Жәрдемақы алу қиындайды: АӘК беру тәртібі өзгереді

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау тәртібі өзгереді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялаған жаңа жобада айтылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа ережеге сәйкес, АӘК алғысы келетін азаматтар өздерінің банк шоттарындағы ақшасы, шығындары, несиелері, микрокредиттері мен депозиттері туралы толық мәлімет ұсынуға міндетті болады. Бұл ақпарат тек азаматтың келісімімен ғана қаралады.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігін өзгерту арқылы шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарды анықтап, оларға нақты және әділ қолдау көрсету көзделіп отыр, – делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік бұл өзгерістер АӘК-ті әділетті бөлуді, ашықтықты арттыруды және ресурстарды нақты мұқтаж жандарға бағыттауды көздейді. Қоғамдық талқылау 5 мамырға дейін жалғасады. Егер жоба қабылданса, жаңа ереже 2025 жылдың желтоқсанынан бастап күшіне енеді.
Қазір АӘК кімдерге беріледі?
АӘК алуға құқығы бар азаматтар:
-
Қазақстан азаматтары;
-
Кандастар (оралмандар);
-
Босқындар;
-
Қазақстанда тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар.
АӘК отбасының орташа табысы кедейлік шегінен төмен болған жағдайда тағайындалады. Бұл табыс отбасының жалпы табысын мүшелер санына бөлу арқылы есептеледі.
2025 жылдан бастап кедейлік шегі – соңғы тоқсандағы медиандық табыстың 35 пайызы, бірақ ол аймақтық күнкөріс минимумының 70 пайызынан кем болмауы керек.
АӘК алу жолдары:
Азаматтар АӘК алу үшін:
-
Тұрғылықты жері бойынша әкімдікке,
-
Карьера орталығына,
-
egov.kz порталы арқылы өтініш бере алады.
Өзімен бірге жеке куәлік немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқын куәлігі не қандас куәлігі болуы жеткілікті.
АӘК-ке қанша қаржы бөлінді?
2024 жылы АӘК-ті төлеуге 39,5 млрд теңге жұмсалды, 78,1 мың отбасыдан 413,7 мың адам алды. 2025 жылға бұл көмек түріне 132,9 млрд теңге қарастырылып отыр, ол 1 миллион адамға беріледі деп жоспарлануда.
Маңызды өзгеріс: Жаңа ереже қабылданса, АӘК-ке өтініш бергендер өздерінің қаржылық жағдайын толық көрсетуге мәжбүр болады. Бұл көмекті тек шын мұқтаждар ғана алуы үшін жасалып отыр.
