, жаңа оқу жылына дайын етуді тапсырған. Бірақ әлі де жатар жер таппай сабылған студенттердің қарасы көп.

Әсіресе, Астана мен Алматы сияқты сәулеті мен салтанаты келіскен қалаларға арман қуып келген студенттер үшін жататын орын бас қайғыға айналды. Осы екі мегаполисте білім алып жүрген студенттердің тек 56%-ы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген.

Мәселен, Алматыда 255 мыңнан астам студент білім алады. Оның тек 38 мыңы ғана жатақханада тұра алады. 217 мың студент жалдамалы пәтер жағалауға мәжбүр. Алматы қалалық жастар саясаты басқармасының мәліметінше, қалаға білім қуып келген жастардың 70%-і өңірлерден келгендер. Демек, кем дегенде 151 мың студентке тұратын орын қажет десек, 120 мың жас оқуға келіп, жатақханасыз қалған. Еліміздегі жоғары оқу орындарында тек 1-2 курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету қажет деген жазылмаған заң бар. Осындай қамтамасыз етілуі керек деп, тізімі жасалған, жатақхана сұрап өтініш жазған 14 мың студенттің өзін алматылық жоғары оқу орындары жатақханамен қамтамасыз ете алмай отыр. Мұндай жетіспеушілік үштігінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3212, Абай атындағы педагогикалық университеттің 3028, Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 3138 университеті бар.

Министрлік студенттерді далада қалдырмаймыз деп отыр. Жатар орын таппай қиналған студенттерді толық қамтамасыз ету үшін санитарлық нормаға сай келетін ғимараттарды жалға алып, жатақхана жасап бердік дейді. Ведомство мұндай қадамға жатақхана соғудың ұзақ уақыт алатына байланысты уақыт ұту үшін барған. Мәселен, Алматыда бар-жоғы 152 жатақхана болса, оның 89-ы жалға алынған жатақханалар.

Десек те жатақханамен қамтамасыз етілмей қалған жетіспеушілік тізіміндегі студенттердің бар екенін министрлік мойындап отыр.

Қазір ең үлкен мәселе – Алматы қаласында. Шамамен 19-20 мың төсек-орын жетіспей тұр. Студенттердің отыз пайызы Алматыдан, жетпіс проценті басқа өңірлерден. 2026 жылға дейін жатақхана орындарының жетіспеушілігін 70-80% жабу жоспарда бар. Ал 2029 жылға қарай 100 пайыз жабатын боламыз, - деді Саясат Нұрбек.

Бірақ жатын орын табуға жағдайыңыз жетпесе, жедел штабқа хабарласу керек екенін айтады.

Далада қалып қойған кез келген бала жедел штабқа хабарлассын. Штаб 24 сағат бойы жұмыс істейді, - деді министр.

Олардың арасында Алматыдағы қымбат пәтерді қалтасы көтермей, көлікте түнеп жүргендері де бар. Мұндай студенттердің видеосы ай басында инстаграмда таралды. Видеодан  чемодандарының жүксалғышта буулы күйінде жатқанын, өздерінің көліктің қатты орындығында түнеуге мәжбүр болып жүргенін көруге болады.   

Мәселен, есімін жасыруды сұраған Алматыдағы жоғары оқу орындарынының бірінде оқитын студент жатақханадан орын табылмай,  амалсыздан қымбат пәтер жалдауға мәжбүр болған.

Көпбалалы отбасынан шыққан студенттерге заң бойынша жатақханадан орын берілуі керек еді. Сондықтан еш алаңсыз жүрдім. Шілде айында ескі жатақханаға тек 1-курс студенттері орналастырылатыны туралы хабарлама келді. Желтоқсан айында жаңа жатақхана салынады екен, сол жатақханадан орын беріледі деп жазыпты. Білім алу да керек, шыдағаннан басқа амал жоқ. Пәтер ақысы да шарықтап тұр. Одан бөлек коммуналды қызметтерге ақы төлейміз. Оған қоса, Алматыдағы пәтерлер ескі, жағдайы нашар. Университеттің жанындағы пәтерлер тым қымбат. Алыстан жалдадық. Тікелей қатынайтын автобус жоқ. Аялдамаға дейін 30 минут жаяу жүріп барамыз, - деп ренішін білдірді.

Астанада да жағдай күрделі. Мұндағы жоғары оқу орындарында 88 мың студент оқиды. Оның тек он төрт мыңына ғана студенттер үйінен орын табылған. Демек 66 мың студент жалдамалы пәтер жағалауға мәжбүр. Жатақхана алуы тиіс, «мұқтажбын» деп өтініш жазған 5393 студенттердің барар жері, басар тауы жоқ.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Студенттер үйі дирекциясының директоры Мерей Шәменов студенттерді жатақханасыз қалмауына күш салып жатырмыз дейді.

Еуразия ұлттық университетінде 8 студенттер үйі бар. Студенттердің жатақхана жетіспеушілігі мәселесін шешіп, қосымша орынмен қамтамасыз ету үшін елордадағы 7 жекеменшік жатақханамен меморандумға қол қойдық. Тағы 2 жатақхананы жалға аламыз деп отырмыз. Ең алдымен олардың санитарлық-тұрмыстық талаптарға сай екендігіне мән берілді. Бірінші кезекте жатақханада орындармен 1 курс студенттері, содан кейін ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі студенттер толық қамтамасыз етілді. 2-5 курста білім алатын әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз отбасылардан шыққан студенттерге де орын ұсынылды, - деді ол.

Елордалық студенттерден жатақханада жасалған жағдай туралы сұрадық. Еуразия ұлттық университетінің 1-курсында оқитын Мархабат Ақым жатақханадағы барлық жағдай жасалғанын айтады.

Еуразия ұлттық универсиететінің №4 жатақханасына осыдан бір ай бұрын орналастым. Бұл жерде студенттерге қолайлы тегін WI-FI мен әр этажда оқу залы бар. Фильтрленген сумен қамтамасыз етілген, тазалық жақсы қадағаланады. Төсек орын жатақханадан берілді, аптасына бір рет тегін жууға беріп отырамыз. Керек заттардың барлығы бөлменің ішінде бар, оның ішінде плита, тоңазытқыш, шкаф, ванна, дәретхана. Барлық жағдай жасалған, - дейді ол.

Ел аумағында жалпы 23 686 студент жатақхана кезегін күтіп отыр. Жетіспеушілік жөнінен үштікке Алматы, Астана қалаларымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы да кіреді. Мұнда 2386 студент жатар орынға мұқтаж. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға