Жаңалықтар

Жар таңдау – жауапты іс

Жар таңдау – жауапты іс
Фото: massaget.kz 06.11.2022 15:59 3717

Сіз болашақта қандай жар болғанын құп көресіз? Қандай қасиеттерін жоғары бағалайсыз?

Міне, осы сауалдарға біздің дәуіріміздің ІІІ ғасырында жазылған үнді дәрігері Малланаға Уатсиананың «Камасутра» атты трактатының «Жар таңдау туралы» бөлімінде тап-тамаша жауап береді екен. Онда: «Ер жігіт оқу оқып, білім алғаннан кейін жар таңдайды. Сонда ол мынаны білуі керек, болашақ жарым болсын дейтін қыз бейкүнә, таза жан болуы тиіс. Ең кемі үш жас кіші болсын. Көргенді отбасында тәрбие алсын. Әкесі жағынан да, шешесі жағынан да туыстары көп болса, құба-құп. Бет әлпеті әдемі, ал өзі тәрбиелі де есті. Дене бітімі үйлесімді, дамыған, тістері, тырнақтары, көз жанары, құлағы мен кеуде бітімі жақсы, денсаулығы мығым болғаны дұрыс» - деген.

Ғасырлар бойы осы іспеттес әйел қасиеттеріне сүйенген дәстүрден бүгінде жаңыла бастаған секілдіміз...

Азия барысы болуға ұмтылып жүрген біздің қоғамның жастары жоғарыдағыдай талаптарға сүйеніп жүр ме? Әлде нарықтық жүйенің талаптарына бағына ма?

Бұл сұрақтардың түйінің тарқатпас бұрын бабаларымыздың жар таңдау дәстүрінде қандай мәселелерге ерік бергенін шолып көрсек. Хакім Абай:

«...Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!

...Ақыл керек, ес керек, мінез керек,

Ер ұялар іс қылмас қатын зерек.

Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез,

Жыртың-тыртың қызылдан шығады ерек.

 ...Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма», - деп көріктен ақыл-парасатты жоғары бағалайды. Жалпы данышпан Абайдың көрсеткеніндей сол заманда ер жігіттер тәрбие көрген, тегі мықты үйден қыз алуды мақұл көрген. Тіптен, жар таңдау мәселесінде бүгінгі ХХІ ғасыр жастарының кейбірі Абай айтқан өсиетке сүйеніп те жүр.

Ал Абайдан бір ғасыр бұрын өмір сүрген Шал ақында жар таңдау кезінде назарда ұстау керек деп мыналарды санаған екен:

«Жақсы әйел бойын түзеп сылақтайды,

Өз байынан басқаны ұнатпайды.

Үйіне мейман түссе «хош келдің! деп

Еш адамнан рұқсат сұратпайды».

ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Шал ақын жақсы жарды, әйелді осылайша бейнелейді. Сол кезде әйел таңдар алдында басшылыққа «қонақжайлық, басқа ерге төсегін жылытпайтын, текті, ақылды жар таңдап отырған», деп түйсек те болады. Егерде олай болмаса, бүгінге ұйысқан ел ретінде жетпес бе едік?..

Шыңғыс хан басқа елді жаулауға барар алдында тыңшыларына сол елдің әйелдерін зерттеткізеді екен. Егерде әйелдері басқа ерлермен зинаға тез түсіп, ерлеріне бағынбайтын болса ешқандай да дайындықсыз шабуыл жасай беретін көрінеді. Демек, тұтас қауымның қыз тәрбиелеуі, жар таңдауы, жарын тыю мәселесі ұлт ретінде сақталуының негізі болған. Бұл дәстүрден бабаларымыз жаңылмаған да. Бұған Шал ақынның қоғамға қарата айтқаны дәлел болса, түркі тілдес халықтарға ортақ Жүсіп Баласағұн дұрыс жар таңдау туындысы айшықтай түседі. Әлем әдебиетінің бірігей тұлғасы Ж.Баласағұнның «Құтты біліктің» 62 бабында:

«Әйел алмақ болсаң егер, қарарсың,

Жіті бағып, таңдаулысын аларсың!

Жақсы болсын тегі, заты, ұрығы,

Пәк, ұяты болсын жанның тұнығы.

Дұрыс үйдің қызын ал, қол тимеген,

Сенен өзге еркек жүзін көрмеген.

Сені сүйіп, басқа жанды білмесін,

Жаман, тексіз қылық істеп жүрмесін.

Көркін емес, ізгі құлқын қыларсың,

Жақсы болса, ерірсің де жанарсың!

Өз теңіңді ал, алсаң – қатын алмағын,

Ей, есті ер, ақылдысын таңдағын», - деп жырлаған екен.

Ғасырларды артқа тастаған біздің елдің жастары бүгінде жоғарыда халқымыздың бірігейлері келтірген дәстүрден жаңыла бастағандай.

Бәлкім нарықтық заманның әсері ме? Әлде, адамдық, адамилық қасиеттердің қажеттілігі керек болмай қалды. Бұл сұрақтардың жауабын іздеп, үйленуге бел байлап жүрген жастарды әңгімеге тарттық.

Азаматтардың көбі жар таңдау кезінде қыздың мінезіне қарағанда көркіне, арына емес ақшасына, білік-білімінен көрі үйіне не көлігіне баса назар аударады екен. Одан қалса әкесінің немесе ағайын-туыстарының қызметін есепке ұстайтын көрінеді.

Жастардың бұлай жар таңдауына ата-аналарда кінәлі секілді. Жастармен сұхбат құрып жүргенде бір жігіт «талай қызбен жүрдім, бірақ шешеме ешқайсысы ұнамай қойды. Анам қыздың бай болғанын қалады. Ал менің достасқан қыздарым дәулетті болмады. Міне, содан ба қазір 27 жасқа келсем де салт болып жүрмін», деді.

ХХІ ғасырдың компьютер басты жастары қандай жар таңдаса да өз еріктерінде. Бірақ, отбасы мемлекеттің фундаменті, іргесі екенің ұмытпайық.

Ал сіз қандай жар таңдайсыз?

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға