Жаңалықтар

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: ОТБАСЫ ТАБЫСЫНЫҢ НЕГІЗІНДЕ АТА-АНАЛАРДЫҢ ЖЕКЕ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЖАТЫР

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: ОТБАСЫ ТАБЫСЫНЫҢ НЕГІЗІНДЕ АТА-АНАЛАРДЫҢ ЖЕКЕ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЖАТЫР
06.03.2019 03:27 3765

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың ҚХА этномәдени бірлестіктерінің көпбалалы аналарымен кездесуі өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен еліміздің барлық аймақтарында көпбалалы отбасыларды мемлекеттік қолдау мен аналарға құрмет көрсетуге арналған 75-тен астам іс-шара өтті. Ассамблея басшысының орынбасары елорданың, Қарағанды, Павлодар, Ақмола және басқа да облыстардың көпбалалы аналарымен, этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен, мемлекеттік органдардың, ҚХА Аналар кеңестерінің, ҚХА Қоғамдық келісім кеңестері өкілдерімен кездесті.

Кездесу Мемлекет басшысының қазақстандық отбасылардың әл-ауқатының деңгейін арттыру, табысы төмен көпбалалы отбасыларды қолдау жөніндегі бастамаларын түсіндіруге, көпбалалы аналарға құрмет көрсетуге арналды.

Кездесу барысында ҚХА төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев әрбір қазақстандық отбасы алдағы уақытта жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелерін сезінуі тиіс екенін атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде 27 ақпан күні қазақстандық отбасылардың әл-ауқатының деңгейін арттыру бойынша іс-шаралар қабылдады. Аз қамтылған көпбалалы отбасыларды қолдауға ерекше көңіл бөлінді. Олар үшін атаулы көмек көрсету критерийлері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 70%-ға дейін артады», – деді ҚХА басшысының орынбасары.

Ол сондай-ақ әлеуметтік мәселелер, ана мен отбасылық құндылықтарды қолдау тақырыптары Ассамблея қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы табыс пен өмір сүру сапасын арттыру – бұл орталық пен жергілікті жерлердегі мемлекеттік органдар жұмысының басты өлшемі екенін бірнеше рет атап өтті. Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етуге зор қаражат бағытталған. Жалпы әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындар үлесі республикалық бюджетте 45%-ды құрайды, ал таяудағы үш жылда 49%-ға дейін өседі. Дағдарыс жағдайында әлемдегі барлық мемлекеттер бұған мүмкіндік бере алмайды. Біз мұны ұмытпауымыз керек», –деді Жансейіт Түймебаев.

Оның айтуынша, мұның барлығы – Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесіне ерекше назар аударуының көрсеткіші.

Ел Президенті басқарған Қазақстан халқы Ассамблеясы бірнеше жылдан бері отбасы, ана мен бала институтын танымал ету мәселелерімен айналысып келеді.

ҚХА қамқорлығымен еліміздің барлық өңірлерінде 1753 Аналар кеңесі жұмыс істейді, ал 5 наурызда бүкіл елде ҚХА Аналар кеңесінің бірыңғай күні өтті.

Сәуір айының соңында, Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, ҚХА-ның кезекті сессиясы өтеді, оған көпбалалы аналар шақырылып, ана мен баланы мемлекеттік қолдау шаралары талқыланатын болады.

ҚХА төрағасының орынбасары әйелдерді алдағы келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

«Сіздер әрдайым жоғары адамгершілік құндылықтардың – қайырымдылықтың, мейірімділіктің, ілтипаттың, нәзіктіктің және таза ниеттің бейнесі болып келесіздер», – деп атап өтті Жансейіт Түймебаев.

Бүгінде қоғам үшін балаларды тәрбиелеп қана қоймай, сонымен қатар, табысты жүзеге асырған көпбалалы аналардың оң тәжірибесі әрдайым маңызды.

 

Кездесу барысында қасиетті ана парызын орындау – балаларды тәрбиелеу және өмірдің түрлі салаларындағы жетістіктерді қалай ұштастыратыны туралы этномәдени бірлестіктердің көп балалы аналары айтып берді.

Наталья Самофалова, №2 Шортанды орта мектебінің кітапханашысы, сегіз баланың анасы:  

«Шортанды ауданында 325 көпбалалы отбасы тұрады – мен солардың бірімін. Сондықтан мен көпбалалы отбасылары өмірінің көптеген әлеуметтік аспектілері қозғалған партия съезінде ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөйлеген сөзін үлкен ықыласпен тыңдадым және соңында аймақ басшыларына олардың оң шешімін табу бойынша нақты тапсырмалар берілді. Елеулі оң өзгерістер біздің отбасымызға да әсер ететіні қуантады. Біз, жолдасым екеуміз үлкен тату отбасынан шыққанбыз. Әрқашан өзіміздің күшімізге ғана арқа сүйейміз. Мен бірде бір есікті қағып, көмек сұрамадым. Біздің балаларды жыл сайын жазғы балалар лагерьлеріне тегін жібергенде қуанатынмын. Мен өз отбасымды, өз балаларымды өзім асырауым керектігімді білемін, бұл міндетімді мемлекет пен басқа да азаматтардың иығына артпаймын. Бұл менің шешімім, мен оған жауап беремін. Мемлекет тек қана қолдау көрсетіп, жағдай жасауы керек, ал қалған жағдайда әрбір отбасы өзінің дербес өмір жоспарын әзірлеуі тиіс. Сонда әрбір отбасы лайықты өмір сүре алады».

Татьяна Сартаева, Ақмола облысының ауылдық мектеп педагогы:

«Мен Президенттің «Нұр Отан» партиясының 18 съезінде айтылған қазақстандықтарды әлеуметтік қолдау бойынша қабылданып жатқан ауқымды және нақты іс-шаралар табысты жүзеге асырылатынына сенімдімін. Біздің отбасы елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік әл-ауқат, тұрақтылық, бірлік және келісім саясатын қолдайды. Бұл мен үшін, менің отбасым үшін, менің болашақ балаларым үшін жасалады. Мен мұны жақсы түсінемін. Алғыс айту күні, 1 наурызда мен біздің Елбасыға Қазақстан халқына бейбітшілік пен тыныштық үшін «мың алғыс» дедім. Менің балаларым елдің лайықты азаматтары болады деп уәде беремін».

Гаухар Әкімқұлова, жеке кәсіпкер, Павлодар қаласының мәслихат депутаты:

«Мен мектепте оқитын бес баланы тәрбиелеп отырған ана ретінде, бала жастан бастап оларға еңбек етуге дағдыландырамын. Оларға өмір сүріп жатқан жерге, даму мүмкіндігін беретін елге, әрине, отбасына, туған-туысқандары мен жақындарына алғыс айтауға үйретемін. Біз Елбасының біздің елімізде отбасын құру, Қазақстан халқының өсуі, азаматтардың әл-ауқатының артуы үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалғанына ризамыз».

Фатима Ахмедова, заңгер және кәсіби медиатор, Астана қаласының өзбек этномәдени орталығының Аналар кеңесінің мүшесі:

«Күйеуіміз екеуміз бірге еңбектің арқасында ғана отбасылық әл-ауқатының іргетасын қайта құрдық. Оның басқа жолы жоқ екеніне сенімдімін. Иә, мемлекет барлық жағдайды жасауға тырысады, бірақ мен өз балаларымды өзім тәрбиелеп, қамтамасыз етемін.  Бұл менің балаларым және бұл менің аналық міндетім. Мен оны ешкімге сеніп тапсыра алмаймын. Оның үстіне, Қазақстанда бұл үшін барлық жағдай бар. Тек оларды пайдалануға тырысу керек. Біз Қазақстан Президентіне барлық адамдар үшін, тіпті басқа елдерден көшіп келгендер үшін жағдай жасағаны үшін шынайы алғысымызды білдіреміз».

Айшат Вагапова, «Асыл бала» қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы, «Астана бойынша мектепке дейінгі ұйымдардың қазақстандық қауымдастығы» филиалының директоры:

«Қазақстан мен үшін екінші отанға айналды. Мұнда менің көптен күткен жалғыз ұлым дүниеге келді. Бүгін біздің Президентіміз Н. Назарбаевқа балаларымызға, отбасымызға, болашаққа үлкен қамқорлығы үшін үлкен алғысымды және шынайы құрметімді білдіргім келеді. Біз, аналар, мемлекеттің тәуелсіздігі, балаларымыздың тәрбиесі, отбасының нығаюы үшін әрбір үйдегі бейбітшілік пен келісімнің толық жауапкершілігін түсінеміз. Біз ата-аналық міндетімізді балаларымызда елдің басқа этностарымен достықта өмір сүруге мүмкіндік беретін толерантты сананы қалыптастыру үшін атқарып отырмыз, бұл мемлекеттегі тұрақтылықты, бейбітшілікті, келісім мен өзара түсіністікті қамтамасыз етуге ықпал етеді».

Светлана Цемох, Қарағанды қаласының орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі:

«Көпбалалы отбасылар – еліміздің нағыз азаматтарын, патриоттары мен еңбеккерлерін тәрбиелеу үшін қуатты әлеуметтік орта. Мен, ана мен мұғалім ретінде өз балаларыма жалпы адамзаттық құндылықтарды дарытамын: үлкендерді құрметте, жақындарыңа көмектес, мұқтаж адамдарға қол ұшын бер, өз отбасымыз бен еліңнің қорғауы мен тірегі бол. Менің ұраным: «адал еңбек ет, әрқашан өз балаларыңа үлгі бол». Бұл – біздің отбасылық игілігіміздің негізі».

Ажар Молдабаева, Астана қаласының ҚР Мемлекеттік филармониясының камералық хорының әртісі:

«Біздің елімізде түрлі этностар бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Көпбалалы аналарға қолдау  және оларға қамқорлық көрсеткендері үшін Елбасына үлкен алғысымды білдіргім келеді! Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде ұсынған жаңа әлеуметтік бағдарлама біздің еліміз өз азаматтарының әл-ауқатына қамқорлық жасайтынын тағы да дәлелдеді, осы жаңашылдықтың бәрі қазақстандықтар мен біздердің, көпбалалы аналардың өмірін айтарлықтай жақсартатынына сенімдімін!».

 

Қатысушылар елімізде біртұтас отбасы мемлекет пен қоғамның назарынсыз және қолдаусыз қалдырмау үшін кешенді іс-шаралар қабылданатынын атап өтті. Олар өздерінің іс-қимыл бағыттары бойынша балаларды тәрбиелеуде ана борышын біріктіру бойынша өз тәжірибесімен бөлісті.

Өз кезегінде ҚХА Төрағасының орынбасары осы өзекті қоғамдық міндеттерді шешудің жаңа жолдарын табу үшін қоғамның, Ассамблеяның күш-жігерін біріктіру маңызды екеніне назар аударды.

«Ассамблеяның Кәсіпкерлер қауымдастығы жұмыс берушілермен бірлесіп дағдарыс жағдайына тап болған аналарды жұмысқа орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Этномәдени бірлестіктердің кәсіпкерлері көптеген қайырымдылық акцияларын өткізеді. Менің ойымша, барлық тармақтар бойынша жанасу нүктелерін табамыз», – деді ҚХА басшысының орынбасары.

Кездесу соңында Жансейіт Түймебаев қатысушыларға аналық еңбегі үшін алғысын білдіріп, барлық қоғамға үлгі болып жүргендері үшін алғысын білдірді.

«Сіздерді тыңдай отырып, мен ана болу мәселесіне жауапты көзқарас, еңбекқорлық пен өзін-өзі іске асыруға ұмтылу – әр ананың, әр отбасының табысының негізі деп айтамын. Сіз отбасы табысының негізінде ата- аналардың жеке жауапкершілігі жататынын дәлелдедіңіздер», – деп разылығын білдірді спикер.

Ол бір де бір көпбалалы отбасы мемлекет пен қоғамның қолдауынсыз қалмайтынына сендірді, «алайда әрбір азамат өзіне жүктелген әлеуметтік жауапкершілік жолын адал жүріп өтуі керек».

Ассамблея басшысының орынбасары атап өткендей, біздің балалар бәсекеге қабілетті, еңбек пен білімге ұмтылуы тиіс, ал бұл «тек ата-ана ғана және отбасында ғана» қаланады.

Кездесу қорытындысы бойынша, Халықаралық әйелдер күніне орай, Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан көпбалалы аналарға алғыс хаттар мен гүл шоқтары табыс етілді, ал «Қазақстан мұсылман әйелдер лигасы» ҚБ облыстық филиалының төрайымы Бақытжамал Максилова қатысушыларға домбыра-кәдесыйдан шашу шашып, наурыз айы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» аясында өткізілетін акциялар күнтізбесінде қазақтың дәстүрі «Шашу» деп аталатынын еске салды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

Оқи отырыңыз

ПЕТРОПАВЛДА «ЭТНО-FASHION» ҰЛТТЫҚ КИІМДЕР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

БҚО ҚХА АНАЛАР КЕҢЕСІ ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕ ТАҚЫРЫБЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

АҚТАУДА ДҮНГЕН ЭТНОМӘДЕНИЕТІНІҢ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға