Жаңалықтар

Жансейіт Түймебаев: ҚХА барлық құрылымдары эвакуацияланған арыстықтарға жан-жақты қөмек көрсетуде

Жансейіт Түймебаев: ҚХА барлық құрылымдары эвакуацияланған арыстықтарға жан-жақты қөмек көрсетуде
27.06.2019 13:33 2401

Елорданың Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының XVIII сессиясы өтті.

Күн тәртібінде «Халық әл-ауқатының артуы – бірлік пен тұрақтылық кепілі» мәселесі қаралды.

Сессия отырысына қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев елімізде кезектен тыс өткен Президент сайлауы тарихымыздың жаңа парағын бастап отырғанын айта келе, осы аптада Арыс қаласында болған жарылыс бүкіл елімізде үлкен резонанс тудырып, қала тұрғындарына көмек көрсету үшін Қазақстан халқы күш біріктіріп жатқанына тоқталды.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық құрылымдары эвакуацияланған арыстықтарға жан-жақты қөмек көрсету жұмысын қолға алды. Бұған этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары, басқа да құрылымдар белсенді қатысты. Жалпы Ассамблея елімізде болып жатқан маңызды оқиғаларда үнемі қатысып келе жатыр. Бүгін осында отырған барлықтарыңыз аталған жұмыстарға белсенді әрі зор жауапкершілікпен атсалыстыңыздар. Сондықтан осы ретті пайдаланып, сіздерге үлкен алғыс білдіргім келеді», – деді.

IMG_7711.jpg

Нұр-Сұлтан қалысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XVIII сессиясы жаңадан сайланған қала басшысы және қалалық ҚХА төрағасы – Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өтті.

«Алтай Сейдірұлының басшылығымен Батыс Қазақстан Ассамблеясы өңірлік ассамблеялардың алдыңғы қатарында болды. Сондықтан сізге, құрметті Алтай Сейдірұлы, жаңа салада табыс тілеймін, ал астаналық ассамблея сіздің сенімді көмекшіңіз болады деп үміттемін», – деп, тілегін білдірді Хатшылық меңгерушісі.

IMG_7671.jpg

Ж. Түймебаев ҚХА Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккендерге елімізде гуманитарлық көмек көрсету жұмысы қарқынды болып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, 24 маусымда Қазақстан халқы Ассамблеясы Шымкент қаласында Түркістан облысының Достық үйінің негізінде зардап шеккендер мен көшірілгендерге гуманитарлық көмек жинау жөніндегі республикалық штабы құрылып, онда ҚХА Төрағасының қоғамдық орынбасары Шерзод Пулатов жұмыс барысы мен көмек көрсету іс-шараларын ұйымдастырып жүр. Сонымен бірге аймақтық Достық үйлерінде көмек қабылдау пункттері ашылды. 

«Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері 4,7 млн. теңгеден астам қаржыны, ҚХА Хатшылықтары мен барлық деңгейдегі «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелерінің бір күндік еңбекақысын аударды. Қаражат «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қорына жіберілді», – деді ол.

IMG_7661.jpg

Сонымен қатар этномәдени бірлестіктер бірінші кезекте қажетті тауарлар мен азық-түлік, гигиена құралдары түрінде көмек көрсетті. Атап айтқанда, Қазақстан кәрістері қауымдастығы 18 000 литр ауыз су, «Дустлик» өзбек қауымдастығы Нұр-Сұлтан қаласынан 22 тонна ұн жөнелтіп, 1000 мың адамға түскі тамақ ұйымдастырды және Түркістан қаласында 200 қарт адамдарға жатын орын мен 200 балаға балабақшадан орын дайындады. «Озан» әзірбайжан қоғамы 500 адамға қайырымдылық түскі ас, «Ахыска» түрік орталығы 200 адамды жатақханамен қаматамасыз етіп, тамақтандырды. Сонымен қатар адамдарды тасымалдау үшін 8 шағын автобус көлігін ұйымдастырды. Батыс Қазақстан облысының ҚХА-сы 30 тонна азық-түлік жеткізіп, «Татар-башқұрт қазақстандық конгресі» РҚБ Қарағанды филиалы 2 жүк көлігімен көкөніс және жеміс-жидектер жөнелтті. Қостанай облысының «Бірлік» әзірбайжан бірлестігі 5 тонна ұн жіберсе, славян этномәдени орталығы тұрғындарды эвакуациялау үшін 5 автобус және 2 жүк автокөлігін ұйымдастырды. Көмек көрсету шаралары мұнымен шектелмейді.

IMG_7654.jpg

«Мен осы бағытта үлкен жұмыс тындырып жүрген Аскер Пириев пен Хасан Шәріповке және астаналық Ассамблея мүшелеріне алғысымды білдіремін. Бүгінгі күні барлық бірлестіктер көмек жинау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. «JAGSYLYQJASA» жоба аясында 26 маусым күні ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы Түркістан облысына шығу үшін еріктілерді қалыптастыру бойынша акциясы бастау алды. Сондай-ақ Аналар кеңесі, Кәсіпкерлер қауымдастығы және Ассамблеяның басқа да құрылымдары арқылы Арыс тұрғындарына көмек көрсету бойынша басқа да іс-шаралар жоспарланғанын атап өткім келеді», – деді Ж. Түймебаев.

IMG_7695.jpg

Сонымен қатар ол сессия барысында қаралып жатқан мәселеге байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларға екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарында несие бойынша қарыздар бір реттік тәртіппен есептен шығарылатыны туралы Жарлыққа қол қойғанын айтты.

«Өкінішке орай бізде әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар – көпбалалы, мүгедек балалары бар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жетім балалар түрлі себептерге байланысты қиын өмірлік жағдайға тап болып, өзіне алған несие міндеттемелеріне қызмет көрсете алмайтын жағдай қалыптасты. Бұл мәселе 500 мыңға жуық адамның өмірлік мүдделерін қозғайды. Мемлекет басшысы адамдардың қарыз шұңқырынан шыға алмайтынын көріп, немқұрайлы қалмайтынын атап өтті. Сондықтан Президент бұрын-соңды болмаған әлеуметтік қолдау көрсету туралы шешім қабылдады», – деді ҚХА Төрағасының орынбасары.

IMG_7728.jpg

Сонымен қатар Ж. Түймебаев астаналық этномәдени орталықтардың белсенді жұмысын атап өтті. Оның айтуынша, ұлтаралық тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтуда «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы, «Возрождение» немістер қоғамы, «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығы, «Оберег» украиндар қоғамы, өзбек этномәдени орталығы, «Дала өлкесінің казактары одағы» РҚБ Алматы филиалы қомақты жұмыс атқарып жатыр.

IMG_7651.jpg

«Биылғы жылы ҚХА-ның қоғамдық төрағалары болып Юсуп Келигов пен Шерзод Пулатов сайланды. Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы көп жағынан үлгілі. Өткен жылы сессияның тапсырмасын орындау аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік ассамблеялары үшін үлгі ретінде Нұр-сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту бағдарламасы әзірленді. Біз оны барлық өңірлік ҚХА қолдану үшін ұсындық. Астананың 20 жылдығына орай Маңғыстау облысынан Достық үйі тамаша сыйлық алды – Достық үйі», – деді ол.

IMG_7726.jpg

Сондай-ақ ҚХА Хатшылығының меңгерушісі қалалық ҚХА-ға бірқатар тапсырмалар беріп, еліміздің аймақтарындағы ҚХА-ларға республикалық іс-шаралар кестесі құрылып жатқанын жеткізді.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға