Жаңалықтар

Жасанды интеллект және журналистика

Жасанды интеллект және журналистика
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 20.03.2025 11:26 189

«Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Айна Задабектің Egemen Qazaqstan газетінде «Жасанды интеллект және журналистика» атты мақаласы жарық көрді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай мінберінен озық цифрлық тәсілдер мен жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына жаппай енгізу арқылы еліміз нақты прогреске қол жеткізетінін айтты. Бұл үрдіс ақпарат саласының дамуына әсер етеді, оның ішінде медиа өндіріс сапасын жақсартады. Алайда журналистикада жасанды интеллект құралдарын пайдалану енді ғана басталып жатыр. Кеш қамданып жатқан жоқпыз ба? Әлде «GhatGPT» немесе «Grok» чатын пайдаланып жазған мақаланы, генерацияланған суреттерді әлі де мойындамаймыз ба? Қалай дегенде күмәнданатын емес, қолданатын уақыт жетті.

Қазіргі таңда төртінші өнеркәсіптік революция барлық салаға айтарлық­тай өзгеріс әкеліп отыр. Бұрын­ғымен салыстырғанда, төртінші өнеркәсіптік революция экспоненциалды (жылдамдатылған) қарқынмен дамып келеді. Клаус Швабтың тұжырымдамасына сәйкес, цифрлық революция барысында адамның қолымен жасалатын көптеген әрекетті технология жүзеге асырады. Оның айтуынша, техно­логиялық үдерістер көптеген мамандықтың жоғалуына себеп болады. Бүгінде бұл өзгеріс­тердің куәсі болып отырмыз.

Заманауи технологиялар, яғни роботтану журналистика саласын да айналып өткен жоқ. Жасанды интеллект (ЖИ) арқылы ақпарат саласы да қарқынды түрде автоматтандыруға көшті. Дегенмен журналистиканы жасанды интеллекті қаншалықты алмастыра алады? Осы орайда ЖИ-дің журналистикадағы кейбір мамандықтарды алмастыра бастағаны айтылып жүр. Мысал ретінде соның бірқатарына тоқталып өтейік.

Контент жасаушы, былайша айтқанда, жаңалық жазушылар. Енді осының орнына қысқа жаңалықтарды, спорт нәтижелерін, ауа райы болжамдарын, қаржылық есептерді ЖИ өзі жасап береді.

Аудармашы-журна­лис­тер. «Google Translate», «DeepL», «OpenAI» секілді ЖИ-дің аударма модельдері барған сайын дамып келеді. Өзіміздің Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының «Soyle App» сияқты қосымшалары орыс тілінен қазақ тіліне немесе керісінше өте тез әрі са­уатты аударып бере алады. Бұл қосымшаны қазір мемлекеттік органдардың біразы пайдалана бастады.

Репортерлер және анали­тикалық шолу жасаушылар. Деректерге негізделген материалдарды ЖИ талдап, қысқа әрі түсінікті форматта ұсына алады. Әсіресе спорттық шолулар, экономикалық есептер және қаржылық жаңалықтар саласында автоматтандырылған жүйелер адам күшін алмас­тырады.

Грамматикалық редакторлар немесе корректор­лар. Грамматикалық, орфо­­гра­фиялық және стилис­­тикалық түзетулерді ЖИ тәп-тәуір жасай алады. «Grammarly», «Hemingway», «DeepL Write» сияқты жүйелер мәтінді сапалы редакциялайды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын өте жоғары сұранысқа ие болған SMM мамандары­­ның жұмысын қазір ЖИ де ат­қара бастады. Яғни ЖИ күші­мен әлеумет­тік желілер­дегі пост­тар­ды, жарнамалық мәтіндер­ді, тақырыптар мен қыс­қа контенттерді жылдам әрі сапалы түрде дайындау­ға болады. Бүгінде бұл автомат­тандырылған жүйелерді блогерлер ұтымды пайдаланып, өздерінің робот көшірмесін жасап, әлеуметтік желіде тәуір қаралым жинап жүр.

ЖИ мамандарының айтуынша, жасанды интеллектіні оқыту деректерінің көлемі 45 терабайттан асады. Бұл дегеніміз – 15 млрд бетке жазылған ақпарат. Егер адам бұл ақпаратты оқып шығамын десе, оған шамамен 28 500 жыл қажет болады-мыс. Демек ЖИ-мен текетірескенше, оны тиім­ді құрал ретінде қабылдап, жаңа технологиялармен жұмыс іс­теу жолдарын меңгерген абзал. Журналистердің кәсіби өрлеуі ЖИ-ді дұрыс қолдану дағдылары мен шығармашы­лық ойлау қабілетін дамытуға байланысты болып отыр. ЖИ журналистиканың көптеген саласына ықпал етіп, автоматтандыруды арттырғанымен, шығармашылық, сыни ойлау және зерттеу дағды­ларын талап ететін мамандықтар сұра­нысқа ие болып қала бере­ді. Сондықтан журналис­терге жаңа технологияларға бейім­делу, онымен жұмыс істеуді үйрену өте маңызды.

Сонымен қатар ЖИ алмас­тыра алмайтын мамандық­тар да бар. Соның бірі – зерттеу­ші журналистер. Олар­дың жұмысына кіретін факт­че­кинг, терең зерттеу, эксклю­зив­ті ақпараттарды талдау секіл­ді күрделі үдерістерді ЖИ жасай алмайды.

Бұл қатарда сарапшы журналистер де бар. Өйт­кені күрделі сараптамалар, пікірталас материалдары, қоғамдық-саяси оқиғаларды бағалау адам шығармашы­лығы мен сын тұрғысынан ойлау қабілетін қажет етеді. Сондай-ақ креативті контент жасаушыларға тиесілі деректі фильмдер, шынайы сұхбаттар, ақпарат орнынан хабарлама жолдау, подкасттар – ЖИ жасай алмай­тын міндет­тер. Құқықтық, мораль­дық, этикалық аспектілер­ді ЖИ толыққанды түсіне алмайтындықтан, этикалық және құқықтық журналистикада да адам факторы шешуші рөл атқарады.

Жасанды интеллект құ­рал­­дарын қолдану тәжі­рибесі халықаралық медиа­да әлдеқайда ерте басталды. Мысалы, «The Washington Post» редакциясы «Heliograf» атты жасанды интеллект плат­формасын пайдаланып, жа­ңа­лықтарды автоматты түрде жариялайды; «The Associated Press» (AP) қаржы және спорт жаңалықтарын дайындау үдерісін автоматтандырды; «Reuters» ақпарат агенттігі «Lynx Insight» жасанды интеллект платформасы арқылы журналистерге аналитикалық зерттеулер жүргізуге көмектеседі.

Елімізде де бірқатар медиа компания жасанды интеллект құралдарын енгізе бастады. Мәселен, олар ЖИ мүмкіндіктерін контент жасау шығындарын азайтуға, сапаны жақсарту үдеріс­терін жылдамдатуға, таргет­тің көздеген мақсатына дөп түсуіне, қолданушылармен тікелей жұмыс істеп, оларды сұраныстарына нақты жауап беруге, шешім қабылдауды жеделдету мақсатында пайдалана бастаған. Мақаланы жазу, өңдеу, аудару, тақырыбына қарай порталдың тиісті айдарларына автоматты түрде үлестіру, валюта бағамы, ауа райы, спорт, әлем жаңалықтарын жариялау сияқты көптеген үдеріс автоматтандырылған. Тіпті ақпарат жариялан­­ған­нан кейін кері байланыс алып, материалдың тиімділі­гі­не мониторинг жүргізіп отырады. Осы орайда мемлекет­тік сайттарды біріктіретін «Qazcontent» мекемесі де ЖИ-ді белсенді қолдана бастады. Қазір кейбір жаңалықтарды тілшілердің ЖИ-аватарлары оқиды, мекеме ішінен арнайы кеңес жасақталып, барлық қызметкерге оқу-тренингтер тұрақты түрде өткізіліп, ЖИ құралдарын барынша меңгеру тәжірибеге енгізілді.

Бұқаралық ақпарат құрал­дарында осындай тәжіри­­бені барынша енгізу маңыз­ды. Алайда бұл мүмкіндіктер­ге толыққанды қол жеткізілді деп айтуға әлі ерте. Басты кедер­гілердің бірі – технологияны меңгерген мамандардың жетіспеуі және ресурстардың шек­теулілігі. Елімізде IT-ма­мандарының саны кейін­гі бес жылда күрт өссе де, ЖИ-ді медиада қолдануға қабілет­ті жур­налист кадрлар әлі де тапшы. Сонымен қатар ЖИ құ­ралдарын енгізу үшін қажетті қаржылық инвестиция­лар мен инфрақұрылым­дық қолдаудың қажеттілігі де артады. Тағы бір ерекше назар аударатын мүмкіндік – шетелдік ірі медиа компаниялармен серіктестік орнатып, редакциялардың біраз жұмысын автоматтандыру, ЖИ-дің басқа да құралдарын қолдануды үйрену, мемлекеттік БАҚ-тың бәсекеге қабілетті етуге барынша әрекет ету. Бұл үрдіс конвергентті журналис­тиканы дамытуға да оң ықпал етері сөзсіз.

Осылайша, ұлттық мүдде­лерді қорғау, ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету, қоғамдық пікірді қалып­тастыру және мемлекет пен азаматтар арасындағы байланысты нығайту мақсатында сапалы контент шығару аса маңызды екені хақ. Ал кон­тенттің, яғни медиа өнім­дердің заманауи әрі жылдам болуына ЖИ мүмкіндіктері көмек болады. Яғни ЖИ мем­лекеттік ақпараттық саясат­қа жылдамдық, дәлдік және тиімділік әкеледі: ол жал­ған ақпаратпен күреседі, ақпаратты қолжетімді етеді және ресурс­тарды оңтай­ландырады. ЖИ-ді осы салаға енгізу ұлттық идеологияны нығайтып, халық­пен байланысты жақсартуға сеп бола алады. Сондықтан мемлекеттік медиа саласында басталған трансформациялану үдерісі – құптарлық қажеттілік.

Бурабайда өткен Ұлттық құрыл­тайда Прези­дент ел экономикасының дамуын­да жасанды интеллект мүм­кіндіктеріне бірнеше мәрте тоқ­талды. Үкіметке жасан­ды ин­теллектіні жаппай енгізу үшін қолайлы орта қалыптастыруға арналған жұмысты еселеп күшейту керектігін тапсырды. Бұл бағытты Мемлекет басшысы жіті қадағалап отыр. «Құзырлы мемлекеттік органдар сарапшылармен және ІТ-мамандарымен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, артық шығынды азайтуға, барлық саланың ашықты­ғын қамтамасыз етіп, өнімді­лігін арттыруға арналған тың тәсілдер іздеп тауып, оны қолданысқа енгізіп отыруға тиіс», деді Президент. Демек бұл бастаманы да еліміздің даму жолындағы тарихи таңдау деуге әбден болады.

 

Айна ЗАДАБЕК,

«Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға