Жасанды интеллект қазақ тілін қалай үйренді және оның болашағы қандай

Соңғы жылдары жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары бүкіл әлемде қарқынды дамып, түрлі салаларда кеңінен қолданыла бастады. ChatGPT, Google Gemini, Claude, Copilot сынды жүйелер білім, бизнес, журналистика, медицина сияқты көптеген саланың ажырамас құралына айналды. Бұл жаһандық үрдіс Қазақстанда да көрініс тауып отыр. Елімізде қазақ тілінде жұмыс істейтін ЖИ жүйелеріне деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді.
Бірақ "Жасанды интеллект қазақ тілін қалай үйренді?" деген сұрақ көпшілікті қызықтырады. Бұл сұраққа жауап беру үшін ЖИ-дің тіл модельдері негізінде қалай жұмыс істейтінін және қазақша контенттің маңызын түсінуіміз қажет.
Қазақ тіліндегі деректердің рөлі
ЖИ – бұл үлкен көлемдегі мәтіндерге сүйене отырып, тіл үлгілерін үйренетін жүйе. Ол сөздер арасындағы байланыс, сөйлем құрылымы, стиль мен мағынаны үйрену үшін мол әрі сапалы мәтіндік деректер қорына мұқтаж. Өкінішке қарай, ұзақ уақыт бойы қазақ тіліндегі дереккөздер саны өте аз болды. Дегенмен, кейінгі жылдары жағдай біршама өзгерді.
Қазақша Википедия, жаңалық сайттары, ғылыми басылымдар, әлеуметтік желілердегі жазбалар, әдеби шығармалар мен үкіметтің ресми құжаттары ЖИ-ге қазақ тілін үйренуге қажетті қор бола бастады. Әлемдік ірі компаниялар осы мәтіндерді пайдалана отырып, өз модельдерін қазақ тіліне бейімдей бастады.
Жасанды интеллект қазақ тілін қалай үйренеді?
Мысалы, OpenAI-дің GPT моделі миллиардтаған сөзден тұратын көптілді мәліметтер жиынын оқып, тіл заңдылықтарын үйренеді. Қазақ тілі де осы мәліметтер қатарында, ЖИ оны да үйренді. Бірақ бұл жерде мәліметтің саны ғана емес, сапасы да маңызды.
Қазақ тілінің ЖИ модельдерінде енуі тек OpenAI жобаларымен шектелмейді. Қазақстанда KazNLP, KazParC, Kazakh Speech Corpus (KSC), KazNERD, KazakhTTS, KOHTD сияқты зертханалар мен бастамалар арқылы қазақ тілін өңдеуге арналған құралдар мен дерекқорлар жасалып жатыр. Бұл жобалар тілдің құрылымын, морфологиясын және синтаксисін ЖИ жүйелеріне бейімдеуге көмектеседі.
Қазақша ЖИ қолданудың мүмкіндіктері
Бүгінде жасанды интеллект қазақ тілінде де мынадай бағыттарда кеңінен қолданылып келеді:
- Аударма және транскрипция: Қазақша мәтінді басқа тілге және керісінше сапалы аудару.
- Білім беру: Оқушылар мен студенттерге арналған тапсырмалар мен тесттер дайындау, түсіндірме беру.
- Мемлекеттік қызмет: Ресми хаттар, есептер, құжаттар әзірлеу.
- Медиа және журналистика: Жаңалық жазу, рерайт жасау, тақырып пен стиль ұсыну.
- Бизнесте: Тұтынушымен сөйлесетін чат-боттар, маркетинг мәтіндері, жарнама сценарийлері.
Қазақ тілінің күнделікті қолданылуын жақсарту – баршаға ортақ міндет
Жасанды интеллект – тек технологиялық құрал емес, ол тілді күнделікті өмірде қолдануға, дамытуға, үйретуге де қызмет ете алады. Бірақ бұл үшін қоғам тарапынан мынадай нақты қадамдар қажет:
- Контент көбейту – басты шарт
ЖИ тілдік дағдыларды үйренуі үшін көп көлемдегі сапалы мәтін қажет. Сондықтан қазақ тіліндегі контент көлемін:
- IT және технология
- Экономика және бизнес
- Медицина және денсаулық
- Ғылым мен білім
- Құқық және заң
- Күнделікті өмір, лайфхактар, мәдениет
сияқты салаларда көбейту керек. Қазір бұл бағыттарда контенттің басым бөлігі орыс немесе ағылшын тілінде ғана шығады.
- Қазақша блоггинг пен видео-контентті қолдау
YouTube, TikTok, Instagram секілді платформаларда қазақ тілінде блог жүргізетін жастарды қолдау қажет. Бұл — тек тілді дамыту ғана емес, сонымен бірге ЖИ-дің үйренетін мәліметтерін көбейту тәсілі. Влогтар, шолулар, подкасттар, білім беру видеолары – барлығы үлес қосады.
- ЖИ арқылы тіл сауаттылығын арттыру
Жасанды интеллект мына бағыттарда нақты көмектесе алады:
- Мәтіндегі грамматикалық қателерді түзету
- Сөйлем құрылымын оңайлату
- Терминдерді біріздендіру
- Балалар мен ересектерге интерактивті тіл үйрету құралдарын жасау
Мысалы, ChatGPT немесе басқа қазақша боттар оқушылар мен студенттерге жазу стилін жақсартуға, сауатты сөйлем құруға көмектесе алады. Бұл мектептен бастап жұмыс орнына дейінгі деңгейде қазақша сауатты жазу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
- Мемлекеттік қолдау және ашық дерекқорлар
Мемлекеттік деңгейде ресми құжаттар, оқулықтар, заңдар мен ғылыми мәтіндерді ашық форматта жариялау — ЖИ дамуына тың серпін береді. Бұл – қоғам үшін де, технология үшін де пайдалы.
Жасанды интеллект қазақ тілін үйрене бастады. Бірақ ол тілді терең меңгеруі үшін біз оған қазақ тілінде сөйлеп, жаза беруіміз керек. ЖИ – біздің тілімізді сақтап қана қоймай, оны жаңа ғасырдың технологиялық тіліне айналдыра алатын ерекше мүмкіндік.
Алайда ЖИ-мен шектеліп қалуға болмайды. Қазақ тілін:
- күнделікті өмірде кеңінен қолдану,
- заманауи мамандықтар мен салаларға енгізу,
- жастардың таңдаулы тіліне айналдыру,
- цифрлық кеңістіктегі беделін арттыру — бұл барша қоғамға ортақ әрі ұзақмерзімді мақсат.
Егер біз қазақ тілінде контент жасап, тілге құрметпен қарап, технологиялармен ұштастыра білсек — қазақ тілі болашақта жоғары технология мен білімнің де тіліне айналады.
Аршат Ораз
