Жаркентте Жақыбаевтар әулетінің 33 адамы бір мезетте таңдау жасады

Жаркенттік Жақыбаевтар әулеті дауыс берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәуелі бәйтеректей жайқалған Жақыбаевтар әулетінен 33 адам бір мезетте Панфилов ауданы Жаркент қаласындағы № 326 дауыс беру учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады.
Бұл әулет жазиралы Жаркентте туып, өсіп-өніп, ұрпағын өрбітіп отыр. Дауыс беру учаскесіне балаларымен бірге келген 85 жастағы Азия Жақыбаева:
Ұрпағының жарқын болашағын қалайтын әр адам сайлауға зор үмітпен келеді. Біз де әулетімізбен бірге келіп, таңдауымызды жасап тұрмыз. Тәуелсіз еліміздің болашағы дегенде барлығымыз бір кісідей жұмылуымыз керек, – дейді.
9 бала, 36 немере, 69 шөбере сүйіп отырған ана әр адам қабылдаған шешім мемлекетіміздің одан әрі дамуына әсер ететінін айтып, жұртшылықты дауыс беруге шақырды.
