Жаңалықтар

Жақып Асанов болашақ менеджерлерге табысқа жетудің жолын айтты

Жақып Асанов болашақ менеджерлерге табысқа жетудің жолын айтты
Фото: parlam.kz 09.11.2024 00:40 495

Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов Astana IT University алаңында өткен «Project Management Workshop» воркшоп шарасына қатысты. Ол өз сөзінде қатысушыларға баса назар аударудың маңыздылығы мен жобаларды басқаруда қажетсіз істерден бас тарту туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шараға кәсіби даму мен жобаны басқару дағдысын жетілдіруге мүдделі студенттер мен жас мамандар жиналған болатын.

Алаңдататын көптеген тапсырмаларға «жоқ» деп айта білу және басты нәрсеге назар аудару – табысқа жетудің басты жолы. Мақсаткерлік пен табандылық өркендеген компания құруға және орнықты нәтижеге қол жеткізуге көмектеседі. Маңызды нәрсеге назар аударып, оған жету үшін бар күшіңізді салуға тура келеді. Нәтижеге бағытталған топ құрғанда оған қандай құрал ұсынуға болатыны нақты белгілі. Ол – жобаны басқару, - деді Жақып Асанов.

Ол  негізгі міндеттерге баса назар аударудың арқасында серпіліске қол жеткізген табысты компаниялар туралы мысал келтірді.

Сенат төрағасының орынбасары жас мамандарға арнап сөйлеген сөзінде 1996 жылы Стив Джобстың басшылығымен портфолиосын 40 өнімнен төртке дейін оңтайландырып, олардың көмегімен жаһандық империя құрған Apple сияқты табысты компания туралы айтты. Сенатордың пікірінше, мұндай компанияның тәжірибесі серпіліс мақсатында қажетсізден арылып, басты міндетке назар аудару қажет екенін көрсетіп отыр.

Қатысушыларды өз жобалары мен жеке мақсаттары бойынша белсенді жұмыс істеуге құлшындырған шарада қазіргі жағдайда кәсіби өсу мен табысқа жетуде тиімді басқару мен мақсатты жұмыстың маңыздылығы атап өтілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға