Жаңалықтар

Жансейіт Түймебаев: «Qazaqtany» жобасы басты адамгершілік қағидаларын этностардың қабылдауына бағытталған

Жансейіт Түймебаев: «Qazaqtany» жобасы басты адамгершілік қағидаларын этностардың қабылдауына бағытталған
16.10.2019 14:28 3299

Орал қаласында «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасына арналған қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттау бойынша республикалық лекторий өтуде. Оның пленарлық отырысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, өңір әкімі Ғали Есқалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері, сондай-ақ еліміздің жетекші институттарының ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің, этномәдени бірлестіктерінің мүшелері, жастар өкілдері қатысуда. Лекторий аясында облыстың ұлттық қолөнер шеберлері де өз туындыларын көрмеге шығарды.

Сондай-ақ, Орал қаласында орналасқан барлық жоғарғы оқу орындарының студенттеріне осы тақырып аясында дәрістер оқылып, жоба таныстырылымы өткізіледі. Айта кету керек, «Қазақтану» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде этностар арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған. Бұған дейін ҚХА-ның «Қазақтану» дәрістері Түркістан, Қостанай, Солтүстік-Қазақстан, Қызылорда және Павлодар облыстарында ұйымдастырылған болатын. 

Пленарлық отырыс жұмысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев елдік пен бірлік үшін маңызды бұл шараның Орал өңірінде өткізілуінің өзіндік себебі бар деді. «Еуропа мен Азияда орналасқан қазақтың киелі жері Қазақстанның еуразиялық сипатын көрсетеді. Мұнда Ұлы Жібек жолы өтті. Қазақ жерінің тәуелсіздігі үшін күрескен Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы және Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілістер қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының тарихына алтын әріптермен жазылған. Олардың есімдері біздің ұлттық кодымызды қалыптастыратын халық рухының символына айналды. Батыс Қазақстанның халық шығармашылығы бірегей. Ол күй атасы Құрманғазы мен көрнекті композитор Дәулеткерей, домбыраның құлағында ойнаған Дина Нұрпейісованың және т.б. талантты тұлғалардың есімдерімен белгілі», - деген Жансейіт Қансейітұлы Жайықтың жағасына келіп жыр жазған А.Пушкин, Л.Толстой И.Крылов секілді көрнекі тұлғаларды да атап өтті.

Көп ұлттар мен ұлыстардың мекеніне айналған Оралда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы да жемісті еңбек етуде. Оның құрамында түрлі деңгейдегі 14 ҚХА Кеңесі, 239 Қоғамдық келісім кеңесі, 158 Аналар кеңесі, 153 Ақсақалдар кеңесі, Журналистер клубы, облыстық мәслихаттың «Ынтымақ» депутаттық тобы, Батыс Қазақстан облыстық ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, барлық оқу орындарында достық клубтары және «Мейірім шуағы» волонтерлер қозғалысы жұмыс жасайды. Орал қаласының орталығындағы Достық үйі де заманға сай техникалық жабдықталған.

Жансейіт Түймебаев: «Qazaqtany» жобасы басты адамгершілік қағидаларын этностардың қабылдауына бағытталған

Сондай-ақ, мұнда Ассамблеяның мұрындық болуымен «Рухани жаңғыру» музейі ашылып, латын графикасына көшу, «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет», «Туған жер» жобалары жүзеге асырылуда. Және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы бар.

Бұл туралы өз сөзінде өңірді таныстырған Батыс Қазақстан облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Ғали Искалиев айтып өтті.

Жансейіт Түймебаев Батыс Қазақстан облыстық ассамблеясының көптеген маңызды бастамалардың генераторы болып отырғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, ҚХА-ның алғашқы қоғамдық келісім кеңестері де осы өңірде құрылған.

Жансейіт Түймебаев: «Qazaqtany» жобасы басты адамгершілік қағидаларын этностардың қабылдауына бағытталған

«Ұлттық рух - мыңжылдықтардан тамыр алған дәстүрден, құндылықтар мен мәдениеттен, тілден нәр алады. Осы құндылықытар ғасырлар бойы халықтың жұтылып, жоғалып кетпеуіне негіз болды. Сондықтан, руханиятты, мәдениетті, дәстүрді және тілді жаңғырту, дамыту - біздің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі болмақ», - деген Жансейіт Қансейітұлы осы мақсатта мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің маңыздылығына мән артты. Қазақстан азаматтарының әрқайсысының мемлекеттік тілді білуі парыз бен міндетке және қоғамдық өмірге белсенді араласуы мен тұлғалық бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын ынталық құралына айналуы тиіс деді. 

«Ассамблея қазақ халқының мәдени кодында көрініс тапқан біріктіруші бастауларды ашуды және таратуды өзінің негізгі рөлі деп біледі», - деген Жансейіт Қансейітұлы мемлекеттік тілдің «әралуандықтағы бірлік» қағидаты негізінде елдегі барлық этностарды шоғырландыратын құндылықтардың, сенім мен өзара түсіністіктің мәдени-рухани өзегіне айналғанын айтты.

«Qazaqtany» жобасы қазақ халқының басты адамгершілік қағидалары мен императивтерін Қазақстанның барлық этностарының қабылдауына бағытталған.

Жансейіт Қансейітұлы жоба тек қазақстандық этностарға ғана емес, бүкіл қоғамға, оның ішінде қазақтарға да арналған деді.

«Бізге жаһандану ағымында, бұқаралық коммерциялық мәдениеттің ену жағдайында, қазақтың мәдени кодын сақтау айрықша маңызды. Бұл код біздің қоғамның бірігуінің негізінде, бірлік негізінде жатыр», - деді Ж.Түймебаев.

Ж. Қансейітұлы Президент Жолдауында басымдық берілген бағыттарды да атап өтті. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының елдің басқа аймақтарына үлгі боларлықтай істерін мысалға келтірді.

Жансейіт Түймебаев: «Qazaqtany» жобасы басты адамгершілік қағидаларын этностардың қабылдауына бағытталған

Мәселен, өңірдің даму көрсеткіштерін сарапқа салар болсақ, облыс кәсіпкерлік саласын дамытуда республика бойынша жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген. Бүгінде Оралда жалпы бизнестен нәпақа табушылардың саны 110 мыңнан асып жығылады екен. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 453 млрд теңгені құраған. Әлеуметтің әлеуетінің де жыл сайын артып келе жатқанының айғағы ретінде мұнда осы жылы 432,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал есепте тұрған жұмыссыздар саны жалпы экономикалық белсенді халықтың 0,9 пайызын құрайды. 

«Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын жүзеге асыруға биылдың өзінде 36,3 млрд теңге бөлінген. Шекаралас Ресеймен де сауда-саттық, экономикалық серіктестік жақсы жолға қойылған. «Облыстың бүгінгі даму көрсеткіштері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды және стратегиялық мәселелерді шешуде дұрыс жол көрсеткенін айғақтайды», - деді Ж. Түймебаев.

Қоғамдық-саяси өмірді жаңғыртпай табысты экономикалық реформаға қол жеткізу мүмкін емес деген формуланы алға тартқан Ж.Түймебаев, бүгінде қоғамдық санада өзгерістің бар екенін де айтты.

«Біртұтас халыққа ықпалдасуды елде тұрудың негізгі стратегиясы ретінде барлық этностар қабылдайды», - деген Ж.Түймебаев тағы бір зерттеу мәліметін келтіре кетті. 2018 жылдың қорытындысы бойынша респонденттердің 97,0%-ы Қазақстанның біртұтас халқына жататынын білдірген. Бүгінгі өткен ассамблеяның республикалық лекторийінің де мақсат-мүддесі Президенттің «қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті нығайту» міндетін орындауға бағытталған.

Сондай-ақ, бұл жиында "Қазақы бірегейлік: Тарихи аспект" тақырыбында тарих ғылымдарының докторы, профессор Е.Әбіл, "Батыс Қазақстан облысындағы қазақтардың этнографиясы" тақырыбында тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Ерназар, "Тіл-тәрбие кілті, бірлік бесігі" тақырыбында белгілі жазушы Ш.Қыдырниязова баяндама жасады.

Айта кету керек, Ассамблеяның республикалық лекторийі Орал қаласынан кейін жұмысын облыстың үш ауданында жалғастыратын болады.

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға