Жаңалықтар

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ: Бізді әдеби-мәдени байланыс жақындата түседі

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ: Бізді әдеби-мәдени байланыс жақындата түседі
03.05.2019 00:00 3806

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары-ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ж.Қ.Түймебаев Қырғызстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты жиынға қатысты.

Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласындағы «Эне-Сай» мемлекеттік резиденциясында Қырғыз Республикасының Президенті С.Ш.Жээнбековтің қатысуымен жүзеге асқан шараға жоғары лауазымды тұлғалар, мемлекеттік орган басшылары, республиканың түкпір-түкпірінен және шет мемлекеттен делегаттар шақырылған.
Салтанатты іс-шараны Қырғыз Республикасының Президенті С.Ш.Жээнбеков сөз сөйлеп ашты. Ел президентінің сөзінен кейін көршілес Ресей, Қазақстан, Өзбекстан мемлекеттерінің өкілдері сөз алды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев өз сөзінде көп ұлтты Қырғызстанның ішкі және сыртқы саясатын азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға бағыттап отырғанына тоқталды. Сондай-ақ Қырғызстан халқы Ассамблеясының этносаралық өзара іс-қимыл жасаудың тиімді институтына және бірліктің мызғымас тұғырына айналғанын атап көрсетті. 
Ж.Қ.Түймебаев екі ел тарихы мен әдебиетінен қазақ-қырғыз арасын жақындататын мысалдар келтіре отырып, түп-тамыры терең мәдени байланыстарымыз біздерді біріктіре түсетініне тоқталды.
 ­­­- ­­­­Көне түркі дәуірінен бастау алатын қырғыз әдебиеті қай кезде де қазақ әдебиетімен тығыз байланыста дамыды. Әдебиеттің кейбір үлгілерінің екі елде бір мезгілде дамуының мысалдары өте көп. Біздің Асан Қайғы, Кет Бұға, Алдар көсе, Толыбай сыншы сияқты тұлғаларымыз да ортақ.

  

Халық ақыны Аалы Тоқомбаев  өзінің әдеби еңбегінің алғашқы күндерінен бастап Абайды ұстаз тұтып, ұлы ақынның өлеңдерін түгелге жуық қырғыз тіліне аударды» деп атап өтті Жансейіт Қансейітұлы.

Қырғыз ауыз әдебиетінің жарқын үлгісі «Манас» жырының хатқа түсіп, сақталуына қосқан Шоқан Уәлиханов пен Мұхтар Әуезовтің еңбектерін де еске салды. Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың қазақ ақын-жазушылары Қалтай Мұхамеджанов, Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртазамен достық қарым-қатынастарын кейінгі буынға үлгі етті.
Сонымен қатар, екі мемлекеттің ассамблеялары арасындағы достық, серіктестік қатынастардың қалыптасқаны, Қазақстанда тұратын қырғыз этносына көрсетіліп отырған қолдау туралы кеңінен әңгімеледі.  Мысалы, Қазақстанда 9 этномәдени бірлестік тіркелгені, жексенбілік екі мектеп жұмыс істейтіні, оларға қажетті оқу құралдарының мемлекеттік бюджет есебінен шығарылатыны, Қазақстанда еңбек етіп жатқан қырғыздан шыққан белгілі азаматтар туралы ақпаратты зал қошеметпен қабылдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға