Жаңалықтар

Жас патриоттар марапатталды

«Үлкенге – құрмет,  кішіге – ізет», - дейді халық даналығы. 
Жас патриоттар марапатталды
24.06.2022 23:51 1786

Қарағанды облысындағы полигонда балалар жылына және Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығына арналған «Айбын» республикалық жиынының салтанатты жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды EL.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оған Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әскери-патриоттық клубтарының, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардының әскери колледждердің, мектеп-интернаттарының, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің 600-ге жуық жасөспірімі қатысты.

«Үлкенге – құрмет,  кішіге – ізет», - дейді халық даналығы. Осы дәстүрмен «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері ардагерлермен кездесті. Бұл күні жастардың жетістіктеріне қуанып, жарыстың аяқталуымен құттықтауға Спасскіге Халық қаһармандары, Ауған соғысының ардагері генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, генерал-майор Әлихан Жарболов, контр-адмирал Ратмир Комратов, генерал-майор Мұқан Дүйсекеев, авиация генерал-майоры Алсай Жұманов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов келді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен бүгінде қазақстандық жастарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жарысқа белсенді қатысып, әскери іспен айналысуды құптадыңдар. Өздеріңнің жетістіктеріңді, білімдерің мен дағдыларыңды көрсеттіңдер, жаңа достар таптыңдар. Төзімділік сыналды, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов жиынға қатысушыларға.

Ол әскери-патриоттық тәрбиенің қоғамның рухани-адамгершілік бірлігінің негізі ретінде маңызды екенін де атап өтті. Ол «Айбын» әскери-патриоттық жиыны жастарды тәрбиелеудің бірегей алаңына айналғанын тілге тиек етті.

Тартысты, табанды күресте барлық өңірден келген ұл-қыздар зияткерлік және шығармашылық байқауларда, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен өткен жарыстарда бағын сынады.

Сапта тұрған әрқайсың ынтамен білім алып, үздіксіз ізденіп, өздеріңді дамытумен айналысатын болсаңдар, міндетті түрде мақсатқа жететіндеріңе сенемін, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде.

«Жас сарбаз – жас тілші» номинациясында ҰҚК Шекара қызметінің «Сұңқар» әскери-патриоттық клубынан Дарья Токарева, Жетісу облысынан «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубынан Серікжан Бақтыбай «Үздік жас сарбаз» атанды.

 Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар арасында І орынды Жетісу облысынан «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубының, II орынды Түркістан облысынан «Арыс» әскери-патриоттық клубының, III орынды Ақмола облысынан «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының командасы олжалады.

Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар әскери-патриоттық клубтарының жарыстарында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Болашақ» әскери-патриоттық клубының командасы жеңіске жетті. ІІ орынды Құрлық әскерлерінің «Жас байланысшы» әскери-патриоттық клубы алды. Әскери полиция бас басқармасының «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубына III орын бұйырды.

«Жас ұлан» республикалық мектептері мен облыстық әскери мектеп-интернаттары арасында I орынды Сағадат Нұрмағамбетов атындағы елордалық әскери колледждің командасы жеңіп алды. II орынды шымкенттік Сабыр Рахымов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі, III орынды Семейдегі Шоқан Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» арнайы мектеп-лицей-интернаты иеленді.

«Айбын» республикалық жастар жиынының бас жүлдесін Жетісу облысынан келген «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубы еншіледі.

2015 жылы өткен «Айбынның» бірінші жиынында «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының іргетасы қаланып, даму жолы бастады. Осы уақыт ішінде ол елдегі барлық әскери-патриоттық жұмыстың орталығына, еліміздің барлық өңірінде жүздеген мың балалар мен жасөспірімдердің басын қосатын қызықты бастамалар мен игі істердің алаңына айналды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға