Жаңалықтар

«Zhas Project» жобасы аясында жастарға 1 миллион теңге беріледі

«Zhas Project» жобасы аясында жастарға 1 миллион теңге беріледі
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 19.02.2024 12:01 1259

Биыл «Zhas Рroject» жобасы еліміздің 20 өңірінде іске асырылмақ. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров хабарлады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қайрат Телманұлының сөзінше, «Zhas Project» жобасының негізгі мақсаты - жастар арасында жобаларды іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру, білім беру және жүргізілетін жұмыстар арқылы NEET санатындағы жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау. Жоба шеңберінде NEET санатынан жергілікті қоғамдастықтардың 18 жастан 35 жасқа дейінгі проблемаларын шешуге бағытталған әлеуметтік жобаларға конкурстық негізде 1 000 000 теңгеге дейінгі сомаға шағын гранттар беру көзделген.

NEET санатындағы жастар - жұмыспен қамту және білім беру санатынан тыс, уақытша жұмыс істемейтін, білім беру ұйымдарында оқымайтын немесе кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан өтпейтін жастар. Жобаға қатысушылар мынадай талаптарға сай болуы керек: ҚР азаматтары, 18 бен 35 жас аралығындағы жастар болуы тиіс. Сондай-ақ өтінім беру сәтінде өңір аумағында тұрақты немесе уақытша тіркелуі, өтініш беруші өтінім берген сәтте уақытша тұрақсыз жастар мәртебесінде болуы қажет, - деп атап өтті Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы.

Қайрат Қамбаровтың айтуынша, әлеуметтік жобаларға қойылатын бірнеше талап бар. Мәселен, жоба жергілікті қоғамдастық пен әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталуы, 4 айдан аспайтын мерзімде іске асырылуы тиіс. Конкурс шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін және оның ішінде жобаны іске асыру барысында ақылы қызметтер көрсетуді, тауарларды сатуды көздейтін коммерциялық қызметке бағытталған жобаларға қолдау көрсетілмейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға