«Жасанды интеллект туралы» заң жобасы талқыланды

Астанада Кәсіподақтар федерациясының Орталық кеңсесінде Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кездесу өтті. Мақсат - жасанды интеллектінің (ЖИ) еңбек саласына және әлеуметтік-еңбек қатынастарына әсерін талқылау, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуге Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов, Кәсіподақтар федерациясы басшылығының өкілдері және салалық кәсіподақтардың төрағалары қатысты.
«Жасанды интеллект туралы» заң жобасын Мәжіліс депутаты, жаңа заңның әзірлеушілерінің бірі Екатерина Смышляева таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – ЖИ технологиясын Қазақстан экономикасына енгізу үшін ашық құқықтық негіз жасау.
Жоба ЖИ тәуекел деңгейлері бойынша жіктеледі: жоғары деңгей – адамның өмірі мен денсаулығына, мемлекеттік басқаруға және шешім қабылдауға әсер ететін жүйелер. Олар қатаң тәртіпке бағынады. Орташа деңгей – бақылауды қажет етеді, бірақ шектеулері аз. Төменгі деңгей – реттеуді қажет етпейді, еркін дамиды. Қазақстанда жеке деректерді қорғау үшін бірнеше шаралар қабылданған. Заң жобасы жеке деректерді қолдану мен таратуға қосымша шектеулер енгізуі мүмкін. Әсіресе олар жасанды интеллект (ЖИ) арқылы өңделген жағдайда қарастырылады. ЖИ қатысуымен қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік мәселесі де талқылануда, – деді Екатерина Смышляева.
Депутаттың айтуынша, жасанды интеллекттің еңбек қатынастарына әсері мәселесі жұмысшылар алаңында талқылануы тиіс екенін ескере отырып, әзірлеушілер Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы орталығында заң жобасының жеке таныстырылымын өткізу қажет деп санаған.
Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов кездесуге қатысушыларға қазіргі уақытта Еңбек министрлігі мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет көрсету саласында пайдаланылатын 16 ақпараттық жүйеге ие екенін және 47 мемлекеттік қызметтің 44-і электронды форматта қазақстандықтарға көрсетілетінін хабарлады.
Әрине, ЖИ енгізілуі еңбек саласына әсер етеді, сондықтан біз әлеуметтік әріптестерімізбен, оның ішінде Кәсіподақтар федерациясымен бірге Бас келісімге тиісті толықтырулар енгізуді қарастырамыз. Сарапшылардың бағалауы бойынша, ЖИ енгізілген жағдайда ең үлкен қауіпке жоғары білікті мамандар ұшырайды, мегаполистерде – 36%-ға дейін, оның ішінде сақтандыру, қаржы және басқа салаларда. ЖИ-нің әсері ауыл шаруашылығына біліне қоймас. ЖИ қолдану қателіктерді болдырмайды деп айту қиын, сондықтан адамның бақылауында болуы маңызды, – деді Ақмади Сарбасов.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин ЖИ-дің қоғамның өмірі мен еңбек саласына нақты қауіптерін атап өтті. Оның айтуынша, технологиялық үдерістер көптеген мүмкіндіктерді ұсынып жатқанымен, оларды енгізудің бірқатар маңызды тәуекелдері бар, оларды мұқият зерттеу қажет.
Жасанды интеллектінің көмегімен еңбек процестерін автоматтандыру кейбір салаларда жұмыс орындарының жоғалуына әкелуі мүмкін. Бұл әлеуметтік әділеттілік мәселелерін және автоматтандыру салдарынан жұмыссыз қалған адамдар үшін жаңа жұмыс орындарын құру қажеттілігін туындатады. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша, әлемнің 40%-дан астам тұрғындары болашақта ЖИ әсерінен өзгеретін немесе жойылатын лауазымдарда жұмыс істейді. Бұл автоматтандырылған күнделікті міндеттермен шектелмейді, сонымен қатар жоғары білікті мамандардың өзіне де қатысты жаңа мәселелер туындайды. ЖИ дамыған сайын қауіпсіздік пен жеке деректердің құпиялығы жоғалуы мүмкін. ЖИ қолдану дағдылар мен дербестікті жоғалтуға әкелуі мүмкін, егер технология дұрыс жұмыс істемесе немесе ауытқулар орын алса, көптеген мәселелер туындайды. ЖИ дамыту және енгізу әлеуметтік теңсіздіктерді тереңдетуі мүмкін. Алдыңғы қатарлы технологияларға қол жеткізгендер артықшылыққа ие болады, ал қалғандары артта қалуы мүмкін, бұл қоғамда әлеуметтік жікке бөліну қаупін туғызады, – деп атап өтті Сатыбалды Даулеталин.
Сатыбалды Даулеталин ЖИ-дің қауіптерін еңсеру үшін бірқатар ұсыныстар айтты. Олар: қауіптерді жеңу үшін этикалық стандарттарды әзірлеу; болашаққа дайындық дағдыларын оқыту – халықты еңбек нарығының жаңа шындығына дайындау; деректерді қорғау үшін киберқауіпсіздік технологияларын енгізу; автоматтандыру салдарынан жұмыс орындарын жоғалтқандар үшін әлеуметтік қолдау бағдарламаларын әзірлеу; қолданушылар шешімдердің қалай қабылданатынын түсінуі үшін ЖИ шешімдерін қабылдаудағы ашықтықты дамыту.
Кәсіподақтар федерациясы төрағасының пікірінше, цифрландырудағы еңбек нарығының тәуекелдері еңбек қызметі процесінде қашықтықтан жұмыс істеумен, бұл ретте шешілетін міндеттердің бытыраңқылығымен және қоғаммен-мәдениетпен, дәстүрлермен, қоғамнан алшақтатумен байланысты болуы мүмкін. Жалдамалы жұмысшылардың осындай жағдайлардан қорғануға деген ұмтылысы еңбек жанжалының туындауына негіз болады.
Тұтас құқықтық институттарға өзгеріс енгізу қажет: жұмыспен қамту, жұмыс уақыты мен демалыс уақыты, еңбек қауіпсіздігі, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау салалары және т.б. Кәсіподақтардың көзқарасы бойынш үкімет тиісті заңнамалық базаны қазірден бастап құруды бастауы керек. Еңбек құқығы жұмыс берушінің қызметкерлерді жасанды интеллект жүйелерімен алмастыруына жол бермеуі тиіс, бұл үшін жұмыскерлердің өкілдік органдарының келісімін алу талабы енгізілуі қажет. Жұмыс беруші үшін мынадай мәселелер бойынша заңнамалық шектеулер белгілеу қажет: жұмысшыларды қайта даярлауға жіберместен немесе кейінгі жұмысқа орналасуға көмектеспестен олардың функцияларын жасанды интеллектпен ауыстыруға байланысты босату; еңбек ұжымының келісімінсіз сервистік роботтармен жаңа жұмыс орындарын құру. Сондай-ақ тек қана адамдар орындайтын жұмыстардың тізімін жасау; адамдар мен роботтар арасындағы қарым-қатынасты құру ережелерін анықтау; адамдар істейтін жұмыс орындарына квота белгілеу ұсынылады. Үкімет пен бизнеске жасанды интеллектіні әзірлеу мен енгізуге арналған нақты этикалық шеңберді әзірлеу қажет, бұл ЖИ прогресс құралы ретінде қызмет етіп, әлеуметтік жіктелудің көзіне айналмауын қамтамасыз етуі тиіс, – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Кездесуде Кәсіподақтар федерациясының кеңесшісі Біржан Нұрымбетов және «Кызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов жасанды интеллект технологияларында дербес деректерді пайдалануға байланысты жауапкершілікті заңнамалық тұрғыдан айқындаудың, сондай-ақ жалпы алғанда технологияларды адамның бақылауымен қамтамасыз етудің маңыздылығын да атап өтті.
Кәсіподақ белсенділері заң жобасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы өз пікірлерімен де бөлісті. Энергетиктер мен көмір өндірушілердің салалық кәсіподақтарының төрағалары – Оразбек Бекбас пен Марат Миргаязов «Жасанды интеллект туралы» заңның еңбек заңнамасына ықтимал әсері туралы өз пікірлерін білдірді.
Өз кезегінде Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Пономарев кәсіподақтардан түскен барлық орынды ұсыныстарды қабылдап, оларды Парламенттегі әріптестерімен бірге талқылауға дайын екенін атап өтті. Ал заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, жаңа нормативтік акт ең маңызды және негізгі қағидаларды қамтиды. Біріншісі-ашықтық пен түсініктілік, екіншісі – адам әл-ауқатының технологиядан басым болуы. Үшінші қағида - деректердің қауіпсіздігі мен қорғалуы.
Жалпы алғанда, Мәжіліс депутаттары еңбеккерлерді қорғаудың алдын алу шараларына қатысты кәсіподақ қауымдастығының алаңдаушылығын қолдай отырып, еңбек заңнамасының нормаларын қайта қарауға әкелетін өзекті нормативтік актілерді талқылауды жалғастыруға уәде берді. Кездесуді қорытындылай келе, Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтардың ұстанымы айқын және нақты екенін атап өтті. Оның айтуынша, серпінді технологиялар, әсіресе жасанды интеллект, жаһандық қоғамды ақпараттандырудың жаңа заманауи шындықтарында жеке адамның – жұмысшының бақылауымен және оның игілігі үшін ғана қолданылуы керек,-делінген Кәсіподақтар федерациясы медиа орталығының мәліметінде.
