Жаңалықтар

Жаннұр Ниязбекова: «Білім – өзіңмен мәңгілік бірге жүрер азығың»

«Ең үздік шетелдік студент» атанған отандасымыз жайлы не білесіз?
Жаннұр Ниязбекова: «Білім – өзіңмен мәңгілік бірге жүрер азығың»
Фото: © El.kz 29.03.2021 15:21 7907

 

Естеріңізде болса, соңғы уақытта Жаннұр Ниязбекова туралы отандық БАҚ өкілдері жарыса жазып келеді. Ол 2020-2021 оқу жылында Қытайда «Ең үздік шетелдік студент» атанған қазақстандық. Аспан асты елі студенттерінің өзіне бұйыра бермейтін бұл жетістікке біздің қазақ қызы терең білім мен ізденімпаздықтың, еңбекқорлықтың нәтижесінде қол жеткізді.

Без-имени-2.jpg

 

«Шетелден алған білім мен тәжірибені ортаға салу – парызымыз»

 

Алдымен бүгінге кейіпкерімізбен жақынырақ таныссақ. Жаннұр Нұрділдәқызы Ниязбекова – Сыр өңірінің тумасы. Ол 1990 жылы 29 желтоқсанда Қызылорда қаласына қарасты Қызылөзек ауылдық округінде дүниеге келген. Үздіктер қатарынан табылу Жаннұрдың бала кезден бергі дағдысы. Үнемі алда жүру, жоғары нәтиже көрсету – оның биік талғамының көрінісі десек қателеспейміз.

 

- 2008 жылы Қызылорда қаласындағы №39 Қызылөзек орта мектебін бітіргеннен кейін ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «ветеринариялық медицина» мамандығына мемлекеттік грантпен оқуға түстім. Университет қабырғасында білім алып жүріп, үздіктер қатарынан көрініп, Президенттік стипендия иегері атандым. Студент кезімнен ағылшын тілін меңгеру үшін түрлі оқыту курстарына қатысып, қосымша білімімді шыңдадым. Өйткені уақытты босқа өткізбей, оны тиімді пайдалануға тырысатынмын. Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтап, магистратураға тапсырдым. Осы жерде менің алдын ала оқып меңгерген ағылшын тілім өз көмегін көрсетті, мамандық бойынша да, ағылшын тілі бойынша да емтихандарын жақсы тапсырып, магистратура грантын иелендім. Диссертацияны «Түйе сүтінен бөлініп алынған микроорганизмдердің антагонистік қасиеті» тақырыбы бойынша ізденіп, ғылымдағы жаңалықтармен танысып, түрлі байқауларға қатысып жеңімпаз болдым, ғылыми мақалалар жаздым. Оқу барысында Түркия еліне екі рет барып, өндірістік тәжірибеден өтіп, білімімді шыңдадым. Магистр атанған соң өзім оқыған университетке оқытушы болып орналасып, студенттерге практикалық және зертханалық пәндер бойынша сабақ бердім. Екі жыл қызмет ете жүріп бет алған ниетім мен мақсатымнан қайтпай, PhD докторантураға емтихан тапсырдым. Сөйтіп 2017 жылы Қытай Халық Республикасындағы Шэньси провинциясы, Сиенян қаласы, Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің грантын жеңіп алып, аспан асты еліне бет алдым. Бір жылда қытай тілін меңгеріп, қазіргі таңда университетте түрлі ғылыми іс-шараларға қатысып жүрмін. Сондай-ақ қазақстандық жас ғалымдармен де байланысымды үзген емеспін. «Дүниежүзі қазақ жас ғалымдар платформасының» белсенді мүшесімін. Олармен Қытайда үйренген жаңа жаңалықтарымды бөлісіп тұрамын. Бүгінде қазақ ғылымының дамуына өз үлесімді қосуға атсалысып жүрмін. Осылай шетелде алған біліміміз бен тәжірибемізді ортаға салатын болсақ, еліміздің дамуы да қарқын алатыны белгілі. Бұл әрбір азаматтың парызы деп білемін, - дейді жас ғалым.

 

1593d246-5217-4427-a404-6671bfd05f02.jpg

«Өзіме «Ең үздік шетелдік студент» атанамын деп уәде бердім»

 

Қытайдың білім беру саласы әлемдегі көптеген елдер тәжірибе жинайтын үлкен алаң. Сондықтан ол жақта ұстаздармен бірге, студенттерге де жоғары талап қоятыны белгілі. Ал ең жоғары титулды иелену үшін Жаннұр Нұрділдәқызының да аз тер төкпегені анық. Біз кейіпкерімізден үздік студент атану үшін қандай талаптарға сай болу керектігі жөнінде кеңінен айтып беруін сұрадық.

 

- Талаптар бойынша оқу үлгерімінің орташа балы, яғни GPA 75 балдан жоғары болу керек. Менде бұл көрсеткіш 95 балл болды. Рейтинг бойынша басылым көрсеткіші (импакт-факторы) жоғары ғылыми журналдарда бірінші автор болып мақала жариялану керек. Осы талап бойынша швейцариялық «Animals» журналында (IF=2.323) мақалам жарияланды. Сонымен қатар қытай тілін білу деңгейі туралы HSK-4 сертификат болуға тиіс. Одан өзге университетішілік және басқа да іс-шараларға, халықаралық конференцияларға белсенді қатысып, Қытайдағы өмірің жайлы мақала жарық көруге тиіс. Біздің университет Шэньси провинциясына қарасты Жэнба және Хэян ауылдық округтеріне кедейлікпен күресу және ауылдарды жандандыру мақсатында көмек береді. Университет студенттері осы ауылдарда алты ай мен бір жыл көлемінде тұрып, сол ауылдың дамуына үлес қосып, жұмыс істейді. Мен де 2020 жылдың маусым айында сол жобамен өз мамандығым бойынша ауыл шаруашылығының селекция саласы бойынша біліміммен бөлісіп, сондай-ақ мектеп оқушыларына ағылшын тілін үйреттім. Ауыл тұрғындары бұрын-соңды шетелдіктерді көрмеген екен. Сондықтан олар басында менен қысылып жүрді. Кейін қытай тілінде сөйлейтінімді білген соң әрі мамандығым да ауыл шаруашылығына қатысы бар екенін естігеннен кейін, тұрғындар менен мал өсіруге қатысты ғылыми деректерді сұрай бастады. Мен оларға ауылшаруашылығының фермерлер үшін кедейліктен арылу және бай болу үшін маңызды сала екенін айттым. Ол үшін түрлі аурулардың алдын алу және оған қарсы күрес шараларын жүргізу керек. Егер де төрт түлік инфекциялық ауруларға шалдығатын болса, ол экономикалық шығынға әкеледі. Мәселенің басты шешімі – ешкі қораларын, ас қоймаларын таза және құрғақ ұстап, үнемі тазалап отыруды, экологиялық санитарлық-менеджментті қажет ететінін түсіндірдім. Сондай-ақ дезинфекция жұмыстарын әртүрлі залалсыздандыру құралдарын қолдану арқылы жүргізуді үйреттім. Мен қатысқан кедейлікті жою жөніндегі іс-шаралар туралы көптеген бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде Синьхуа агенттігі (ред. - ҚХР үкіметінің ресми ақпарат агенттігі) хабарлады және атқарған жұмысым Синьхуа жаңалықтарының бірінші бетінде жарияланды. Синьхуа ақпарат агенттігінің шығарған VLOG-ын ел бойынша алпыс тоғыз бұқаралық ақпарат құралы қайта басып шығарды және видео 1,5 миллионнан астам қаралым жинады. Өзім осы саяхатым жайлы, ауыл тұрғындарының кедейлікпен күресуі жайлы мақала жаздым. Осылайша кандидатурам барлық талаптарға сай келді. Университет бойынша жеті шетелдік студент байқауға өтініш тапсырдық. Олардың арасынан екі білім алушы 2020 жылдың желтоқсан айында «Ең үздік шетелдік студент» жүлдесінің иегері атандық, - деп қуанышын бөлісті отандасымыз.

 

Жаннұр Нұрділдәқызы Қытайға алғаш келген кезінде пәкістандық жігіттің осы номинацияны алып жатқанын көріп, қызығушылық танытады. Туған елінің атын абыроймен алып жүрген алғыр қыз аталған мақсатқа жету үшін өзіне уәде берген.

 

- 2019 жылдың қаңтар айында пәкістандық студенттің осы жүлдені алып жатқанын көрдім. Зерттеп қарасам, бұрын-соңды ешқандай қазақстандық студент үздік атанбаған екен. Сол сәтте «екі жылдан кейін мен де осы жүлдені аламын, қазақстандық студент «Ең үздік шетелдік студент» атанды деп халқыма естіртемін» деген уәдені өзіме іштей бергенмін. Айтқанымдай, екі жылдан кейін уәдемді іс жүзінде орындадым. Бұл жеңісім менің ғана емес, қазағымның жеңісі деп білемін, - дейді Жаннұр Ниязбекова.

 

c7145d65-feab-4e3c-a1ee-fec0c2092c43.jpg

«Қытай Халық Республикасында білім жоғары бағаланады»

 

Қытайдың білім беру саласы жылдар бойы қалыптасқан тиімді жүйе. Білім беру саласындағы артықшылықтары, ұстаздардың білім алушылармен қарым-қатынасында өзіндік ерекшелік бар. Осы бағытта кейіпкеріміз көрген-білгендерімен бөлісуді жөн көрді.

 

- Қытайдың жоғарғы оқу орындары политехникалық және техникалық болып екіге бөлінеді. Бірінші орында Пекиннің Цинхуа, содан кейін Хэфей қаласындағы Қытай университеті алады. Қытай Халық Республикасында оқу деңгейі жоғары бағаланады. Білім ұлттық құндылықтар мен ұлттық мүдде арасындағы сайыста ең алғашқы қатарға шығады. Мектеп түлегі емтиханды қай жоғары оқу орнына барып тапсыратынын ондағы қорытынды емтиханнан жинаған балына байланысты таңдайды. Ал ол үшін жеті пән бойынша емтихан тапсыруы керек. Жоғары оқу орнында бір орынға жүз үміткерден келетіндіктен, екінің бірі оның грантына ие бола алмайды. Университетте бакалавр деңгейін төрт-бес жылда алады. Докторантураға тапсырушылардың жасы қырықтан аспауы керек. Профессор-оқытушылардың студентке және студенттің ұстазға деген құрметін ерекше атап өткім келеді. Оқуға түсер алдында біз өзіміздің зерттеу жоспарымызды жібереміз, соған қарай бізге жетекші тағайындалады. Мен Қытай еліне келгеннен кейін, жетекшім өз кабинетіне кездесуге шақырды. Біраз уайымдап, қымсынып барған болатынмын. Сөйтсем жетекшім өте ақкөңіл кісі екен, «Сен менің студентім емессің, қызымсың, менің жетекшілігімдегі студенттердің барлығы балаларым, сендер енді бір үйдің баласысыңдар» деп айтқанда жүрегім елжіреп кетті. Шынымен де үш жыл ішінде оған көз жеткіздім. Мұғалімнің алдында студенттер басын төмен ұстап сөйлеседі, жетекшім әр студенттің ойымен санасады, ешқашан «сенікі дұрыс емес» деп айтқан емес. Сонымен қатар студенттерді оқумен қатар, тұлға болып қалыптасуға тәрбиелейді. Жарыса кітап оқимыз, мақал-мәтел жаттаймыз. Жетекшімізбен бірге аптасына бір бадминтон, үстел теннисін ойнаймыз, айына бір жетекшілігіндегі отыз студентті бірге ас ішуге шақырады. Сондай-ақ арасында азық-түлік алып береді.

 

8BsS9Q61.jpg

«Ветеринария саласында мықты кадрлар дайындағым келеді»

 

Жаннұр Ниязбекова келесі жылы докторлық диссертациясын қорғайды. Ғылымға бет алған жас ғалымның әрбір еңбегі бағалауға тұрарлық. Сондай-ақ университет қабырғасында сабақ берген жас та болса, тәжірибелі маманның алдағы уақытта еліміздің ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосатыны әрі өзі секілді білімді шәкірттер даярлайтыны анық. Жас ғалымның зерттеу жобасы ешкі сүтінің құрамын зерттеумен тікелей байланысты екен.

 

- Ғылыми жұмысымның тақырыбы «Ешкі сүті құрамындағы микрорганизмдердің популяциясы және оның ішек микрофлорасына әсері» деп аталады. Қазіргі таңда зерттеуімнің бірінші бөлімі – ешкі сүтінің құрамындағы, соның ішінде лактация кезіндегі микроорганизмдердің әртүрлілігін зерттеп болып, швейцариялық IF 2.323 «Animals» журналында “Compositional and functional comparisons of the microbiota in the colostrum and mature milk of dairy goats” («Ешкі сүті мен уызының құрамындағы микроорганизмдер композициясын және функциясын салыстырмалы зерттеу») тақырыбында мақалам жарияланды. Енді екінші бөлімді пандемия салдарынан былтыр жаза алмай, биыл жалғастырып жатырмын. Реті келсе, оның да нәтижесін бөлісетін боламын, - деп атап өтті докторант.

 

Бір қуантарлығы, біздің бүгінгі кейіпкеріміз бір сұхбатында «оқу бітіргеннен кейін елге келіп жұмыс істеймін» дегенді айтыпты. Шетелге кетіп, ол жақтағы жайлы өмір жанына жаққан кейбір студенттер өз еліне оралуды ойламайтыны өкінішті дүние. Алайда бес саусақ бірдей емес. «Отан маған не береді деп емес, мен Отаныма не беремін» деген ұстаныммен өмір сүретін Жаннұр елге қызмет етуді басты міндеті санайды.

 

- Отан біздікі. Елге қайтып, еліміздің дамуына қызмет етуіміз керек, біз болмасақ елімізге кім қызмет етпек?! Жалпы жоспарым көп, елге қайтқанда көп іс тындырғым келеді. Солардың бірі – ветеринария саласында мықты кадрлар дайындау. Бізде елде ветеринария саласында білікті мамандар аз, оқу бітіргеннен кейін көбі ауылға жұмысқа барғысы келмейді, біразы дипломды қолға алған соң, қалада қалудың қамын жасайды. Басқа жұмыстармен алданады. Осы мәселенің шешімін табуға үлес қосқым келеді, - деген ойда жас ғалым.

 

Жаннұр Ниязбекованың Сыр елінің тумасы екенін сөз басында айтқанбыз. Қазір Сыр елінде шаруашылықты әртараптындыру жұмысын қолға алып, соның негізінде экономикалық динамиканы көтеруге күш салу керек екені белгілі. Мұны жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан еді. Мұнай қорының кеми бастауы, Сырдария өзені суының азаюы халықтың көңіліне күдік ұялатып жатыр. Осы ретте кейіпкеріміздің де өз айтары бар.

 

- Қызылорда облысында басты дақыл күріш болып есептеледі. Ол суды көп қажет ететін және суда тұрып өсіп жетілетін дақыл. Осыған орай әртараптандыру бағытында мал азықтық дақылдардың көлемін көбейту керек. Мысалы, жоңышқа суды үнемдеуге тиімді әсер етіп, екіншіден, топырақтың құнарын арттырады, сонымен қатар төрт түлікке сапалы азық ретінде пайдаланылып, мал шаруашылығы өнімдерінің сапалық қасиетін көбейтеді. Сондай-ақ осы орайда жүгеріні де айтқым келеді. Соңғы кезде елімізде жүгеріні мал азығы рационынан аз кездестіріп жатамыз. Жүгері малдарды бордақылауға нағыз керек азық. Өйткені ол суды да көп қажет етпейді. Ал үнемделген су құрғап бара жатқан Арал теңізінің суын молайтуға әсерін тигізетін еді, - дейді Жаннұр Ниязбекова.

 

c3c2465d-87a5-43f1-9aaf-cf6b34d2c075.jpg

«Бәрімізге берілген мүмкіндік бірдей, дұрыс пайдалану өз қолымызда»

 

Білім мен мәдениетте шекара болмайды. Қазір жастар мүмкіндікті кеңінен пайдаланып, шетелде оқығанды қалайды. Биікке ұмтылған бүгінгі буынға Жаннұр Нұрділдәқызының беретін кеңесі де бар.

 

- «Білім – инемен құдық қазғандай» дегендей, білім ол шыдамдылықты, табандылықты, еңбекқорлықты талап етеді. Жалқау адамнан ешқандай нәтиже күтудің қажеті жоқ. Барлығымызға мүмкіндікті теңдей берді, оны пайлалану өзіміздің қолымызда. Мен де қарапайым отбасынан шыққан, орта мектепте оқыған қызбын. Қазір адамдар тек әдемі картинаны ғана көреді, оған дейінгі қаншама тер төгілгенін, 24 сағаттың үш-төрт сағатын ғана ұйықтап, қалған уақытта оқумен, еңбекпен өткен кезді ешкім көрмейді. Сыртта жүргенде сені «көкем» деп маңдайыңнан сипайтын ешкім болмайды, ауырсаң жылы сорпа дайындатын қасыңда анаң да жоқ. Ауырдым деп еркелеп жата да алмайсың, атып тұрып жұмысыңа кірісіп кетесің. Істемедің бе, ешкімге керек емессің, оқудан шығарып жібереді. Қаншама таныстарым жалқаулықтың құрбаны болып, оқудан шығып кетті. Бұрын мал-мүлік жинаған болсақ, қазір білімге инвестиция құю керек. Мал-мүлік бүгін бар, ертең жоқ. Ал білім, ол – мәңгілік өзіңмен бірге жүрер азығың, - дейді Жаннұр Нұрділдәқызы.

 

32392f19-e614-4fd0-97a7-34eb35d1fe45.jpg

Жаннұрдың анасы Маржан Еркебайқызы Серікбаева мектептегі үздік мұғалімдердің бірі болып қызмет атқарған. Өмірдің қатал заңы болар, кейіпкеріміз үшінші сыныпта оқып жүргенде анасы ауыр науқастан қайтыс болған. Сол күннен бастап әжесінің қолында қалып, нағашыларының тәрбиесін алған. Бойындағы қазақи тәрбие мен ибалылық нағашы әжесінен дарыған. Әкесі Нұрділда Байділдаұлы Ниязбеков қазіргі таңда Қызылорда облыстық ауыл шаруашылық басқармасы, мал шаруашылығын дамыту бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарады. Жаннұр жаңа нәрсемен айналысқанды және жаңа нәрсені үйренгенді жақсы көреді екен. Білім алумен қатар, бос уақытында тоқымамен де айналысады. Бұл хоббиі оның шаршағанын басатын көрінеді. Қытайға барғаннан кейін үстел теннисіне деген құштарлығы оянған. Былтыр желтоқсан айында аталған спорт түрінен өткен Шэньси провинциясы жоғарғы оқу орындары бойынша жарысқа қатысып, үшінші орын алған. «Талантты адам барлық жағынан талантты болады» дегендей, Жаннұр Ниязбекованың түрлі саладағы икемділігін көрсететін жұлдызды шақтары әлі де алда деп сенеміз.

 

(Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға