«Жас Сәтбаев ІІ» республикалық интеллектуалды ойыны өз мәресіне жетті
Алматы қаласында «Жас Сәтбаев ІІ» республикалық интеллектуалды ойынының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Күні кеше Сәтбаев Университетінде дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын «Жас Сәтбаев ІІ» республикалық интеллектуалдық ойынының финалы болып өтті.
Үш кезеңнен тұратын интеллектуалды ойынның негізгі мақсаты: жоғары сынып оқушыларының арасынан білімге қабілеті мол, дарынды да талантты жастарды іздеу, өз білімін, ақыл-ойының икемділігін, ойлау жылдамдығын және ең жақсы зияткерлік қасиеттерін көрсете алатын жас таланттарды табу.
Қаныш Сәтбаев атындағы Университеттің Жас ғалымдар кеңесі мен Ғылым департаменті бірлесіп ұйымдастырған бұл интеллектуалды ойынға биыл жалпы еліміздің түпкір-түпкірінен 300 мектеп оқушысы қатысты.
Ойынның жеңімпазы атану үшін 11 және 12-сынып оқушыларына өз білімділіктерін, тапқырлық пен жеңіске деген құлшыныстарын таныту керек болды. Олар қазақ және орыс тілдерінде техникалық пәндер (математика, физика, химия) бағыты бойынша сынға түсті.
Сонымен шешуші үшінші кезеңге жүзден жүйрік шыққан 10 жеңімпаз қатысты. Олар: Ғабиден Мәуленов (Ақтау), Аяулым Сағымбек (Сарқан), Зина Ақбөкен (Қызылорда), Анеля Махидинова (Алматы), Камилла Осикова (Алматы), Алуа Сламбек (Алматы), Зинура Джапарова (Алматы), Диас Туреханов (Алматы), Ақмарал Абдижалилова (Алматы обл.) және Ақтілек Советов (Абай обл.) болды.
Ойын нәтижесі бойынша 3-орынды Камилла Осикова, 2-орынды Анеля Махидинова жеңіп алды, финалистер бағалы сыйлықтармен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Ал 2023 жылғы «Жас Сәтбаев ІІ» интеллектуалды ойынының жеңімпазы болып Ғабиден Мәуленов атанды. Ол Сәтбаев Университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша шәкіртақысыз, тегін оқу үшін Грант ұтып алды.