Жаңалықтар

Жасан Зекейұлы: Қазақ елінің тәуелсіздік алуын әлем қазақтары асыға күтті

Жасан Зекейұлы: Қазақ елінің тәуелсіздік алуын әлем қазақтары асыға күтті
Фото: Коллаж El.kz 16.12.2024 10:44 451

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған сәтте, жаңа өмір бастау үшін тарихи отанына оралған қазақтар мен басқа да этностардың елге қоныс аударуы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мәдениеті үшін маңызды кезең болды. Олардың қажырлы еңбегі мен ұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлесі еліміздің тәуелсіздігі жолындағы жеңісінің символына айналды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, биыл жыл басынан бері Қазақстанға 12 325 этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алды. Елге келген қандастардың 45,6%-ы – Қытайдан, 39,2% – Өзбекстаннан, 5,5% – Түрікменстаннан, 5,4% – Моңғолиядан, 3,1% – Ресейден, 1,2%-ы – басқа елдерден келген. Жалпы 1991 жылдан бері елімізге 1 млн 140,7 мың қандас елге  оралған.

Жасан Зекейұлы: Қазақ елінің тәуелсіздік алуын әлем қазақтары асыға күтті

Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашы болып атажұртқа оралдым

Астана қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан Зекейұлы ел тәуелсіздігін алған сонау тоқсаныншы жылдар мен сол кезеңде елге шеттен оралған қандастар туралы ойын ортаға салды.

Еліміз егемендігін жариялаған тұста атамекенге ат басын бұрғандардың қатарында Жасан Зекейұлы да бар.

Қазақ елінің тәуелсіздік алуы қазіргі Қазақстан аумағындағы қазақтардың ғана емес, тұтас әлемнің түкпір-түкпіріндегі барлық қазақтардың асыға күткен арманы болды. Олар жетуге асыққан еді. Солардың қатарында мен де болдым. Алғаш 1991 жылы тәуелсіздік алғанымызды жариялаған күні бөркімді аспанға лақтырғаным есімде. Мұның өзі де ататектен келген патриот, ұлтжандылықтың арқасы шығар. Сол күннен бастап қазақ елінің бір кірпішін қалауға бола ма деген, бір арманымыз болды. Бүгінгі күнге дейін сол жұмысты атқарып жүрміз, – дейді. 

Тәуелсіздік алғалы бергі 33 жыл ішінде Қазақстан тарихында көші-қон саясаты негізгі 3 кезеңді бастан өткерді.

Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашы болып, ата жұртқа оралған соң «Тәуелсіздік  – тағдыр сыйы», «Тәуелсіздік киесі», «Тәуелсіздік – менің арманым» атты 4 кітап шығардым. Дәрігер болсам да, бұл менің елімізге бір үлесім болсын деген ниеттен туған еңбегім болды. Бұдан басқа бүгінге дейін үш мәрте жинақ шығардық. Бауырлармен, қайырымдылық бірлестіктер мен бірігіп, 500-ге жуық дәрігер-ғалымдар, кәсіпкерлердің еңбектерін көрсету мақсатында жинақ жарық көрді. Яғни, қазақ жерінде талай адамды жұмыспен қамтып отырған азаматтар бар. Олардың еңбектерін қорытынды кітапқа енгізіп, елімізге, тіпті президентімізге дейін ұсындық, – дейді профессор.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көші-қон еліміздің стратегиялық саясатының басым бағыттарының бір бөлігі болып қала беретінін айтты. Әрине, қазір көш сәл баяулағанымен, әлі де жүріп жатыр. Десе де кейбір олқылықтар барын тілге тиек етті.

Бұл мәселелер парламент төрінде де, БАҚ беттерінде көтеріліп жүр. Соған назар аударсақ, көш тоқтамау қажет. Президенттің бұл сөзі біздің туымыз, ал соны жергілікті билік орындау керек. Жақсарып келе жатқан дүниелер де бар. Мәселен азаматтық алу жеңілдеді. Бірақ іргедегі мемлекеттермен де келісім жасалуы керек. Қытай еліндегі қандастарымыз сонау орталық Пекиннен барып, «апостиль» деген қағаз алады. Мұндай қағаз алу машақат. Қаржысы да, басқа да шығындар болады. Қазіргі таңда бұл мәселемен мамандар айналысып жатыр, – дейді Жасан Зекейұлы.

Десе де, алпауыт елдердің алдыңғы қатарында болу үшін қала өсуі керегін айтты. Қандастардың баспана алуға да қатысты мәселелері барын жасырмады. Мәселен үй алса, өзінің атына ала алмайытындар бар. Осындай көптеген түйіткілді сұрақтар қоғамдық кеңеске келіп түсіп жатқанын жеткізді.

Бүгінде шет елдерден отанына мықты мамандар келуде. Олардың алды қазір тәуелсіздікті баянды ету жолында өз еңбектерін сіңіріп жатыр. Көшіп келген уақытта көбісі біліммен келгенін айтады.

Бойында патриот пен ұлтжандылық тулаған нағыз қаймағы бұзылмаған қазақтар келді. Сол үшін біз құт келді деп айтамыз. Елмен ел қосылса, құт болады деген жақсы сөз бар. Бір мысал келтіре кетейін, мәселен Германияны алып қарасақ, бұл мемлекет шет елдегі неміс ұлтын жан-жақтан шақырып, әлемде өзінің қандастарына деген бауырмал ел екендігін көрсете білді. Ал екінші орында біз қазақ елі тұрмыз. Сол себепті сындарлы саясат негізінде тәуелсіздік алған уақыттан бастап осы жердегі біздің халқымыздың кең пейілдігімен қонақжайлығының арқасында қаншама білімді азаматтар келді. Соның ішінде қазіргі таңда үш жүзге жуық ғалымдар, мыңға жуық кәсіпкерлер елімізде елеулі қызмет атқарып жүр. Олар қаншама адамды еңбекпен қамтамасыз етіп отыр, – дейді.

Көкшетау мен Нарынқол жақта болып қайтқан Жасан Зекейұлы ол жақтағы қандастардың еңбекқорлығы, жұмысқа деген бейімділігі жергілікті қазақтарға үлкен жол бастау болып отырғанын жеткізді. Кішкентай техниканың өзімен Кеңес үкіметі кезіндегі үлкен техникамен игере алмайтын жерлерді игеріп, мал өсіріп, ферма салып, елдің еңсесін көтеруде екенін айтады.

Жасан Зекейұлы: Қазақ елінің тәуелсіздік алуын әлем қазақтары асыға күтті

сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Олардан біздің жергілікті қазақтар үйреніп, бірдей тең дәрежеде еңбек етіп, байып келе жатыр. Міне, бұл деген сөз бізге қоныс аударғандар масыл емес, нағыз асыл қазақтар деп айтуға дәлел болады. Сол себепті тәуелсіздік  – ең біздің құнды, биік мерекеміз. Соған бір адам болса да, ат салысып, бір пайдамызды тигізу. Мың өліп, мың тірілген халықпыз ғой, соның арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Осының барлығы әрине, ауызбіршілік пен береке-бірліктің арқасы, – дейді медицина ғылымдарының докторы.

«Жас-Ай» медицина орталығының бас директоры Жасан Зекейұлы бүгінде үш қалада медицина орталығын ашқан. Бүгінде 300 мыңдай адамға көмек беріп, қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр.

Оның ішінде 100 мыңдай адамға тегін өзіміздің орталықтың атынан көмек жасаған едік. Сондықтан ғылыми жұмысымызды Оксфордта қорғадық. Әлем үздік ғалымы қатарына кірдік. Міне, бұл деген сөз біздің қазақ елінің, туының халықаралық аренада желбіреуі. Бұған біздің келіп жатқан қандастарымыздың да үлесі бар деген сөз. Тәуелсіздік жылдары қаншама өнер адамдары жазушылар келді. Енді тәуелсіздік одан әрі тұғырлы болу үшін көш тоқтамау керек, – дейді.

Тәуелсіздіксіз ештеңені елесте алмаймыз

Профессор тәуелсіздік деген ұғым жаннан да, қаннан да биік, таза болу керек деп санайды. Тәуелсіздіксіз ештеңе болмайды. Алаңсыз, бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымыз тәуелсіздіктің арқасы деп отыр.

Әр отбасының бақытты өмір сүруі тәуелсіздікке келіп тіреледі. Тәуелсіздік алмаған елдерді көрсеңіз, олар да өмір сүріп жатыр. Бірақ олар тәннің құлы болып кеткен. Яғни, жейтін ас пен нанның өзін біреуден сұрап алу арқылы өмір сүреді. Ал біздің рухымыз биік. Өйткені біз тәуелсіз елміз, туымыз аспанда желбіреп тұр. Президентіміз бар. Өз территориямыз бар. Қандай да бір дүниежүзілік жиналыстарда қазақ екенімізді көрсетіп, өзіміздің кім екенімізді таныта аламыз. Сол себепті тәуелсіздік бұл біздің әрқайсымыздың отбасымыз. Отбасы мен үшін де, сіз үшін де, бәріміз үшін де өте қымбат. Жанымызбен бірдей. Көздің қарашығындай қорғайтын ұғым деп ойлауымыз керек, – деді.

Тәуелсіздіксіксіз бір нәрсені елестету былай тұрсын, тәуелсіздіксіз ешқандай өмір де, мәнді тірлік те болмайтынын айтады.

Адамның толық өмір сүруіне үш нәрсе тән, жан, рух керек. Біз қазір тәнімізге тамағымызды тауып жүрміз. Ал жанымыз аш, яғни, ашыққан. Қазір адамдардың көбісі соны біле бермейді. Жан нені іздейді? Жан ол мейірімділікті іздейді. Жан адамдарға жасаған жақсылығыңыздан рақмет алуды іздейді. Сол себепті біз ұлтымызды руханиятқа, патриот болуға тәрбиелеуіміз керек. Мемлекетті биікке көтеретін – адамның ұлтжандылығы, осыны тәуелсіздікпен бірге алып жүруіміз қажет. Біз тек қана дүниенге емес, жанның рахатын, рухтың биіктігін бірінші орынға қоятын болсақ, тәуелсіздігімізді мәңгі сақтай аламыз, – деді Астана қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Жасан Зекейұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға