Жаңалықтар

Жас таланттар Роза Бағланова атындағы халықаралық конкурста бақ сынауда

Жас таланттар Роза Бағланова атындағы халықаралық конкурста бақ сынауда
Фото: «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы 27.09.2024 18:48 96

Қазақконцертте Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурсына арналған баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының мәліметінше, баспасөз мәслихатына Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасының орынбасары Азамат Сайлауұлы Белқайыров, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының директоры Таир Нұрланұлы Қаратаев,  қазылар алқасының төрағасы Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев,  Қырғыз Республикасының Халық әртісі Роза Асанқызы Аманова, Өзбекстанның Халық әртісі Мансур Ганиевич Ташматов қатысты.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасының орынбасары Азамат Сайлауұлы Белқайыров өз сөзінде:

Бұл мәдени іс-шараның мақсаты – аты аңызға айналған халықтың сүйікті әншісі Роза Бағланованың мол мұрасын көпке насихаттап, ұлттық және әлемдік мәдениет пен өнердің үздік дәстүрлерін жаңғыртуға бағытталып отыр. Байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы елімізден және алыс-жақын шетелдерден жас вокалистер қатысып жатыр. Аталған байқау дарынды вокалистерге жаңа көкжиектер ашады деп сенеміз. Киелі сахнаға жаңадан қадам басқан қатысушылар үшін бұндай конкурс өте үлкен мүмкіндік.

Бұл байқау – таланттардың шығармашылығын шыңдап, жаңа белестерді бағындыруы үшін тамаша алаң. Сонымен қатар, жас вокалистердің достық пен шығармашылық байланысын арттырып, өзара қарым-қатынасын жақсартуға зор ықпал етеді деген үміттеміз, -деді.

Байқау Қазақстанның және КСРО-ның Халық әртісі, Халық қаҺарманы, аты аңызға айналған әнші Роза Бағланованың шығармашылығын кеңінен насихаттауға, ұлттық және әлемдік мәдениеттің үздік дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғыртуға бағытталған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 50-ден астам өтінім түскен, олардың ішінен іріктелген 16 қатысушы екінші кезеңде қазылар алқасы алдында өнер көрсетеді.

Сахна сандуғашы Роза Бағланованың құрметіне арналған конкурстың қазылар алқасы қатарында Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қырғыз Республикасының Халық әртісі Роза Аманова, Өзбекстанның Халық әртісі Мансур Ташматов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Нұрлан Абдуллин, Жанна Орынбасарова, Жаннат Бактай және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Әлмадиев сынды атаулы өнер майталмандары бар.

Конкурс қорытындысы 28 қыркүйек сағат 19:00-де жеңімпаздар мен Қазақконцерт әртістерінің қатысуымен өтетен Гала-концертте жарияланады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға