Жаңалықтар

Жануарларға жанашыр жандар

Ветеринарлық емхананың бір күні
15.06.2016 03:09 9592

Менің бір танысым ветеринарлық емханада істейді. Қашан хабарлассам да, «кейінірек хабарласшы! Мен ота жасауға кетіп барамын» дейді. Адамға ота жасаған дәрігерді теледидардан да, ғаламтордан да талай көріп жүрміз ғой. Ал, наркоздың күшімен күшік, мысықтардың ішек-қарнын «ақтарып» жатқан дәрігерлерді көз алдыма еш елестете алмай-ақ қойдым. Сондықтан, қаладағы ветеринарлық емханалардың біріне барып, олардың бір күндік тұрмыс-тіршілігімен танысқанды жөн көрдім.

Жануарларға жанашыр жандар

Астана қаласындағы ветеринарлық емханалардың саны 10-нан аспайды. Олардың басым бөлігі жертөлелер мен көпқабатты пәтерлерде орналасқан. Ғаламтор арқылы байланыс телефондарын тауып алып, хабарласқанымызда, біздің репортаж жасау туралы идеямызды құптай кеткендер аз болды. Кейбірінің жертөледе орналасқандығы біздің көңілімізден шықпады.

Жануарларға жанашыр жандар

Өзіміз ұзақ іздеген емханаға біз кездейсоқ тап болдық. Қала орталығындағы көшелердің бірінде орналасқан бұл емханада жануарларға арналған қызметтің түр-түрі бар екен. Мұнда дәрі-дәрмекпен қатар, жем, киім, үйшіктер, торлар, үй жануарларына арналған арнаулы әдебиет те сатылады.

Сондай-ақ, емханада үй жануарларына ветеринарлық-санитарлық кітапша аштырып, чип жасата аласыз. Жануарды халықаралық базаға тіркеп, оның денсаулық жағдайы туралы анықтама да аласыз.

Жануарларға жанашыр жандар

Мұндағы дәрігерлер жануарларға құтыруға қарсы екпелер мен вакцина егеді, олардың қан құрамын зерттейді.

Жануарларға жанашыр жандар

8 жасар Әнел емханаға өзінің Макси атты мысығын емдетуге келген екен. Максиді оған анасы сыйлаған. «Үй жануарларын өте қатты жақсы көремін. Күшік те асырағым келеді. Бірақ, ол өсіп, үлкен ит болғанда, қасына жолауға қорқатын сияқтымын» деп жылы жымиды Әнел. Бұл күні ол мысығына екпе ектіріп қана қоймай, ветеринарлық-санитарлық құжат алды.

Жануарларға жанашыр жандар

Банан мен бақбақ жейтін тасбақа

Жануарларға жанашыр жандар

Ал, 10 жастағы Никита – ерекше жануардың қожайыны. Мынау суреттегі тырбаңдаған тасбақа бір жылдан бері оның айнымас серігіне айналған.

Жануарларға жанашыр жандар

Никита неліктен тасбақа асырайтынын бізге былайша түсіндірді:

«Бұл – ортаазиялық құрлықтық тасбақа. Мен оған Леонардо деп ат қойдым. Сырт көзге жер қозғалса, қозғалмайтын тіршілік иесі болып көрінгенімен, оның қасында ешқашан ішім пысқан емес. Мен Леонардомен арқасынан сипап отырып сөйлесемін. Ол бәрін түсінеді, бірақ, ештеңе айта алмайды. Үйде өзінің террариумы бар. Еден салқын болғандықтан, көбіне сол «жылы ұясында» жатады».

Жануарларға жанашыр жандар

Никита бұл емханаға өзінің сүйікті досы бірнеше күннен бері нәр татпай қойғанына алаңдағандықтан келген екен. Дәрігер Леонардоның ағзасында макро/микроэлементтер аз болғандықтан, оның сұлқ түсіп жата беретінін айтты. Әншейінде, бақбақ гүл мен банан, күн сайын қызанақ жеп жүрсе де, Леоға дәрумен жетіспейді екен. Айтпақшы, ең қызығы, осы күнге дейін қожайындары «жігіт» деп ойлап келген Леонардо ұрғашы болып шықты! Никита енді оны Леонарда деп атаймын деп отыр.

Қоғамға пайдалы мамандық 

Нұрлан Сүлейменов

Бір қызығы, емханаға келушілердің саны біз ойлағаннан әлдеқайда көп болып шықты. Кірген-шыққан кісі санының көптігі сондай, дәрігерлердің бізге бір ауыз пікір айтуға шамасы болмады. Сондықтан, біздің ветеринарлық емханаға екі күн қатарынан баруымызға тура келді. Емдеу шараларының арасында Нұрлан Сүлейменовтің жанына жетіп барып, аз-кем тілдесудің сәті түсті. Ол 7 жылдан мал дәрігері қызметін мүлтіксіз атқарып келеді.

– Көбіне қандай жануарларды емдейсіз?

– Несін айтасыз, сан түрлі экзотикалық жануарларды емдейміз. Олардың арасында ысылдаған жыланнан сасық суырға дейін бар. Әрқайсысына әртүрлі күтім қажет болғандықтан, әрдайым ізденісте жүреміз. Сақтық шараларын барынша назарда ұстаймыз. Алғаш жұмысқа келген кезде қолым жырым-жырым болып жүретін. Қазір мысық не ит айбат шегіп тұрса, ішкі түйсігім бірден сезе қояды. Жалпы, жануармен жұмыс істеген өте қызық. Ешқашан ішің пыспайды.

– Клиникаға келетін жандардың басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері сияқты ғой?

– Жоқ, қателестіңіз. Соңғы жылдары күшік, мысығын көрсетуге келетін қандастарымыздың саны едәуір өсті. Бізге тұрақты түрде келетін адамдардың 70 пайызға жуығы қазақтар деп айта аламын.

– Сіздер де «Жедел жәрдем» қызметі сияқты үйлерге барады екенсіздер. Қожайындар көбіне қандай жағдайда үйге шақырады?

– Үлкен-үлкен иттердің қожайындары мен емханаға келетін көлігі жоқ кісілер жиі хабарласады.

Жануарларға жанашыр жандар

– Дәл осы мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

– Біз мектеп бітіріп жатқан кезде сыныптастарымның көбісі заңгер немесе қаржыгер мамандығын таңдады. Олар сол кездегі сәнді мамандықтар еді. Бірақ, мен өзімнің жағдайыма қарап, сол жылдары грант көп бөлінген әрі қоғамға пайдалы мамандықты таңдадым. Қазір осындай таңдау жасағаныма өкінбеймін. Бүгінде менен барлық таныстарым, туыстарым кеңес сұрайды. Еңбекқор адам қоғамның кез келген саласына өз үлесін қоса алады.

– Жұмыстағы бір күніңізді сипаттап беріңізші.

– Жануарларға екпе жасап, жарақаттарын емдейміз. Оларды туғызамыз, жағдай тым күрделі болса, кесір тілігіне жүгінеміз. Қожайындарына кеңес береміз, дәрілер жазып береміз. Қазір жануарлардың арасында жұқпалы аурулар жиі кездеседі. Соларға вакцина егеміз. Ал, жұқпалы емес аурулардың көбі астан келеді. Қандай тамақ беруге болатыны жөнінде кеңес беріп отырамыз.

– Ит-мысықтарды тегін емдеген кезіңіз болды ма?

– Иә, қаңғыбас ит-мысықтарды тегін емдейміз. Осы тұста мына нәрсені айтқым келеді: бізде жануарларға деген құрмет төмендеу, қожайындардың жауапкершілігі аздау екені жасырын емес. Мәселен, әлдебір иттің иесі ол күшіктеген кезде ішіндегі еркек күшіктерді таңдап алады да, қалғанын қаңғыртып жібереді. Міне, осыдан кейін көшеде қаңғыбас иттер көбейеді. Мұндайда  иттерді бірден піштіріп тастау керек. Оқырмандарға айтарым, асыл тұқымды емес жануарларды піштіріңіздер! Жануар ауырсынады деп уайымдаудың қажеті шамалы. Ол – наркозбен жасалатын процесс. Кастрация қоғамдағы тепе-теңдікті сақтау үшін, антисанитарлық жағдайды бір қалыпта ұстап тұру үшін  жасалады. Оған дінде тыйым салынбаған.

Сонымен қатар, екпені уақытылы алып, үй жануарларының тамағына көп көңіл бөлу керек. Негізінен, оларға институт арнайы дайындаған жоғары класты тағамдар немесе үй тамағын берген дұрыс.

«Жұлдыз» болғысы келмейтін мысық 

Жануарларға жанашыр жандар

Мынау мысықтың аты – Гермес. Несеп-тас ауруына шалдыққан Гермес мұнда қожайынымен бірге жиі келеді. Жирен шашты ару «сені суретке түсіріп жатыр ғой. Камераға тура қарап, жұлдыз болуға ұмтылсаңшы!» деп қанша өтінгенімен, мысық бізге бетін бұрмай қойды. «Жаным қысылып тұрғанда, суретті қайтемін?» деген болар.  

Жануарларға жанашыр жандар

Ал, дәрігер ультрадыбыстық зерттеу құрылғысымен тексеріп жатқан мынау мысық суретке түсуден қашпады. Дәрігер қожайынынан мысық туралы барлық мәліметті сұрап әлек. Көңіл-күйі, тамаққа тәбеті қандай? Сөйтсе, қожайыны «көңіл-күйі керемет! Тәбеті туралы айтар болсам, бұл өзі шаңсорғыш сияқты. Алдына қойғанның бәрін жейді. Қомағай» дейді.

Айтпақшы, емханада ультрадыбыстық зерттеуден бөлек,  рентген, ЭКГ құрылғылары да бар. Өкінішке қарай, хирург жануарларды рентгенге түсіру процесін суретке түсіруімізге рұқсат бермеді.

Жануарларға жанашыр жандар

Дәрігерлердің бірі «сіздер әдемі мысықты суретке түсіргілеріңіз келе ме?» деп сұрады. Біз бас изедік. Бір кезде дәрігер мынау мысықты алып келді. Арче расында өте әдемі жануар екен. Мамандар оның қан құрамын, зәрінің түсіне дейін тексеріп, «созылмалы цистит» деген диагноз қойды.

Жануарларға жанашыр жандар

Ал, мынау мысыққа жақында күрделі ота (қатерлі ісік) жасалған. Мамандар қазір оның арқасындағы тігісін алып жатыр.

Кене жабысса, клиникаға кел!

Жануарларға жанашыр жандар

Клиникаға бірінен соң бірі тек мысықтар келе берген соң, біз «мұнда ешкім ит ертіп әкелмей ме?» деп күдіктене бастаған едік. Жоқ, қателесіппіз, бір кезде есіктен хаски тұқымды алып ит кіріп келді. Мысық көрсе, төбелесе кеткенді құп көретін ит дәрігердің ырқына бірден көне қойған жоқ. Қожайыны Ронийді әбден мақтады. Оны былтыр Балқаштан сатып алған екен.

«Роний – өте ақылды ит. Жақында кинологиялық орталықта «қалалық ит» курсы бойынша емтихан тапсырып, сынақтан сүрінбей өтті. Ешкімді тістемейтін болғандықтан, балалардың бәрі мұның жанынан шықпайды. Үстіне мініп ойнап жатса да, Роний мыңқ етпейді. Айтпақшы, үйде итіміздің «әйелі», екеуінің кішкентай күшіктері де бар» деді жайдары қожайын.

Жануарларға жанашыр жандар

Жақында табиғат аясына шыққан кезде Ронийдің үстіне кене жабысыпты. Оның емханаға келуінің себебі – осы.

Кезегін күткен күшік көп 

Негізі, клиникадағы ота залына бөгде адамдардың кіруіне қатаң тыйым салынған. Сондықтан, дәрігерлер бізге ота үстелінде жатқан үй жануарын тек есік сыртынан түсіруге рұқсат берді.

Жануарларға жанашыр жандар

Пумбаға қойылған диагноз – стоматит. Дәрігерлердің оның ауруы асқынып кетпес үшін барлық тісін түгел жұлу керектігін айтты.

Жануарларға жанашыр жандар

Таразыға өлшеніп жатқан Мурка өзінің салмағына қарап, таңғалып қалды. Ол токсоплазмоз ауруына шалдыққан.

Жануарларға жанашыр жандар

Емханадан ешқашан адам үзілмейді. Әйтеуір бір кіріп-шығып жатқан жұрт. Бәрінің қолында – бір-бір тасбақа, ит пен мысық.

Жануарларға жанашыр жандар

Елорда тұрғындарын былай қойғанның өзінде, ат сабылтып сонау Атбасар, Көкшетаудан келетін кісілер бар. Кезек күтіп, есік алдында, тіпті, далада отыратындар көп. Шұғыл жағдайда жеткізілген (машина қаққан, байқаусызда жоғары қабаттан құлап кеткен) жануарлар болса, кезек тіпті көбейеді. Мысалы, осыдан бірер күн бұрын дәрігерлер бесінші қабаттан құлаған мысықты аман алып қалыпты.

Жануарларға жанашыр жандар

Мұнда жануарларды ерекше жақсы көретін жандар жұмыс істейді. Өйткені, бұл жұмыс жануарларға деген өзгеше қарым-қатынасты, ыждаһаттылықты талап етеді. Сондай-ақ, біздің байқағанымыздай, емханаға үй жануарларының денсаулығына бей-жай қарай алмайтын қожайындар ғана келеді. Емханада «Итім тамақ жейді, бірақ, әжетханаға бара алмайды», «тасбақамның денесінде түсініксіз дақтар пайда болды», «тотықұсымның құлағы ауырып жүр» деп келетін қамкөңіл жандардан аяқ алып жүре алмайсыз. 

Жануарларға жанашыр жандар

Науқас жануарлар осында бірнеше күн бойы дәрігерлердің қарауында болады. 

Жануарларға жанашыр жандар

Айтпақшы, үй жануарларына шұғыл көмек қажет болған жағдайда ветеринарлық дәрігерлерді үйге де шақыра аласыздар. Бір ескерте кетерлік жайт, мамандарды үйге шақыру үшін  алдын-ала жазылу қажет. Дәрігердің жасайтын ем-домына түнгі уақытта (кешкі 20-00-ден таңғы 8-ге дейін) екі есе көп ақы төленуі тиіс.

Жануарларға жанашыр жандар

Клиника қабырғасында келушілерге арналған пайдалы ақпараттар жазылған. Онда иттерді таситын таксилердің нөмірі, ветеринарлық дәріхана, зертхана, қаңғырып жүрген үй жануарларын ұстау қызметі және учаскелік полицияның байланыс телефоны жазылған. Біздің көзімізге дәл осы қатардағы «грумер» деген жазу оттай басылды.

Грумер деген қандай мамандық иесі? Оның ветеринарлық салаға қандай қатысы бар? Бұл сұрақтардың жауабын біздің алдағы уақытта жариялайтын толыққанды материалымыздан білесіздер!


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға