Жаңалықтар

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАНДЫ ДОСТЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАНДЫ ДОСТЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ
19.04.2019 00:00 5211

Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен Өзбекстандағы Қазақстан жылына арналған «Шығыс жұлдызы Навои» атты халықаралық әдеби кеш өтті.

Іс-шараға Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикром Ниязходжаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов, науаитанушы, белгілі жазушы және ақын, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері, ф.ғ.д., профессор Мұхамедәли Әли Ахмедов, Әлішер Науаи шығармаларын қазақ тіліне аударған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын және жазушы Несіпбек Айтұлы, «Шығыс жұлдызы – Науаи» мәнерлеп оқу байқауының қатысушылары және басқалар қатысты. 

Жансейіт Түймебаев өз сөзінде шығыстан шыққан бірегей тұлғаларды айтқанда Хафиз, Фирдоуси, Рудаки, Низами, Омар Хайям, Сағди, Жалаладдин Руми, Насир Хусрау, Жәмимен қатар Науаидың есімі де мақтанышпен еске алынатынына тоқталды.

Сондай-ақ, хакім Абай бірегей тұлғаның шығармашылық зертханасына терең үңілсе, Мұхтар Әуезов, Есмағамбет Ысмайылов, Рахманқұл Бердібаев сияқты үлкен ғалымдар мол мұрасының кең танылуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Ақын Несіпбек Айтұлы Әлішер Науаидың ғазалдарын қазақ тіліне тәржімалап, жеке жинақ шығарғанын, ҚазҰУ шығыстану факультетінде қызмет еткен жылдары профессор Өтеген Күмісбаев Науаи ғазалдары мен Абай шығармашылығының сабақтастығын зерттеп, бірнеше ғылыми еңбектер жазғанын еске салды. Ал Алматыдағы ең әсем көшелердің біріне Науаидің есімі берілуі көршілес жатқан екі ел қарым-қатынасын жақындататын жайлардың көптігін көрсететінін жеткізді.

«Қазақстан мен Өзбекстанды бағзы замандардан достық қатынастар байланыстырады. Біз – тарихымыз ортақ, тіліміз туыс, тату көршілік салтын ұстанған бауырлас елдерміз. Осы ерекшеліктерімізді негізге ала отырып, екі мемлекет басшылары 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылын және 2019 жылы Өзбекстандағы Қазақстан жылын өткізу туралы шешім қабылдаған болатын», — деді ҚХА Хатшылығының меңгерушісі.

Сондай-ақ ол өткен жылы – Өзбекстанның Қазақстандағы жылы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан 200-ден астам іс-шара өткізілгенін атап өтті.

«Олардың екі халықты бұрынғыдан бетер жақындата түскені, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамытудың маңызды факторына айналғаны ақиқат», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Әлішер Науаи - XIV ғасырдың ортасы мен XV ғасырдың басында өмір сүрген түркі халықтарына ортақ ұлы ақын, ойшыл, мемлекеттік қайраткер. Оның шығармалары 15 ғасырдың өзінде Мәуереннаһр мен Хорасанда ғана емес, Иран, Әзірбайжан, Шығыс Түркістан, Үндістан, Мысыр, түркі елдеріне, кейіннен Еуропа мен Америка кітапханаларына тарады.

Кеш барысында Әлішер Науаидің өмірі туралы бейнеролик көрсетіліп, қонақтар «Аналар Аманаты» қолөнер шеберлері орталығының көрмесін тамашалады. Әдеби кеш шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға