Жаңалықтар

Жас робот техниктері әскерде бір күн болды

Оқушылар елорданың көрікті жерлерін аралап, Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи музейі орналасқан Ұлттық әскери-патриоттық орталығына болды
Жас робот техниктері әскерде бір күн болды
Фото: gov.kz 09.11.2022 14:21 2057

Қорғаныс министрлігі елордада «First global challenge» атты халықаралық чемпионатының жеңімпаздарына арнап әскери дискурс ұйымдастырды. Балалар еліміздің бас қаласына Бекзат Іңкәров бастаған жаттықтырушысымен бірге әскери ұшақпен келді, деп хабарлайды El.kz. 

Жас IT мамандарымен Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов кездесті. Ол балаларды жеңістерімен құттықтап, әскер мен қорғаныс өнеркәсібі саласында IT-технологияларды дамытудың маңызды екенін жеткізді.

– Әр жас бала, мейлі ол әскери мамандықты қаласын, мейлі ол басқа саланы таңдасын, алдымен ол Отанды қорғау деген абыройлы, аса маңызды міндетті орындауға дайын болуы керек. Бұл әр азаматтың қасиетті борышы ғана емес, ең алдымен, бұл елдің тәуелсіздігі жолында сан ғасырлар бойы күрескен ата-бабаларымызға деген құрмет және елді, жерді қастерлей білу. Біздің жастар – талантты. Біздің күшіміз - бірлікте. Отанымыздың игілігі жолында жаңа жеңістерге бірге жетеміз, – деп атап өтті генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.

Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика-математика бағытының оқушылары Ерасыл Әбілқасым, Жантөре Бейсенғали, Дария Исмагилова, Марғұлан Тұрғанбек, Эльнур Халметовтерді және № 24 дарынды балаларға арналған арнайы лицейдің оқушысы, «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушісі Нұрасыл Шәріповті «Назарбаев зияткерлік мектептері» ААҚ басқармасының төрағасы Күләш Шәмшидинова құттықтады. Білім беру мекемесінің басшысы мектеп оқушыларына жасанды интеллект пен робот техникасы саласында жаңа жобалар жолында сәттілік тіледі.

Ұлттық қорғаныс университетінде оқушылар әскери-ғылыми взводтың сарбаздарымен кездесті, оларға жобаларды әзірлеуге қандай жағдай жасалғаны көрсетілді. Бұл әскери бөлімше 2018 жылы құрылған болатын. Онда ақпараттық технологиялар саласында білім алған әскер қатарына шақырылғандар қызмет етеді. Әскери қызметшілер инженерлік-техникалық, робот техникалары, IT-технологиялары, 3D баспасы және киберқауіпсіздік салаларындағы ғылыми жобаларды әзірлеуге қатысады. Сонымен қатар олар құрастыру тәжірибесіндегі іс-әрекетке де тартылады.

Балаларды бүгінгі таңда әскерде олардың білімдері мен зияткерлік мүмкіндіктері қажет екені және оны қызықты жобаларда жүзеге асыру мүмкіндігі бары қатты қызықтырды.

Дәл осы күні оқушылар елорданың көрікті жерлерін аралап, Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи музейі орналасқан Ұлттық әскери-патриоттық орталығына болды.

Женевада өткен робот техниктерінің дүниежүзілік жарысына әлемнің 167 елінің оқушылары қатысқанын айта кетелік. Қазақстандық команда турнирдің «Grand challenge award» деп аталатын бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Алматы қаласындағы Зияткерлік мектебінің оқушылары техникалық қауіпсіздікті сақтайтын «Al Kharazwi» үздік ойыны, «Safety Award» – басқа командаларға көмек және тамаша қолдау көрсеткені үшін аталымдарында жеңіске жетті. Жас зияткерлер сондай-ақ үздік робот үшін жарыс төрешілерінің дәстүрлі түрде беретін «Judges Аward» арнайы сыйлығымен марапатталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға