Жасанды интеллект жүректің кенеттен тоқтау қаупін екі апта бұрын болжай алады

Франция мен АҚШ-тың халықаралық ғалымдар тобы жүректің кенеттен тоқтау қаупін алдын ала ескерте алатын жасанды интеллект (ЖИ) құралын жасап шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жаңалық жүрек ауруларының алдын алу және ерте диагностика жасау бағытында маңызды қадам болып отыр.
The Lancet ғылыми журналында жарияланған зерттеу нәтижесінде, Oxu.Az басылымы хабарлағандай, жаңа жүйе адам миының жұмысын модельдеп, электрокардиограмма (ЭКГ) деректерін терең талдайды. Зерттеу барысында әлемнің алты елінен жиналған 240 мыңнан астам амбулаторлық ЭКГ дерегі өңделді.
Жасанды интеллект жүрек қарыншаларының электрлік қозу және босаңсу уақытын мұқият зерделеп, көзге байқалмайтын, бірақ маңызды ауытқуларды анықтай алды. Бұл ауытқулар жүрек бұлшықетінің ақауларын алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Біздің жүйе өте жоғары дәлдік көрсетті. Ол алдағы екі апта ішінде қауіпті аритмия дамитын науқастардың 70%-ын дұрыс анықтады. Сонымен қатар жалған нәтиже беру көрсеткіші бар болғаны 0.1% ғана болды, – деп түсіндірді зерттеудің авторларының бірі, Париж жүрек-қан тамырлары зерттеу орталығының кардиологы Лоран Фиорина.
Бұл технологияның ерекше маңыздылығы — дәстүрлі әдістер жиі анықтай алмайтын кенеттен болатын жүрек тоқтауы жыл сайын әлем бойынша 5 миллионнан астам адамның өмірін жалмайды. Оның үстіне, бұл жағдайға душар болған адамдардың көбінде бұрын жүрек аурулары тіркелмеген.
Зерттеушілер алдағы уақытта жаңа жүйені клиникалық жағдайда сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Егер нәтижесі оң болса, бұл технологияны ауруханалық мониторлардан бастап, смарт-сағаттар мен басқа да портативті құрылғыларға енгізу мүмкіндігі бар. Бұл өз кезегінде тұрғындар арасында жүрек ауруларын жаппай ерте анықтауға жол ашпақ.
