Жаңалықтар

Жасанды интеллект арқылы қылмыскерді анықтауға болады

Жасанды интеллект арқылы қылмыскерді анықтауға болады
Фото: instagram.com/sabit.ibadulla 11.03.2025 13:17 1034

Ішкі істер министрлігі еліміз бойынша барлық өңірде цифрландыру бағытындағы арнайы IT саласы мамандарын жинақтап, жұмысты оңтайландыру жолын жаңғыртуға көшті.

Осы мақсат негізінде цифрлық технология бағытындағы кәсіби жоғары білімі мен мол тәжірибесін ескеріп, Сәбит Ибадулланы Қызылорда облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Жаңа қызмет иесін El.kz тілшісі мемлекеттік органдағы цифрлық қадамның бүгінгі беталысы туралы сұхбат алаңына шақырды.

El.kz: Қазір еліміз бойынша ІТ технологиялар жүйесі қарқынды түрде енгізіліп келеді. Жасыратыны жоқ, цифрландыру – жай ғана тренд емес, мемлекеттік қызметтерді жаңа деңгейге көтеретін қуатты құралдың біріне айналды. Алдағы кезеңде жаңа инновациялық жобаларды ішкі істер органында енгізуге мүмкіндіктер қалай?

Сәбит Ибадулла: Әрине, жаңа үлгінің жарылқайтын тұсы көп. Оның тиімділігі сол, қағазбастылықтан арылтып, халыққа қызмет көрсетуді жеңілдетіп, жылдам әрі ыңғайлы етуге мүмкіндігі мол. Биыл қазіргі Жедел басқару орталығының бейне қабырғасы мен жұмыс орындарын жаңарту  демеушілік арқылы жасалады. Осы орайда облыс әкімінің қолдауымен қоғамдық қауіпсіздік саласы бойынша Қызылорда қаласына 1400 дана бейнебақылау камерасын және 20 «Зияткерлік қиылыс», 60 «Стационарлық жылдамдық өлшегіш» қондырғыларын жыл соңына дейін орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар бірінші жартыжылдықта жасанды интеллектісі бар ақпараттық жүйесі іске қойылатын болады. Бұл өз кезегінде іздеуде жүрген күдіктілерді бейнефотосы арқылы машиналық оқыту функциясымен, автокөліктерді ГРНЗ және түсі арқылы табуға, топтық жиындар, төбелес пен түрлі жанжалды алдын алуға мүмкіндік береді.

Қалада орналасқан 15 нүктеде SOS батырмасының техникалық құралдары жаңартылып, сапалы бейне мен дыбысы болады.  Осы SOS батырмалары арқылы интернет алаяқтықты алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар ретінде халыққа дауысты хабарламалар арқылы ақпараттандыру жүргізіледі.

Ал, жыл ортасына дейін жаңа дрон алынып, оның көмегімен белгілі траекторияларды қадағалау, бақылау, құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндіктер береді.

Сол секілді антидрон  арқылы басқа да дрондардың жеке үйлерді  заңсыз бейне түсірілімдер жасауын алдын алуға жол ашсақ дейміз. Мұнымен қоса полиция қызметкерлерінің бейнежитондарын, қолдарындағы планшеттерін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде.

El.kz: Байқауымша, біршама жұмыстардың жоспары назарға алынған екен. Десе де осыған дейінгі қоғамдық қадағалау мәселесі қалай жүзеге асты?

Сәбит Ибадулла: Қызылорда қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу мақсатында 272 дана бейнебақылау камералары, 20 дана «Аркан», 1 дана «Мираж» стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғысы, 5 дана «зияткерлік қиылыс» жұмыс атқарып келеді.

Енді қосымша Қызылорда қаласына 1400 дана бейнебақылау камерасын және 19 «Зияткерлік қиылыс», 58 «Стационарлық жылдамдық өлшегіш» қондырғыларын орнату жоспарланғанын айттым.

2024 жылдың шілде айынан бастап Қызылорда қаласына пилоттық режимде 100 дана бейнебақылау камерасын және 10 дана «стационарлық жылдамдық өлшегіш» қондырғылары орнатылып, жұмыс жасау үстінде.  Онан бөлек, Қызылорда облысындағы 7 аудандық полиция бөлімінде «Кіші жедел басқару орталықтары»  құрылды. Жоба аясында 539 дана бейнекамера және 49 дана жылдамдық өлшегіш құрылғысы орнатылып, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік пен қылмыстын алдын алуға септігін тигізуде.

Ал, бүгінгі таңда өткір мәселенің бірі – білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс көлемінде 342 мектептің  265-і, 630 балабақшаның 224-і, 28 колледждің 17-ы және 3  жоғарғы оқу орнының 1-і бейнебақылау камералары Қызылорда қаласы полиция басқармасының Жедел басқару орталығына және аудандық полиция бөлімдеріне қосылған. Ендігі кезекте білім беру ұйымдарының бейнебақылау камераларын полиция органдарының кезекші бөліміне ағымдағы жылдың соңына дейін толық қосу бойынша облыстық білім басқармасымен бірлесіп, жұмыстар атқарылуда.

Облыс орталығында адамдар көп шоғырланатын аумақта 2023 жылдан бастап 15 дана «дабыл батырмасы» (SOS)  орнатылған. Соған сай құқық заңдылығына қайшы әрекеттер немесе төтенше жағдайлар туындаған жағдайда азаматтар аталған құрылғы арқылы Жедел басқару орталығының полиция қызметкерлерімен дереу байланыса алады.

Дабыл батырмасының ерекшелігі құрылғыда орнатылған бейнекамераның көмегімен бейне түсіру қамтамасыз етіледі, динамиктер арқылы полиция қызметкерлерімен аудио байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Жол-көлік оқиғасының алдын алуда облыста ағымдағы жылы 12 дана «Ekin Patrol G2» автомобильді жылдамдық өлшегіш құрылғылары пилоттық режимде қызметтік автокөліктерге орнатылып, жұмыс жасап келеді Бұл да өз кезегінде көптеген құқық бұзушылықта алдын алуға едәуір септігін тигізіп отыр.

Қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалу фактілерін тіркеу және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Қызылорда облысы полиция департаментін смартфон базасындағы портативті бейнетіркегішпен ағымдағы жылдың соңына дейін 100 пайыз қамту да назарда тұр.

Өңіріміздегі маңызды аймақ болып саналатын Байқоңыр қаласына іргелес жатқан Ақай мен Төретам елді мекендеріне заман талабына сәйкес келетін бейнекамералар мен жылдамдық өлшегіш құрылғыларын орнату және «Кіші Жедел басқару орталығын» құру мәселесі де маңыздылығын жоймайды.

El.kz: Жақында Алматыда өткен ауқымды форматтағы «Digital 2025» форумына қатысып, жасанды интеллект бағытындағы жаңа идеялармен танысып келдің. Оның жаңа қызметіңе де өз ықпалы тиетіні анық ғой.

Сәбит Ибадулла: Әрине. «Industrial AI: жаңа дәуір технологиясы» тақырыбында жетінші рет ұйымдастырылған форумға әлемнің 300-ден аса сарапшысы қатысып, өз жобаларын таныстырды. Барлық мемлекет адам өмірін жақсартуда жасанды интеллект игіліктерін көру үшін жаңа қадамдарға жасауда. Форумға қатысу арқылы қауіпсіздік бағытындағы бірқатар креативті жобалар мен отандық шешімдермен танысып, оны ендіру мәселелерін талқыладық. Бұл маған жаңа мүмкіндіктер берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға