«Жас саясаткер мектебі» бағдарламасы басталды
Бүгін «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясында Жас саясаткер мектебі ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Бағдарлама қатысушыларының алдында сөз сөйлеген партия Хатшысы Дәулет Кәрібек жоба жастардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
«Әрбір жас азамат мемлекет ісіне, ел ісіне араласуы керек. Мемлекет басшысы айтып өткендей, жас қазақстандықтар үнемі жетіліп, жан-жақты дамып отыруы тиіс. Саяси жаңғырту ісін жалғастыру және кәсіби мемлекеттік басқаруды енгізу үшін тиісті кадрларды даярлау қажет. Жалпы, еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі жастардың рөлін күшейту «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады», - деді ол.
Қазақстанның барлық өңірінен конкурстық негізде 50 қатысушы іріктелді. Олар 5 күндік белсенді оқыту курсынан өтеді. Бұл – көпшілік алдында сөз сөйлеу, саяси коммуникация, жобаларды басқару, көшбасшылық бойынша тренингтер, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі саяси құрылымы туралы дәрістер.
«Оқыту блогынан бөлек, бағдарламада белгілі саяси және қоғам қайраткерлерімен, ғалымдармен, Парламент депутаттарымен кездесулер қарастырылған. Қатысушылар ел дамуына ерекше үлес қосуға ұмтылады. Іріктелген 50 адам мансабын жоғарылатуға және Әділетті Қазақстанды құруға жол ашатын өз дағдысын, білімі мен құзыретін дамыта алатынына сенімдімін», - деді «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясының директоры Данияр Мұқитанов.