Жаңалықтар

Жасөспірімнің күйзелісте жүргенін қалай анықтаймыз? Тәжірибелі психолог айтып берді

Жасөспірімнің күйзелісте жүргенін қалай анықтаймыз? Тәжірибелі психолог айтып берді
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 11.10.2024 17:12 99

Соңғы кездері елімізде жасөспірімдер арасында суицид жасау дерегі көбейіп кетті. Оқушылардың бірінен соң бірі биік ғимараттардың үстінен секіруі қоғамдағы отбасы институтындағы жылы жауып қойған ескі жараның бетін тырнағандай әсер қалдырды. Отбасы құндылықтары, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа көңіл бөліп жүрміз бе? Қоғамдық даму институты жүргізген сауалнамаға сүйенсек, қазақстандық ата-аналардың баласына 15 минут та көңіл бөлуге жоқ. Ал жасөспірім шақта түрлі қысымға тап болатын балалардың өмірін сақтау, олардың ішкі мәселелерін шешуге көмектесу ең алдымен ата-ананың міндеті екенін ұмытпаған жөн. Астана қаласындағы Назарбаев мектебінің психологы Назира Абибуллаеваның айтуынша, суицидке итермелейтін факторлар көбейген. 28 жылдық тәжірибесі бар маман бүгінде оқушылармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Психологтан жасөспірімдердің эмоционалдық интеллекті мен өзін күйзелістен құтқару әдістері жайында сұрап білдік.

El.kz: Қазақстандағы жасөспірімдер арасындағы суицидтің негізгі себептері қандай?

Назира Абибуллаева: Бала өмірге келгенен кейінгі сәтте және балалық шақ пен жастық шақ кезінде тұрақты психикалық денсаулық негіздері қалыптасады. Сондықтан да адам өміріндегі дәл осы сәттер маңызды кезең екені жиі айтылады. Өзіндік көзқарасы қалыптасқан ересек тұлғаларға қарағанда жастар қауіп-қатер мен психикалық бұзылыстарға жиі бой алдырады. Оған жас жеткіншектік өмірінде үнемі кездесетін жаңа талаптар мен мәселелер әсер етеді. Қиындыққа қалай төтеп беруді білмеген жасөспірім бұл ситуациядан шығу үшін өміріне зиян ықпал ететін теріс жолға түсуге ұмтылады. Ал бұл кері әдеттің ықпалы ересек өмірге де әсер етіп, жалғасын табады. Осылайша жасөспірім шақтан басталған күрделі кезең ересек кезде де өз шешімін таппай, одан әрі күрделене түседі. Психикалық денсаулыққа қарсы факторлар көбейе береді. Сонымен қатар, жасөспірімнің немесе оқушының белгілі бір оқиғалар суицидке итермелеуші факторлар қызметін атқаруы мүмкін. Жасөспірімдер арасындағы суицидалдық мінез-құлық негізіне жататын бірнеше мәселені атап өтейін. Біріншіден, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынаста туындайтын қиындықтар. Екіншіден, достарымен тіл табыса алмағанда әлеуметтік тұрғыдан оқшауланып, жалғыз қалғандай күй кешеді. Бала кезінде қараусыз қалып немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған болса, кішкентай кезіндегі жағымсыз естеліктері, эмоционалдық, физикалық және сексуалдық зорлық деректері жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсау ықтималдығын 2-5 есе арттыра түседі. Оған қоса жақындарының арасында немесе отбасында суицид оқиғасы болған болса, психикалық денсаулығында проблемалар туындауы мүмкін. Күйзелісті ешқашан жоққа шығармаймыз және оны ешқашан өмірімізден бір бөлек қарастыра алмаймыз. Мектепте оқу үлгеріміне немесе тәртіп сақтамауына қатысты да бала күйзеліске түсіп жатады. Жақын адамынан айырылысу да қиынға соғады. Осындайда суицид жасайтын құралдардың қолжетімді болуы және басқа да қатарластарының өз-өзіне қол жұмсағанын білген жағдайда еліктемесе де, осындай бір арам ойдың туындамасына ешкім кепілдік бере алмайды. Тығырыққа тірелген бала, жасөспірім мәселеден осылай ғана құтыла алам деп асығыс шешім қабылдайды.

El.kz: Жасөспірімнің, оқушының эмоционалды дағдарысты немесе депрессияны бастан өткеріп жүргенін қалай білуге болады? Ата-аналар мен мұғалімдер қандай белгілерге мән бергені жөн? «Ата-ана, мұғалім, психолог» үштігі қалай әрекет етуі тиіс?

Назира Абибуллаева: Жасөспірімнің эмоционалды күйзеліс немесе депрессия кезеңінде жүргенін оның ішкі әлеміне тұйықталуынан байқауға болады. Мұндай жағдайда келесідей сипаттамалар көрінуі мүмкін: жалғыздыққа ұмтылу, бұрын ұнатқан істерінен бас тарту, мотивацияның жоғалуы, заттарды қажетсіз деп қабылдау, өзін жек көру сезімінің пайда болуы, мақсатсыздық, тәбетінің күрт төмендеуі немесе артуы, ұйқының бұзылуы, өмірлік қиындықтардан шығудың жалғыз жолы ретінде суицидті көру. Үмітсіздікке толы ойлар – пессимизм, қиындықтың уақытша екендігін түсіне алмау, жағдайларға жауапкершілікті өзіне арту, өзін өзгелерге ауыртпалық деп сезіну, кінәлілік және қатты ұялу сезімдері байқалады.

Сонымен қатар, ата-аналар мен мұғалімдер жасөспірімдердің мінез-құлқындағы келесідей өзгерістерге назар аударуы тиіс:

Мінез-құлық белгілері: негізсіз ашуланшақтық, күйзеліс, агрессивті мінез-құлық көрсету, бұрын қызыққан істеріне немқұрайлы қарау, ұйқының артуы немесе жетіспеушілігі, ойланбай жасалған әрекеттер немесе қауіпті істерге араласу, оқу үлгерімінің нашарлауы, сабаққа деген ынтаның төмендеуі, тәртіп бұзушылық, дәлелсіз себептермен сабақтан қалу, қымбат немесе жүрегіне жақын заттарын тарату, дінге күтпеген қызығушылық немесе керісінше қызығушылығын жоғалту, есірткі, алкогольге немесе компьютерге тәуелділік. Сондай-ақ, суицид жасауға қажетті құралдарды (таблеткалар, қару-жарақ және тағы басқа жинау фактісі, жеке заттарын ретке келтіру сияқты әрекеттер байқалуы мүмкін.

Тікелей айтылатын белгілер: «Егер бұл болмаса, мен өз-өзіме қол жұмсаймын», «Мен мұны бітіргім келеді» және тағы басқа.

Жанама түрде айтылатын белгілер: «Мен өмірден шаршадым, бұлай өмір сүре алмаймын», «Менің отбасым менсіз жақсы өмір сүреді», «Жақында сіздер мен үшін алаңдамайтын боласыздар», «Маған тек кетіп қалу керек» және т.б.

Отбасының, мектептің, жақын адамдардың қолдауы суицидтік әрекеттің алдын алуда үлкен рөл атқарады. Қолдаудың болуы суицидтің қауіп-қатерлеріне қарамастан, бұл әрекетке бару ықтималдығын төмендетеді.

El.kz: Ата-аналар қауымы осындай қауіпті белгілерді байқаған жағдайда қандай амал-шара қолдана алады?

Назира Абибуллаева: Ата-аналар осындай қауіпті белгілерді байқағанда ең бастысы, қарым-қатынаста жылулық пен эмоционалды байланыс орнатып, баламен ашық сөйлесу, жасөспірімнің сезімдерін құнсыздандырмай, эмоционалдық қолдау көрсету өте маңызды.  Бірақ, өздігінен балаға көмек бере алмаса, жасөспірімнің психикалық денсаулығына  бей - жай қарамай, арнайы мамандардан кеңес алуға ұялмаңыз (психиатр, психолог). Мамандарға жүгіну – отбасының немесе ата-ананың әлсіздігі, ұят жағдай емес, отбасы суицидтің алдын алудағы негізгі қорғаушы фактор болып есептеледі.  Бұл – жауапкершілігі жоғары және немқұрайлы емес адамның таңдауы.

El.kz: Әлеуметтік желідегі контенттің балалар арасында суицидке жол нұсқауы қаншалықты мүмкін?

Назира Абибуллаева: Жасөспірімдік кезеңнің бір ерекшелігі – жаңа қызығушылықтар мен хоббилердің, кумирлер мен еліктеу әдеттерінің пайда болуы. Қазіргі ақпараттанған заманда жасөспірімдер өз қажеттіліктерін көбінесе әлеуметтік желілерден табады. Осыған байланысты, олар әлеуметтік желідегі ақпаратты жылдам қабылдайды және өте сезімтал келеді.

Алайда, суицид қаупін айтарлықтай төмендете алатын қорғаныс факторлары да бар. Оларға ие болған жағдайда, жасөспірімнің өзін-өзі өлтіру әрекетінің ықтималдығы 70-85%-ға азаяды. Мұндай үш негізгі қорғаныс факторы мыналар:

  1. Когнитивтік стиль және тұлғалық қасиеттер: өзінің маңыздылығын сезіну, өзіне, өз мінез-құлқына және жетістіктеріне сенімділік, қиындық туындағанда көмек сұрауға дайын болу, кеңес алу, қажет болса маңызды шешімдер қабылдау, басқа адамдардың тәжірибесіне ашық болу, оқуға және дамуға ұмтылу.
  2. Отбасылық жағдай: отбасындағы жақсы қарым-қатынастар, ата-ананың қолдауы, олардың адалдығы мен тұрақтылығы.
  3. Қоршаған орта факторы: дұрыс тамақтану және ұйқы режимін сақтау, күндізгі жарықтың болуы, тұрақты физикалық жаттығулар, сондай-ақ темекі, есірткі сияқты зиянды әдеттері жоқ ортаның әсері.

Бұл факторлар жасөспірімдерге эмоционалды қолдау көрсетіп, психикалық денсаулығын жақсартуға көмектеседі.

El.kz: Өз-өзіне қол жұмсау қаупі жоғары кезеңдер қай жас аралығында жиі кездеседі?

Назира Абибуллаева: Суицид 15-19 жастағы жастар арасында өлімнің негізгі себептерінің ішінде екінші орын алады. Жыл сайын 5 жасөспірімнің 1-і суицид жасау туралы ойлайды. 15 жастағылардың 5%-ға жуығы өз өмірінде өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасап көрген.  Қазақстанда суицид әлеуметтік және қоғамдық денсаулық сақтау салаларында маңызды мәселе болып табылады. ДДСҰ Қазақстанды суицид деңгейі  ең жоғары елдер қатарына енгізді.

El.kz: Ал қатарластарының тарапынан қорлық көріп немесе мазаққа ұшыраған, былайша айтқанда буллинг құрбаны болғандарға қалай көмектесеміз?                                                                 

Назира Абибуллаева:  KiVa буллингке қарсы бағдарламасы бойынша, KiVa тобы мүшелері буллинге ұшыраған жәбірленуші, жәбірлеуші балалармен сұхбат жүргізіп, анықталған мәселенің салдарына байланысты мектеп психологы жоспар құрып жүйелі жеке жұмыстар істейді.

El.kz: Білім беру мекемелері жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға қалай үлес қоса алады? Маман ретінде нақты қандай бағдарламалар қабылдауды ұсынасыз?

Назира Абибуллаева: Бұл мәселе Қазақстан үшін аса маңызды болып табылады, сондықтан ҚР үкіметі жағдайды жақсарту мақсатында мемлекеттік деңгейде бірқатар шараларды жүзеге асыруда. 2015 жылдың басында Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі бірлесіп, «Қазақстан Республикасында кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу жөніндегі жобаны кезең-кезеңімен енгізу туралы» бұйрығын қабылдады.

«Кәмелетке толмағандардың деструктивті мінез-құлқының алдын алу бағдарламасы» жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын нығайтуға бағытталған. Бұл бағдарламаның мақсаты – жасөспірімдер арасындағы деструктивті мінез-құлықтың алдын алу үшін нақты үш негізгі шараны жүзеге асыру. Бағдарлама үш негізгі компонент арқылы жүзеге асырылуда:

  1. Мектеп қызметкерлері мен ата-аналарды ақпараттандыру және оларды «суицидтің алдын алу вахтерларына» оқыту. Бұл компонент мектептегі мамандар мен ата-аналарды балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерге сезімтал болуға үйретуді көздейді.
  2. «Жоғары қауіп-қатер» тобындағы оқушыларды анықтау. Бағдарлама аясында жоғары тәуекел тобына жататын жасөспірімдерді ерте анықтау және оларды тиісті мамандарға уақытылы бағыттау жолымен көмек көрсету қарастырылған.
  3. Жасөспірімдердің психикалық денсаулығы туралы сауаттылығын арттыруға арналған сабақтар өткізу. Бұл арқылы балалардың психикалық денсаулық туралы білім деңгейін көтеру және қиындықтармен қалай күресуге болатынын үйрету көзделген.

Бағдарламаны жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асыру «жоғары қауіпті топқа» жататын балаларды ерте анықтап, оларды арнайы мамандардың көмегіне уақытында жіберуге мүмкіндік береді. Осылайша, суицидтің алдын алу мүмкіндігі практика жүзінде дәлелденіп отыр.

El.kz: Қазақстанда дағдарыс жағдайындағы жасөспірімдерге қажетті ресурстар мен қолдау қызметтері жеткілікті ме?

Назира Абибуллаева: Қазақсанда мемлекеттік деңгейде «Психикалық денсаулық орталықтары», «Сенім телефоны», «Жастардың денсаулық орталықтары» т.б. және көптеген жеке-ақылы психологиялық орталықтар жұмыс жүргізуде. Бірақ,  жасөспірімдерге арналған біліктілігі жоғары мамандар жеткіліксіз екені байқалады.

El.kz: Жасөспірімдер арасындағы суицидті төмендетуде қандай алдын алу шаралары тиімді болуы мүмкін?

Назира Абибуллаева: «Кәмелетке толмағандар арасындағы деструктивтік мінез - құлықтың алдын алу бағдарламасын» бірнеше жылдан бері тәжірибеде қолдану барысында, бағдарлама, «Қауіпті топ» балаларын ерте анықтауға, жүйелі кешенді жұмыс жүргізуде жақсы нәтиже беретінін атап айтуға болады.

El.kz: Жасөспірімнің өмірінде отбасы тарапынан психоэмоционалды  қолдаудың маңызы қандай?

Назира Абибуллаева: Маңызы зор, себебі, отбасы қорғаныс факторларының ең маңыздысы болып табылады. Канадалық психотерапевт Гордон Ньюфельдтің пікірі бойынша, бала мен ата-ананың арасындағы физикалық, эмоционалдық, психологиялық жақындастық (привязанность)  орнаған болса, алдағы өмірінде тұлғаның дамуында, қарым-қатынас жасау қабілетінде тұрақтылық болып, өмірде басқа жағдайларға жақындасуы  (есіркі, ішімдік, суицидалды ойлар т.б.) төмен болады.

El.kz: Егер оқушының жақын досы немесе мектебінде суицид оқиғасы болса, қандай шараларды шұғыл түрде қабылдау керек? Баланың осы оқиғаны бастан өткеруіне қалай көмектесу керек?

Назира Абибуллаева: Міндетті түрде, балаларды жинап, сөйлесу керек.   Егер, жақын достары болса, олармен жеке сөйлесу ұйымдастыру қажет.  Негізі мақсат, баланың сезімдерімен жұмыс жасап, олардың өз эмоциялары мен сезімдерін шығаруға мүмкіндік жасау (уайымдама, жылама, бәрі жақсы болады тағы басқа айтуға болмайды)                              

El.kz: Психологиялық көмекке жүгінетін мектеп оқушыларының жиі кездесетін мәселелері мен өтініштері қандай?

Назира Абибуллаева: Ата-анамен қарым-қатынас, достарымен конфликтілік жағдайлар, психикалық денсаулық мәселелері, мұғаліммен қарым-қатынас, үлгерім мәселелері, жауапсыз махаббат т.б.

El.kz: Сізге оқушылардың өзі қаншалықты көп көмек сұрап келеді? Оған қоса мұғалімдері мен ата-аналары психологқа алып келетін балалар туралы айтып берсеңіз.

Назира Абибуллаева: Жылдан жылға психологқа көмек сұрап келетін балалар саны артуда, себебі жасөспірімнің психологиялық сауаттылығы жылдан жылға жақсаруда.  Мектептегі әрбір психологтың өзінің белгіленген сүйемелдеуші сыныптары бар. Оқу жылы басталғаннан бастап, психологиялық қызметтің бағыттары бойынша диагностикалық, коррекциялық-дамыту, алдын алу, ақпараттық-ағарту шаралары арқылы жасөспірім мен психолог арасында сенімді қатынас орнауына үлкен септігін тигізеді. Ата-аналар тарапынан психологқа көптеген сұраныстарымен келеді. Дәстүрлі түрде психолог баламен жұмыс істей бастаймыз, оған терапиялық қолдау көрсетеміз, ата-ана анықтаған мәселені шешуге немесе түзетуге тырысамыз. Бірақ, мәселені шешу барысында, баланың айналасында болып жатқан оқиғаларды көру аса маңызды, өйткені отбасы жүйесі, қоршаған әлем сияқты, өз заңдарымен өмір сүреді және балаға әсер етеді, өкінішке орай, ол әрқашан пайдалы бола бермейді. Ал, отбасы жүйесі өзгермесе, психологпен кем дегенде баланың бір ата-анасы дұрыс қатынас жасамаса, онда баланың мәселесі толық шешілмейді.

El.kz: Сіз күйзеліске немесе эмоционалдық қиындықтарға тап болған балалармен жұмыс істеу үшін қандай әдістерді қолданасыз?                     

Назира Абибуллаева: Әңгімелесу, бақылау,  психологиялық диагностика, сұхбат, психологиялық кеңес, ата - анасымен кездесу, ата-анасының келісімімен  мультидисциплинарылық команда мүшелерімен (мектеп психологы, мектептің врач-педиатр маманы, пән мұғалімдері) кездесу, баланың ерекшеліктеріне байланысты ұсыныс-кеңестер беру, қажетінше арнайы мамандарға кеңеске жіберу.

El.kz: Бастауыш сынып  оқушыларымен және жоғары сынып оқушыларымен жұмыс істеу тәсілдерінің қандай айырмашылығы бар?

Назира Абибуллаева:   Мектеп психологиялық қызметінің  бағыттары - психодиагностика, психокоррекция, жеке кеңестер, ақпараттық-ағарту шаралары барлық оқушылармен жүргізіледі. Тек жас ерекшеліктеріне қарай жұмыс істеу әдіс-тәсілдері әр-түрлі.

El.kz: Мектепте эмоционалдық сауаттылық бойынша тренинг немесе топтық сабақтар сияқты профилактикалық жұмыс өткізіле ме?  

Назира Абибуллаева: Әрбір сыныптың жас ерекшеліктеріне байланысты бағдарламалар жүйелі түрде жүргізіледі. Мыс. 7-сыныптармен бейімделу кезеңінде қолдау,        8-сыныппен Деструктивті мінез-құлықтың алдын алу бағдарламасы аясында «Өз көңіл-күйіңді көтеріп қуана біл»,  9-сыныптармен «Жасөспірімдік кезеңдегі өгерісер, эмоцияны басқару», 10-12 сыныппен «Болашақты басқару: өзгерістерге  жылдам және жеңіл бейімделу тәсілі» бағдарламасы, «Емтихан алдындағы стрестің алдын алу» тақырыптарында тренинтер топтамасы жүргізіліп, психологиялық ағарту жұмыстары жүргізіледі.

El.kz: Балалар арасындағы психоэмоционалдық дағдарыстардың алдын алу үшін мектептегі психологтар қаншалықты керек? Маңыздылық деңгейін айтып беріңізші.

Назира Абибуллаева: Мектепте психолог қажетті деп есептеймін. Себебі, жасөспірімдер күнделікті өмірде  көптеген қиын мәселелермен және өмірдің жаңа талаптарымен, жасөспірімдік дағдарыспен кездеседі. Көп жағдайда ата-аналары оларды түсінбейді деген қорқыныштармен, оларға өз мәселелерін айтпайды.  Әр адамның мәселелері жеке өзіне ғана тән.  Психологқа бару- өзіне қамқорлық жасау тәсілі және мәселелермен жұмыс істеуге дайын екендігінің белгісі. Сонымен қатар, психолог баланың сезімдерімен жұмыс істей отырып, мақсатқа жету үшін қажетті дағдыларды дамытуға көмектеседі.

El.kz: Балаларының эмоциялық күйін, ішкі жағдайын жақсырақ түсінгісі келетін ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

Назира Абибуллаева: Барлық жағдайда қолдау көрсетіп, қарым-қатынаста жылулық пен эмоционалды байланыс орнату өте маңызды.

  • Балаға әрдайым назар аударып, қамқорлық пен мейірім көрсетіп отырыңыз.
  • Махаббат пен шектеулерді тепе-теңдікте сақтаңыз.
  • Баламен қарым-қатынаста авторитарлық көзқарастан аулақ болыңыз.
  • Отбасында директивті қарым-қатынас стиліне жол бермеу керек.
  • Балаға сын айтудан бас тартыңыз, оның орнына қолдау көрсетіңіз.
  • Баламен сөйлескенде өз қатеңізді мойындай білу маңызды.
  • Баланы ешкіммен салыстырмаңыз, оның ерекшелігін құрметтеңіз.
  • Оған сенім артып, оны сол қалпында қабылдаңыз, шынайы болыңыз.
  • Балаңызды көбірек құшақтап, жылы сөздермен аялаңыз.
  • Баланы нақты әрекеттері үшін мақтап, осылайша оның өзін-өзі бағалауын арттырыңыз.
  • Балаға үлгі болуға ұмтылыңыз, оның алдында жақсы мінез-құлық көрсетіңіз.
  • Балаға мүмкіндігінен жоғары талаптар қоймауға тырысыңыз.
  • Баланың теріс әрекеттері үшін ғана жазалау түрлерін қолданыңыз, мысалы, қосымша тапсырмалар беру немесе шектеулер қою.

El.kz: Мектеп ортасы (жұмыс жүктемесі, сыныптастармен, мұғалімдермен қарым-қатынас) балалардың психикалық денсаулығына қалай әсер етеді?

Назира Абибуллаева: Психикалық денсаулық, физикалық денсаулық тәрізді маңызды. Психикалық денсаулық – ол, адамның күнделікті өмірде қалай ойлайтындығы, сезінетіндігі және әрекет ететіндігі. Психикалық денсаулық, адамның стресті қалай жеңетіндігіне, шешімдер қабылдайтындығына және адамдармен қарым-қатынасына ықпал етеді. Стресс барлық адамға әсер етеді, бірақ адамдардың стресті қабылдау деңгейі әртүрлі болады. Кейбір адамдар басқаларға қарағанда стрестің көп мөлшерін жеңіп шығуға қабілетті, ал, кейбір адамдар керісінше.  Ешбір адам үнемі ауырмай-сырқамай жүруі мүмкін емес. Бұл психикалық денсаулыққа да қатысты – адамдардың психикалық денсаулығы жақсы немесе нашар болуы мүмкін, әркім өзінің физикалық денсаулықтарын қалай күтсе, дәл солай өздерінің психикалық денсаулықтарын күте алады. Ең бастысы, өзін жақсырақ сезіну үшін, әрбір адамның қолынан келетін қарапайым нәрселерді қолдануды дағдыға айналдырыңыз. Олар: тұрақты сапалы ұйқы, дұрыс тамақтану дағдылары, күндізгі жарық, тұрақты физикалық белсенділік.

El.kz: Бала психологпен сөйлесуден бас тартса, ата-аналар мен мұғалімдер қалай әрекет етуі керек?

Назира Абибуллаева: Ондай жағдайда, баланы қинап, еркінен тыс әкелуге болмайды. Осындай жағдайда, баланы өзі сенім білдіретін кез - келген адаммен сөйлесуге жағдай жасау керек немесе басқа психологқа баруға көндіру қажет, әрбір адамның таңдау жасауға құқы бар.

El.kz: Мектепте буллингтің алдын алу үшін қандай әдістер қолданылады және олар қаншалықты тиімді?

Назира Абибуллаева: 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанның 110 мектебінде KiVa атты буллингке қарсы бағдарламаның пилоттық жобасы енгізілуде. KiVa – бұл ғылыми зерттеулерге негізделген, инновациялық және бірнеше мәрте марапатталған бағдарлама. Оның басты мақсаты – буллингтің алдын алу, буллинг жағдайларына араласу және оның теріс салдарын азайту. Бағдарлама алғаш рет 2009 жылы Финляндияда енгізіліп, кейін әлемнің көптеген елдерінде қолданылып, тиімділігін дәлелдеді.

KiVa бағдарламасын іске асыруға қатысатын мектептер үлкен белсенділік танытып, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіз оқу ортасын қамтамасыз етуге бар күш-жігерін салуы тиіс. Бұл кешенді жұмыс әрбір мектеп қызметкерінің қатысуын талап етеді. Бағдарлама мектептерде буллингтің алдын алуға және орын алған жағдайларды тиімді шешуге бағытталған нақты шараларды қамтиды.

Жүйелі түрде құрастырылған бұл бағдарлама буллингті болдырмауға және оның таралуын азайтуға үлкен үлес қосады деп сенеміз.

El.kz: Психолог мұғалімдерге балалардың эмоционалдық қажеттіліктерін жақсырақ түсінуге қалай көмектесе алады?

Назира Абибуллаева:   Оқу – тәрбие процесінде оқушылармен дефференциалды тәсіл қолдану үшін, мектепте әрбір баланың жеке психологиялық ерекшеліктері анықталып мұғалімдерге таныстырылады, мұғалімдер сабақ барысында оқушының психологиялық ерекшеліктеріне орай, әдіс-тәсілдер іріктеп, қолданады. Сонымен қатар, оқушылардың эмоционалдық-мінез - құлық қиындықтары мен мәселелеріне байланысты мультидисциплинарлық команда, психолого-медициналық-педагогикалық комиссияда осы мәселеге орай кешенді жұмыс жоспарлары құрылып, қолдау көрсетіледі.

El.kz: Балаларға стрессті азайту үшін қандай әдістерді ұсынасыз?

Назира Абибуллаева: Жасөспірімдер өз сезімдерін реттеп, эмоцияларын бақылауды үйрене алады:

  • Проблемалардан қашудың орнына, олармен бетпе-бет келу маңызды. Қиындықтардан қашу оларды шешпейді, керісінше, мәселені мойындау оны шешуге алғашқы қадам болмақ.
  • Сезімдеріңізді басқаларға ашық айтып, өзіңізді қалай сезінетініңізді бөлісіңіз. Бұл сізге жеңілдік әкеліп, мәселенің ауырлығын азайтады. Біреумен сөйлесу кейде үлкен қолдау көрсетіп, өзіңізді әлдеқайда жеңіл сезінуге көмектеседі.
  • Проблемаларыңызға шынайы көзқараспен қарап, оларды шешудің мүмкін жолдарын іздеңіз. Әр қиындықты мүмкіндігіңізге қарай реттеуге тырысыңыз.
  • Ешқандай сезім дұрыс немесе бұрыс деп саналмайды. Маңыздысы, әр эмоцияңызды байыппен қабылдау және оларды түсіну.
  • Ойлар мен сезімдерді сыртқа шығару – маңызды қадам. Оларды сөзбен жеткізіп, сөйлеп немесе жазып көріңіз. Бұл ішкі күйзелісті жеңілдетуге көмектеседі.
  • Өзіңізге ұнайтын, жақсы көретін адамдармен уақыт өткізу де эмоциялық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.
  • Қолыңыздан жақсы келетін істермен жиірек айналысып, өзіңізді бақытты ететін нәрселерге көңіл бөліңіз.
  • Өз қызығушылықтарыңызға уақыт арнаңыз. Күн сайын өзіңізге ұнайтын іс-әрекетке уақыт табуға тырысыңыз.
  • Көңілді уақыт өткізу және күлу – шиеленісті жеңілдетудің және өзіңізді жақсырақ сезінудің тамаша әдістері.
  • Кейбір нәрселерді бақылау қолыңызда болмаса да, өзіңізге күтім жасау әдетін қалыптастыру маңызды. Кемінде бір рет күніне өзіңізге қамқорлық жасауды дағдыға айналдырыңыз. Өзіңізді бағалап, өз денсаулығыңызға мән беруді ұмытпаңыз!

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға