Жарты ғасыр ғұмырын орман шаруашылығына арнаған зейнеткер
73 жастағы семейлік Жұмағали Сағадиев жарты ғасыр ғұмырын орман шаруашылығына арнаған. Қазақстандағы орман шаруашылығының, экологияның дамуына атсалысқан бірден бір маман. El.kz ақпарат агенттігінің тілішісі орманшымен тілдесіп, орманшы қызметінің қыр-сырын сұрады.
Жұмағали Сағадиев 1951 жылы Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында дүниеге келген. 1973 жылы Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетін тәмәмдаған. 50 жылға жуық орман шаруашылығы саласында қызмет етіп, Қазақстан экологиясына елеулі үлес қосып келеді.
Бала кезімізде жазғы демалыста Абай облысы Бесқарағай ауданындағы Марозов орман шаруашылығында ағаштардың арам шөбін жұлуға, тазалауға көмектесетінбіз. Әкем де біршама жыл орман шаруашылығында қызметте болып, зейнетке шыққан. Оқу бітірген соң Марозов орман шаруашылығында 9 жыл орманшы қызметінде жұмыс істедім. Кейін бөлім бастығы болып, 1985 жылдан бастап Марозов орман шаруашылығынын директоры қызметіне тағайындалдым, - дейді зейнеткер.
Жұмағали Сағадиев 2003 жылы Семей орманы резерваты құрылған кезде арнайы шақыртумен осы өңірге қызметін ауыстырады. Жаңа қызметке келе салысымен табиғи апаттың салдарынан өңірдегі күйген, жанып кеткен ағаштардың орнына қарағайды егумен айналысқан. Сол жылдары ормандағы қарағайдың аумағы 44 гектарды құраса, бүгінде 5100 гектарға жеткен. Ал тұқым себілген ағаштардың аумағы 13 гектардан асқан.
Жасы 70-ті алқымдаған азамат болса да жыл сайын экологиялық акцияларға белсенді қатысады. Студенттерге сабақ беріп, шәкірт те тәрбиелеп отыр.
15 жыл бойы Семей қаласындағы Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы университетте жас студенттерге сабақ бердім. «Қазтұтынуодағы агробизнес және экономика» колледжінде де оқытушы болып, сутденттердің емтиханына комиссия мүшесі ретінде қатыстым, - дейді кейіпкеріміз.
Зейнеткер биыл да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысып, 23 га жерге 110 мың ағаш егуге атсалысқан.
Сөзінше, биыл өңірде «Таза Қазақстан» акциясына 860 адам қатысқан. Ертіс өзенінің бойын тазалауға қосымша 12 акция ұйымдастырылды. Оған 2 мың ерікті мен студент қатысқан.
Жұмағали Сағадиев орман шаруашылығы саласында бірқатар жетістіктерге жетіп, Қазақстан экологиясында тың жаңалықтар ашты. Соның бірі туралы айтып берді.
Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан
2016 жылы Бесқарағай ауданындағы Каномерка орман шаруашылығының филлиалында Орталық Азияда кездеспейтін жылыжай ашылды. Онда швециялық комплексалды технологиялар қолданылды. Бұл тәжірибенің ерекшелігі 2 жылда өсетін көшетті, бір жылдың ішінде өсіреді. Ол үшін бірқатар тәжірибелерді бақыладық. Скандинавия елдеріне барып, технологияларымен таныстық, зерттедік, - дейді Сағадиев.
Айтуынша, бүгінде ол жылыжайларда жыл сайын 3 млн-ға жуық ағаш көшетін шығарады. Ағаштарды өртенген ормандарды қайта қалпына келтіру үшін қолданады. Сонымен қатар, қалған көшеттерді Қостанай ормандарына, Астанадағы саябақтарға егу үшін жібереді. Жалпы көшеттердің көлемін есептегенде жылыны 30 млн-дай көшет өсіріледі.
Кейіпкеріміз 1990 жылдары Қазақстан аумағындағы орман шаруашылығында ауқымды өрттер жиі болғанын айтады.
1997-98 жылдары болған өрттерде 150 мыңға жуық қарағай ағашы жанып кетті. Сол кездері шаруашылықта біршама қиыншылықтар болды. Техника, бензин, дизельдік отын тапшылығынан да қиналдық. Уақыт өте келе жанып кеткен ағаштардың орнына жаңа қарағай көшеттерін ектік. Соның барлығын өз көзіммен көрген соң, бүгінгі күнге дейін егу маусымы басталысымен қарағайдың көшеттерін саябақтарда, орманда егуге атсалысамын. Экологиялық акцияларға студенттер мен еріктілер келіп қатысып жатады, - дейді ол.
Жұмағали Сағадиев 2014 жылы зейнетке шыққанымен 2019 жылға дейін арнайы шақыртулармен орман шаруашылығы саласында және басқа да экологиялық бағдарламаларда қызметте жүрген.
Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан
16 жыл Семей орманы резерватында басшылықта болды. Өткен жылы өңірде болған қайғылы жағдайдан кейін шаруашылықтың жұмысы қайта жанданып келе жатқанына тоқталды.
Былтырғы Семей орманындағы өрттен кейін 5139 гектарға ағаш егілді. Жылдан жылға ағаштардың санын көбейтеміз деп жылыжайлардың жұмысын күшейтіп жатыр. Стандарт бойынша бір гектарға 4760 көшет отырғызамыз. Бұның өзі үлкен жұмыс пен күшті талап етеді. Орманның жанынан өткен сайын өңірдегі ахуалды бақылап отырамын, - дейді Сағадиев.
Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан