Жаңалықтар

Жанқош Тұраров, боксшы: Лақап ат іздеп жатырмын

Кәсіпқой бокстың тағы бір жұлдызы!
Жанқош Тұраров, боксшы: Лақап ат іздеп жатырмын
23.06.2017 09:08 9485

Қазақстандық 26 жастағы кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров өткен айда ғана өзінің 21-ші жеңісіне сүйінші сұрады. Ол WBA тұжырымы бойынша әлемдік рейтингте өзінің жағдайын жақсартып келеді. Боксшының Қазақстанға келуін күтіп, арнайы сұхбат алған едік.

Жанқош – 1990 жылы 20 қарашада Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген.

 – Бала кезімнен спорт десе ішкен асымды жерге қоятынмын. Теледидардан қандай да бір спорттық бағдарлама жүріп жатса, біткенше тапжылмай көріп отыратын едім. Сол секілді аулада, ауылда төбелестер болып жатса, ортасында мен жүретінмін. Ешқашан тайсалмай, ешкімнен қорықпай жекпе-жекке батыл шығатын кездерім көп болды. Осылай 2004 жылы бокс залына келдім.

Кей баспасөз беттерінде спортшының әуесқой бокста жолы болмағанын жазады. Бұл жайында былғары қолғап шебері:

 – Жолым болмады деп айтуға келмес, әуесқой бокста бар болғаны 2-3 жыл ғана жүрдім. 14-17 жас аралығында халықаралық бірлі-екілі турнирлерде топ жардым. Ағаларыммен аққылдаса келе, 18-ге толғанымда кәсіпқой боксқа бет бұрдым, – дейді.

 – Кәсіпқой рингтегі алғашқы жеңісім – Алматы қаласында өткен кездесуден басталады. Қырғыз боксшысын 2 раундта-ақ нокаутқа түсірдім, – деп, Жанқош ринтегі «беташар» жеңісін еске алды.

Осылай спортшы 2010 жылы мұхит асып, АҚШ-та біршама уақыт жаттығып келеді, сол елде мұның мүмкіншіліктерін байқаған американдық бапкерлер 2013 жылы арнайы шақыртты.

«АҚШ-та жаттығуыңыздың сыры неде? Бізде бокспен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндіктер жоқ па?» деген сұрағымызға:

 – Ол жақта кәсіпқой бокс дамып кеткен, жаттығулардың өте көп түрі бар. Американы көпшілік «бокстың Меккесі» деп те атап жатады. Онда жүріп бокстасатын қарсылас табу да оп-оңай, – деп жауап қатты.

Спортшы кәсіпқой бокста үлкен жетістіктерге жету үшін тыңғылықты дайындық керектігін, бапкерді дұрыс таңдай білудің де маңызы жоғарылығын, кәсіпқой бокс егжей-тегжейі көп спорт түрі екенін айтады.

 – Сондай-ақ, бұл спортта салмақ қуу да біршама рөл атқарады. Тіптен, 8-10 келіге дейін салмақ тастауға тура келеді. Менің өзім кейде 12-13 келі «қуалаймын». Оның да өзіндік сабақтары бар,  дұрыс тамақтану, жаттығулар деген секілді.

Өткен жылы Жанқош шаңырақ көтеріп, сәуір айында әке атанды. Сондай-ақ, ол күзде, ЭКСПО аясында өз жанкүйерлері алдында жұдырықтасатынын жеткізді.

 – ЭКСПО аясында 9 қыркүйек күні шаршы алаңға шығамын, қарсыласым әзірге белгісіз. Алдағы уақытта анықтала жатыр.

Әңгіме барысында, сппортшыдан көпті қызықтыратын бірнеше сұрақтарға да жауап алдық. Ол кездесу алдында көптеген спортшылар секілді ырым жасамайтынын айтады. Тек екі рәкәт намазын оқып, Алладан қайырлы жеңіс тілеп, өзіне сеніп рингке көтеріледі екен.

 – Қарсыластарымды алдын ала зерттеп, бақылаған ұнамайды. Олардың әрі кетсе бір кездесуін қараймын да қоямын. Рингте әр боксшы өзінің жұмысын жасайды. Егер мықты спортшы болса, оның қай жағы мықты, қай тұсы әлсіз деп зерттеуге тура келетін кездер келе жатар. Сонда да, кіммен бокстассам да соншалық зерттемейтін шығармын.

Барлық боксшылардың лақап аттары бар екенін ескеріп, Жанқошта неге әлі күнге дейін ондай есім ойлап таппағанын білгіміз келді.

 – Лақап атты енді ғана қолға алып жатырмын. «Шыңғыс хан» деп те атап жүргендер көп, ел аузында қандай атпен таралсам мүмкін соны қоятын шығармын. Әлі нақты емес. Десек те, болашақтың жоспарында тұрған мәселе бұл.

Қазірде боксшы Тұраров Нелсьон Лопес проумотерлік компанияда Қанат Ислам екеуі дайындалып жатыр. Жартылай орта салмақтағы үздік қарсылас деп Кит Турман, Дэнни Гарсия, Шон Портер деген сияқты мықты боксшыларды санайтын Жанқош:

 – Осы аталғандармен жұдырықтасқым келеді. Алла қаласа,  бұл кездесуді де көре жатарсыздар. Әзірге WBA Fedecaribe және NBA тұжырымы бойынша Әлем чемпионымын, бұдан жоғарырақ тұжырымдар бойынша сынға түсу жоспарда бар. Мақсатым – бокстағы маңызды төрт тұжырымда топ жару, – дейді.

Ал біз, сөз соңында: «Жеңісті жолыңды жалғастыра бер, Жанқош!» демекпіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға