Жарылғамыс би
Ресей мен қызылдардың құрығына бұрын түскен солтүстік облыстың ұлттық тарихы ертерек тұмшаланды және де орталықтан алшақ болуына байланысты аз зерттеліп, өңіріміздің талай тарихи тұлғалары тарих қойнауында ұмыт, ескерусіз қалды. Сондай тұлғалардың бірі – Жарылғамыс би Тоқпайұлы.
Жарылғамыс би 1804 жылы қазіргі Жамбыл ауданының Пресногорьков мекені маңында дүниеге келіп, 1885 жылы бұрынғы Мұқыр, қазіргі Ғабит Мүсірепов ауданының Алғабас ауылында дүниеден өтті.
Жарылғамыс би жөнінде жазушы С. Мұқановтың «Аққан жұлдыз» кітабында, Н. Төреқұловтың «Қазақтың 100 бишешені» жайлы кітабында жазылған.
Жарылғамыс бидің тарих сахнасына шығуы, қоғамдық қызметінің басталуы Ресей патшалығының қазақ жерін отарлау, Россияның Есіл өзені бағытындағы шекарасын 200250 шақырымға дейін кеңейтіп, «Қасірет белдеуі» шекарасын жүргізуге байланысты туған қиын уақытқа тұспатұс келеді.
Омбы мұрағатының «Аманқарағай дуанының құрылымы» деген құжатта Жансары Уақ болысының биі Жарылғамыс Тоқпайұлы, старшыны Тілеп Байкүшіков деп, Жансары Уақтың үй саны – 5215, жылқысының саны – 25150 деп жазылған (1835 жылғы есеп бойынша – С.Ж.) осы құжатта Жарылғамыс билігіндегі Жансары Уақтың қыстауы деп қазіргі Жамбыл ауданының Пресногорьков және Озерный селолық округіне қарасты жерлерді жазған.
Бағланнан («Звериноголовск») басталатын «Қасірет белдеуі» бойындағы Пресногорьковта қазақ жерін отарлаудың бір штабы орналасуына байланысты Жарылғамыс би елін отарлаушылар Пресногорьковтан және белдеу бойынан қуып, атақонысынан ығыстырады. Омбы мұрағатының құжатында казактардың осы озбырлық істеріне қарсы Жарылғамыс бидің шағым хаты бар. Хатта казактардың озбырлығын айта келе, бұрынғы Керейдің Бәйтіке аталарына пайдалана тұруға берген Уақ жерлерін қайта алып беруін сұраған. Губерния басшылары Жарылғамыс би арызын қанағаттандырмағандықтан жерсіз қалған Жансары Уақтың Жарылғамыс би басқарған Тоқай, Самай деген аталары Есілге құятын Бітікей өзені маңындағы Мұқыр атты мекенге, қазіргі Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Алғабас ауылы жеріне қоныс аударуға мәжбүр болады. Кейін отаршылдардан қуғын көрген Жансары Уақтың басқа аталары да Есіл өзенінің қазіргі Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты жерлерге қоныстанады. Жарылғамыс би басқарған бұл жер 1847 жылға дейін Құсмұрын дуанына қарасты болып келсе, осы жылдан бастап Көкшетау дуаны жеріне қарап қалады. Ол былай болады: Алматы мұрағатында «О спорных местах между казахами Кушмурунского и Кокчетавского округа по реке Ишим» деген құжат бар. Осы құжатта Құсмұрын дуаны мен Көкшетау дуаны Жансары Уақ қоныстанған жерге таласып, ақыры АндағұлОраз, Бәйімбет болысының старшыны Зiлғара Байтоқин жеңіп шығып, Көкшетау дуанына қаратып алады.
Жиырма жасынан бастап билікке араласа бастаған Жарылғамыс Тоқпайұлы алдымен Тоқай ауылының, одан кейін Жансары Уақтың, одан кейін Құсмұрын дуанына қарасты Уақ руының биі болып билік құрса, 1850 жылдардан бастап Тоқсан бидің орнына Құсмұрын дуанының төбе биі болып сайланады. Ол кездегі сот жүйесі бойынша Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Сібір, Орынбор қазақтары жыл сайын өтетін төтенше съезге бағынышты болған. Осы елдердегі барлық даулы мәселе осы төтенше съезде қаралып отырған. Асқан шешендігімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен аты шыққан Жарылғамыс бисіз бұл съезд шешім шығармаған.
Жарылғамыстың төрт әйелінен тоғыз ұлы, бес қызы болған. Үлкен әйелі Балдай – Бағанаты елінің атақты адамы Сандыбайдың қызы, аға сұлтан болған Ерденнің қарындасы, екіншісі – Кіртан Сибан елінің Есенеймен аталас Өсіп дегеннің қызы. Үшінші әйелі Мәуке – Атығай еліндегі Мырзабек бидің қызы. Төртінші әйелі Күнтай – Бидалы Уақтың Өтей Төлегеннің нәсілі. Осы төрт әйелінен тоғыз ұл туады: Жәнібек, Жантемір, Ахмет, Махамбет, Қазыбек, Қазымбет, Қасымбек, Жүзен, Жүзрахмет. Осы аталған балаларының бәрі де ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бірінші ширегінде Петропавл уезі жерінде ел басқарған, ірі қызметтер атқарған. Қазір Ресейдің Сүргіт қаласында дәрігер болып қызмет атқарып жүрген өлке зерттеуші, Шал ақын ауданының Бірлік ауылының тумасы Амангелді Малдыбаевтың Петроград қалалары мұрағаттарынан алған деректері бойынша Жарылғамыс әулеті шетінен би болған екен. Жарылғамыстың әкесі Тоқпай Есетов 1828 жылы Жансары Уақтың биі болған (И. Слов- цов. «Путевые заметки». – Омбы, 1897).
Жәнібек Жарылғамысов Құсмұрын болысының екінші ауылында (Базарбай атты қоныста), Жантемір 1887-1890 жылдары Петропавл уезі, Құсмұрын болысының биі болған («Памятная книжка Акмолинской обл.» – Омбы, 1887). Қасымбек Жарылғамысов 1896-1899 жылдары осы болыстың биі болып істеген («Акмолинские областные ведомости», 1898 ж. №36). Шоқан Уәлихановпен бірге Омбының кадет корпусын бітірген Қазыбек Жарылғамысов та өз дәуірінің озық ойлы адамы болған, ол да осы Құсмұрын болысы алтыншы ауылдың биі болып істеген. Қазір осы тоғыз ұл, бес қыздан тараған ұрпақтар Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында, Көкшетау қаласында түрлі лауазымды қызметтер атқарып жүр.