Жаңалықтар

Жастардың қаржылық қауіпсіздігі мәселелеріне арналған арнайы телехабар өтті

Жастардың қаржылық қауіпсіздігі мәселелеріне арналған арнайы телехабар өтті
Фото: жеке мұрағаттан 24.04.2025 18:10 141

«Ақшам» телеарнасында жастардың қаржылық қауіпсіздігі мәселелеріне арналған арнайы ток-шоудың шығарылымы өтті. Іс-шара мемлекеттік «Заң мен тәртіп» нарративасын ілгерілету аясында ұйымдастырылды. Бағдарламада жас ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен қазіргі қаржылық қауіптер туралы айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Студияда Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің, облыстық білім басқармасының және AMANAT партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері бас қосты. Талқылау ашық әрі сындарлы форматта өтті. Негізгі тақырып онлайн алаяқтар мен қаржылық пирамидалардан төнетін қауіптер және жастарды заңсыз схемаларға тартылудан қорғау жолдары болды.

Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі Нұрман Наурызбайдың айтуынша, жастар арасында қаржылық алаяқтыққа тап болу жағдайлары көбейіп келеді.

Алаяқтардың белсенділігі артқаны байқалады, ал жастар – осал топтардың бірі. Сондықтан Департамент тергеу жұмыстарымен ғана емес, алдын алу шараларымен де белсенді айналысып жатыр, – деді ол.

Осындай бастамалар қатарында оқыту форумдары мен семинарлар өткізу, сондай-ақ ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ұйымдастыруымен бүкіл ел студенттеріне арналған Қаржылық қауіпсіздік бойынша ұлттық олимпиада бар.

Білім басқармасы өкілі мектептердің жоғары сыныптарында қаржылық сауаттылықты арттыру бағдарламалары белсенді енгізіліп жатқанын атап өтті. Бұл сабақтар жасөспірімдерді жеке қаржыны басқару негіздеріне, алаяқтық схемаларды тану және қылмыстық әрекеттерге тартылудың алдын алу (мысалы, «дропперлік» схемалар) бойынша оқытуға бағытталған. Оқыту үдерісін қызықты әрі пайдалы ету үшін ойын элементтері қолданылады.

AMANAT партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының өкілі студенттік іс-шараларды ұйымдастыру және экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлескен жобалар өткізу тәжірибесімен бөлісті. Ол жалған инвестициялық жобалар мен қаржылық пирамидаларды, сондай-ақ дропперлік схемаларды тануға бағытталған ақпараттық кампанияларға ерекше назар аударылғанын айтты.

Сонымен қатар жастармен жұмыс істеудің түрлі форматтары подкасттардан бастап көшедегі акциялар мен білім беру сессияларына дейін ұсынылды. Ток-шоудың барлық қатысушысы жүйелі түсіндіру жұмыстары жастарды қаржылық қауіптерден нақты қорғауға мүмкіндік беретініне сенімді екенін білдірді.

Іс-шара мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктердің үйлесімді іс-қимылы арқылы жастардың қаржылық қауіпсіздігін нығайту мен цифрлық дәуірде құқықтық тәртіп қағидаттарын нығайтуға нақты үлес қосуға болатынын көрсеткен жарқын мысал болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға