Жаңалықтар

Жартастағы галлерея

Тарихи жәдігер
Жартастағы галлерея
14.03.2017 09:52 13775

Тау-тасына тіл біткен қазақ даласының қай түкпіріне барсаңыз да, тарихи жәдігерлерді кездестіруге болады. Ұлан-ғайыр жеріміздің әрбір аймағы тұнып тұрған тарих, сарқылмас шежіре. Археологиялық құндылықтарды зерттеп-зерделеу мақсатында Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының Астана филиалы мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері бірігіп жұмыс атқарды. Ғалымдар Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Еңбекші ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жерде орналасқан Қола дәуірінің ең көрнекті жартас суреттеріне барлау экспедициясын қайта жүргізді. Экспедиция нәтижесі туралы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеевпен сұхбаттасқан едік.

–  Әзілхан Әуезханұлы, жартас суреттеріне жүргізілген эскпедиция туралы айтып берсеңіз.

–  Экспедиция кезінде Атасауысқандық, Баласауысқандық тау жоталары, Сауысқандық өзенінің оң жағында орналасқан Сүлеймен жайлауының іргесіндегі Үлкеншоқы, Кішішоқы тау жоталары жартастарындағы петроглифтер зерттелді. Зерттеу барысында Қаратау жартас суреттерінің мерзімдік ерекшеліктері ежелгі Қола дәуірінен бастап ортағасырлық, қазіргі этнографиялық кезеңдерге дейін созылып жатқандығын байқадық. Жартас суреттерінің басым бөлігі Қола кезеңіне жатады. Суреттерде бейнеленген сол заманның тыныс-тіршілігі адамзаттың шығармашылық дамуының жарқын кезеңі болғандығын айқындайды. Қола дәуірінде өнер түрлері, оның ішінде петроглифтер, яғни, жартасқа сурет салу өнері ерекше дамыған.

– Қаратау маңындағы жартас суреттерінен қандай бейнелерді кездестіруге болады?

– Жартастың теп-тегіс жазық бетіне аңдардың, адамдардың бейнесін немесе белгілі бір сюжеттік желіге құрылған тұтастай композициялар шекімелеп түсірілген. Сол кезеңдері адамдардың қоршаған ортаға деген көзқарастары күрделеніп, репертуарлары түрленіп, шаруашылық-мәдени қызметтеріндегі технологиялық дамуы нәтижесінде ой-танымындағы өзгерістер жартастарға суреттермен салынған. Олар ашық аспан астында су көздерінде орналасып, түрлі культтік-мистикалық табыну ғұрыптарын жасап, діни-мифологиялық көріністерін жартас беттеріне түсірген. Жартастағы суреттер арқылы айналада болып жатқан құбылыстарды, білімі мен тәжірибесін, өздері жөніндегі мәліметтерді символдар арқылы кейінгі ұрпаққа қалдырып отырған. Қазақстандағы жартас суреттерінің көп бөлігін зооморфтық бейнелер кұрайды. Жартастардағы ешкі, арқар, өгіз, жылқы, кұлан, түйе, таутеке, қабан және т.б. аңдардың бейнелері егіншілік шаруашылықпен қатар, діни-наным сенімнің дамуымен байланыстырылады. Қаратаудағы Сауысқандық жартасынан ит пен қасқырдың, бұғы бейнесін кездестіруге болады.

– Ежелгі суреттерді зерттеу қашан басталған еді?

– Жартастағы бейнелер ғалымдар тарапынан зерттеліп, М.Қ.Қадырбаев пен А.Н.Марьяшевтың «Наскальные изображения хребта Каратау» атты кітабында жарияланған. XX ғасырдың 60-70 жылдары археология ғылымындағы жартас суреттеріне деген ерекше кызығушылық бүгінгі ғалымдардың жеке зерттеулеріне ұласты. Соңғы жиырма-отыз жылдықта әлем ғалымдары арасында да жартастағы суреттерді зерттеуге жалпы ұмтылыстың болуы тарих үшін жаңаша көзқарастар қалыптастырып келеді. 2004 жылы археолог М.Елеуов бұл маңның географиялық координаттарын анықтап, жартастағы суреттерге толық сипаттамасын берген. Ол Үлкен Сауысқандық және Бала Сауысқандық тауларының аралығында орналасқан суреттерді шартты түрде бірнеше топқа бөліп қарастырады. Жалпы қазақ жерінің шексіз таулы-далалы аймақтарынан жүздеген жартас суреттерінің орындары анықталды. Олардың оншақтысы ежелгі ғибадатханалар, яғни ежелгі адамдардың ұзақ уақыт бойы мекендеген тұрағы, рухани мәдениетінің жетістігі деп айтуға болады.

– Рухани мәдениет жетістігі дедіңіз, сол кезеңнің рухани дамуы немен өлшенеді?

– Қола дәуіріндегі тайпалардың дүниетанымы түгелдей табиғатқа тәуелді болды, сондықтан адам табиғат күшін кұдірет деп білді. Мұндағы ең маңыздысы - жартастағы суреттерде адамның әртүрлі бейнеде салынуы. Біріншіден, өсіп-өну культі, екіншіден, сол кезеңдегі наным-сенімге сәйкес пұтқа табынушылық, үшіншіден, жақсылыққа, гүлденуге және сәттілікке ұмтылысты негізге ала отырып бейнеленуін айтуға болады. Жартастағы бейнелер адамға күнделікті өмірдегі үй жануарлары да, дала жануарлары да таныс болғандығын, шаруашылықтарында міндетті түрде пайдаланылғанын көрсетеді. Әсіресе, аңдар бейнесі кiшiгірiм ғибадатханаларда көптеп кездеседі. Олардың ішінде eшкi мен арқарлардың бейнеленуі ғұрыптық дәстүрмен, көктемді қарсы алу немесе егіншілік культімен байланыстырылады. Қола ғасыры ғибадатханаларында eшкi бейнесі жиі ұшырасады. Жартас суреттерінің ішінде стилистика бойынша «зооморфты» ешкінің бейнеленуі анық реалистік емес мінез-кұлықты бөліп көрсетуге мүмкіндік береді.

З.С.Самашев және С.С.Мұрғабаевтың «Сауысқандық жартас суреттеріндегі қола дәуірінің бейнелері» атты мақаласында әр түрлі кейіпте кескінделген антропоморфты бейнелер мен өніп-өсу культіне байланысты ортақ композициялар көп кездеседі. Олардың кескінделу пішінінде белгілі бір тұрақтылық болмағанымен, барлығына ортақ күн іспеттес шуақ белгілері бар.

– Бас бөлігі күн бейнесінде кескінделген суреттер Тамғалы тас жартастарында кездеседі. Сауысқандық петроглифтерінде де сол бейне бар болғаны ма?

– Біз зерттеу жүргізген жартас суреттерінде күнбасты кейіпкер кеңінен таралған. Олардың қатарына Орталық Қазақстанның Байқоңыр, Оңтүстіктің Ішкі Қызылқұм, Саймалы-Таш жартас суреттерін қосуға болады. Бұл кейіпкерлердің айқын бейнесі Тамғалы жартас суреттерінде кескінделген. Біз қарастырып отырған Қаратау жотасында күн бейнесі көп жағдайда таңба, белгі ретінде кең тараған. Ал антропоморфты кейіптегі күнбасты бейнелер осы уақытқа дейін бұл аймақта белгісіз болып келді. Әйтсе де, соңғы зерттеулердің нәтижесінде олардың сирек болса да, жартас суреттерінде бар екендігі байқалып отыр. Мысалы, Сауысқандық жартас суреттерінде кездесетін екі күн бейнесі өзінің кескінделу ерекшелігі жағынан Тамғалы жартас суреттерімен өте ұқсас болып келеді. Сауысқандықтың негізгі топтарынан алшақтау орналасқан жартастардың бірінде күн бейнесі суреттеледі. Сауысқандық ІІІ тобындағы кеудесі қос үшбұрыштан тұратын «садақшылар» бейнеленген көріністен қолын бүйіріне таянған «шуақ» бейнесіндегі сызықтар орнына басын айнала ойықтар көрсетілген антропоморфты бейнені көруімізге болады.

– Зерттеу барысында суреттерден басқа қандай дүниелер кездесті?

– Мұнда Сауысқандық жартас суреттерімен қатар, жерлеу орындары да кездеседі. Жерлеу ғұрпы, жалпақ тастардан жерге жартылай батырып орнатқан қоршау түрінде болып келеді. Тас қоршаулардың пішімі әр түрлі, тіктөртбұрышты, кейде тіпті шаршы түрінде де кездеседі. Әдетте, қоршаудың орта шенінде қабір болады. Қабір қабырғалары кішігірім жалпақ тастардан қаланған тас сандық сияқты. Тас сандықтың үсті (беті) бір немесе екі-үш жалпақ тастармен жабылады. Кейде оның қабырғалары да тігінен қойылған үлкен тастардан жасалады. Яғни, осы аймақтағы жерлеу орындарымен, жартастарға салынған суреттерден байқап, Қола дәуірінің тайпалары өмір сүрді деп сенімді түрде айтуымызға болады. Осындай жерлеу орындарының құрылысы Орталық Қазақстандағы қола дәуіріне жататын Нұра кезеңінің ескерткіштеріне де тән. Қола дәуірі тайпаларының жерлеу және ғұрыптық орындарын анықтау, оларды зерттеу ұлттық тарихымыз үшін өзекті екендігі сөзсіз. Бұлай деуімізге себеп те бар. Өйткені, қазақ қоғамына тән этникалық, мәдени және шаруашылық элементтер және қазақ халқының антропологиялық негізі қола дәуірінен бастау алады.

– Жартас суреттеріне қатысты әлі де зерттелуге тиісті жұмыстар бар ма?

Қаратауда ертеден қалған жартастағы суреттерді зерттеу, тарихи мазмұнын жан-жақты ашу біршама киындық келтіреді. Бұл жерде кандай тайпалар тұрды, неліктен басқа жаққа коныс аударды, климаттық жағдайы қаншалықты дәрежеде болды деген мәселелер әлі де болса ғалымдар үшін шешімін таппаған сұрақтар. Бүгінгі күні біздің алдымызда салыстырмалы зерттеу әдісін пайдалана отырып, тарихи талдау жасау міндеті тұр. Біз жартасқа бейнеленген суреттердің жасын анықтаумен шектелмеуіміз керек. Ашық аспан астында осы уакытқа дейін сақталған жартас суреттерінің салынуын, қолдану техникасын жіті назарға алуымыз қажет.

2014 жылы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Сауысқандық жартас суреттеріне құжаттамалық жұмыстар жүргізілді. Бүгінде ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енгізу негіздемесі де дайындалып жатыр. Еліміздің тарихи мұраларынан Алматы облысындағы Тамғалы тас суреттері жоғалып кеткен дала өркениетінің ерекше куәгері ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Бұл ескерткіштен Сауысқандық жартас суреттері де кем түспейді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға