Жаңалықтар

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: АЛҒЫС АЙТУ – ТАМЫРЫ ТЕРЕҢДЕ ЖАТҚАН ХАЛЫҚТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: АЛҒЫС АЙТУ – ТАМЫРЫ ТЕРЕҢДЕ ЖАТҚАН ХАЛЫҚТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
04.03.2019 11:12 4088

1 наурыз күні Астанада, Бейбітшілік пен келісім сарайында, Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс айту күніне арналған салтанатты іс-шарасы болып өтті.   

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ғылыми-шығармашыл зиялы қауымның, Ассамблеяның «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, меценаттар, Қазақстанға жер аударылғандардың ұрпақтары қатысты.

Оны Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп ашты.  

Сөзінің басында ол Ассамблеяның құрылған күнінде осы мерекені белгілеу туралы бастама жасаған Қазақстан Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ерекше рөлін атап көрсетті. 

Жансейіт Түймебаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру арқылы  Қазақстанның тек Тәуелсіз достастық елдерінде ғана емес, бүкіл әлемде үлкен құрметке бөленіп отырғанын айта келее, елдегі татулық пен келісім, Тәуелсіздік жылдарындағы тұрақтылық пен қарқынды дамудағы ерен еңбегі үшін барлық этностардың, Қазақстанның барша халқының атынан Елбасыға алғыс сезімін білдірді. 

Атап айтқанда, ол  Ассамблеяның XXII сессиясында Президент айтқан: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра  түспек.  Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен сүйіспеншілігінің жарқын мерекесі бола алар еді» деген сөздерін жиналғандардың есіне салды. 

Іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары  сондай-ақ:

–  Алғыс айту күні – бұл  ерекше мереке.  Қазақстандықтар үшін алғыс айту тек ризашылық білдіру күні емес, бұл – тамыры тереңде жатқан халықтық құндылық. Сондықтан халық даналығында «Жақсылық ұмытылмайды» деген ұғым қалыптасқан, –  атап көрсетті.   

Одан кейін сөз алған ҚР  Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан шешендері мен ингуштарының «Вайнах» қауымдастығының тең төрағасы  Ахмет Мурадов Солтүстік Кавказ халықтарының күштеп жер аударылуының тарихын еске ала отырып,  ол оқиғаларды ұмытпай, есте сақтаудың және ең басты құндылығымыз – ортақ үйіміздегі бірлік пен келісімнің маңыздылығы туралы қадап айтты. 

Сөз сөйлегендердің барлығы Мемлекет басшысына дана саясаты, ел этностарының барлығына, олардың тілдері мен мәдениетін дамытуға деген қамқорлығы үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.  

Олар Алғыс айту күнінің азаматтық бірдейлік пен бірлікті нығайтуға ықпал ететін мерекеге айналғанын, бұл күннің ортақ тарихымыз, өзара көмек пен қолдаудың айқын көрінісі екенін атап көрсетті.

Биылғы  жылы іс-шараның арқауы  қымыз, құрт пен бәйшешек  болды. Белгілі  фильмдегі – қамауға алынып, әбден әлсіреген адамдарды балалар «ақ тастармен» атқылайтын  кадрлар көптеген көрерменнің есінде.   Бұл «ақ тастар» жүздеген адамдарға әл берген құрт болатын. Ал, көктемнің алғашқы шуағын сезіну үшін, қыстың ызғарына шыдап, қар көбесін сөгіп шығып, бүр жаратын бәйшешек – қайсарлық пен төзімділіктің, болашаққа деген сөнбес үміттің символындай.   

Іс-шара барысында «Қорқыт» этнографиялық ансамблінің орындауында ғимарат ішінде қалықтаған ұлы даланың сұлулығы мен қазақ халқының ежелгі дәстүр-салттарынан сыр шертетін музыкалық композициялар қатысушылар мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. 

Атриумда орналастырылған «Қымыздан қуат алған біртұтас ел» көрмеге қатысушылар мен қонақтар ерекше қызығушылық танытты. Өйткені онда Қазақстанға жер аударылған халықтарды құтқару мен аман сақтаудағы қазақ халқының рөлін, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында атап өтілген қазақтардың  жылқыны қолға үйретуінің әлемдік атқа міну өркениетіндегі рөлін ашып көрсететін тарихи жәдігерлер мен музей экспонаттары мол болды.  

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты...» деп атап көрсетті. 

Көрме кереге сияқты безендірілген сегіз секцияға бөлінген. Көрмеге келушілер жылқыны қолға үйретудің тарихына арналған экспонаттар мен материалдарды қызыға қарады. 

Жылқы шаруашылығы мен атқа міну мәдениеті тақырыбы көрменің негізгі арқауына айналып, «Ботай» қонысынан келген материалдарда мән-мағынасы ғылыми тұрғыда ашып көрсетілді. 

Бұл секцияны әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті археология және дала өркениеттері институтының директоры, «Ботай» тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми бөлімінің меңгерушісі Виктор Зайберт таныстырды.

 Осы орайда, өткен жылы жылқышылардың көктемгі дәстүрлі салт-ғұрыптарын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізу туралы Қазақстанның өтінімі қолдау тапқанын айта кеткеніміз жөн болар.     

Көрмеде Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстарынан келген тауар өндірушілер  бөтелкеге құйылған қымыз, ұнтақ түріндегі саумал түрлерімен таныстырса, Қазақ тағам академиясы – бие сүтінен жасалған шоколад өнімін, Тараз мемлекеттік университеті – таблетка және ұнтақ түріндегі қымыздарды жұрт назарына ұсынды.  Көрмеге келушілер бойға қуат беретін шипалы сусынды ішіп көріп, бауырсақтан дәм ауыз тиді.       

Белгілі зергер Берік Әлібай жеке музейінен қымыз ашытуға қажетті ыдыстардың түрлерін, атап айтқанда, саба, күбі, мес, торсық, зерен, тостаған сияқты ыдыстарды, басқа да жабдықтарды әкеп қойып, олардың қалай пайдаланылғаны туралы әңгімелеп берді. 

Көрмені ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі көп көмек көрсетіп, жылқыны қолға үйретуге байланысты жабдықтарды, ер-тұрманның түрлерін келушілер назарына ұсынды.

Алғыс айту күні жыл сайын бүкіл елімізде атап өтіледі.  Қалыптасқан дәстүр бойынша этностар өкілдері «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл қоюдан бастап, бір-біріне, бастарына күн түскенде бауырларына басқан қазақ халқына ризашылықтарын білдіреді.  Бүгінде республикада осындай жеті монумент бой көтерген, олар  Астана мен Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында орнатылған.

Бұл күні қайырымдылық жәрмеңкелері, акциялар мен концерттер өткізіледі. Биылғы жылы Алғыс айту күніне арналған мерекелік іс-шаралар барысында  Қазақстан халқы Ассамблеясы бір жарым мыңнан астам іс-шара өткізіп, оларға бір жарым миллионнан астам адам қатысты. 

 

Оқи отырыңыздар

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫН ЖАҚЫНДАСТЫРА ТҮСТІ

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ ҚХА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚЫЗМЕТІНЕ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

АЛҒЫС АЙТУ КҮНІНІҢ БАСТЫ ИДЕЯСЫ – ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МЕН АЗАМАТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІ НЫҒАЙТУ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға